Барлық мектеп кеңсе тауарларын беруі тиіс пе?
Барлық мектеп кеңсе тауарларын беруі тиіс пе?
2,607
оқылды
Түркістандық ұстаз Мырзағали Меңдібаев әлеуметтік желідегі парақшасында әріптестеріне сауал тастады. "Еліміздің кейбір өңірлеріндегі мұғалімдер мектеп әкімшілігі кеңсе тауарларын үлестіріп жатыр деп сүйіншілеп жатқанын көзіміз шалып қалды. Кейбір мұғалімдер берген нәрселеріне көңілдері толмай жатқанын да көріп отырмыз. Тіпті, кейбір мектептер 1-2 жылдан бері кеңсе тауарларын беретінін айтып жатыр", – деді ол. Педагог бірнеше жылдан бері мұғалім болып жұмыс істеп келеді, алайда кеңсе тауарлары дегенді осы кезге дейін алып көрмеген.
"Бұл барлық мұғалімдерге бірдей берілетін дүние болса неге тегіс берілмейді? Әлде беру-бермеу жергілікті әкімдіктің өз құзыретінде ме? Жалпы, кеңсе тауарларына қаражат бөліне ме? Бөлінсе қайдан бөлінеді? Жергілікті әкімдік пе? Әлде Оқу-ағарту министрлігі ме? Немесе айлығы шайлығына әрең жетіп отырған мұғалім кеңсе тауарлары мен көрнекі құралдарды өз қалтасынан сатып алуға міндетті ме?" –  деп жазды мұғалім.
Кейбір мектептерде оқушылар отыратын парталар мен орындықтардың да тозығы жеткен. Барлығы емес, әрине кейбір сынып бөлмелеріндегі тақталар талапқа сай емес.
"Интербелсенді тақталардың да жағдайы көңіл көншітпейді. Тақталардың баптауларын мамандарға көрсету керек. Әйтпесе олар тек қана бейнені кері шағылыстыратын экранның рөлін атқарып тұр. Оларды да жаңалау кезек күттірмейтін мәселеге айналып отыр. Осындай мәселелерге жауап беретін құзырлы мекемелер мен жауапты тұлғалар не айтар екен?" –  деді Мырзағали.