Түркияның ең ірі мегаполисінде «Жаңа кезеңдегі Қазақстан: Қазақстан достарының эксперттік кездесуі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Қазақстан Республикасының Ыстамбұлдағы Бас консулдығы және Бахчешехир университетінің ұйымдастыруымен өткен жиынға Түркияның белгілі ғалымдары, интеллектуалдары мен сарапшылары қатысты.
Қатысушылардың арасында Малтепе университеті халықаралық қатынастар факультетінің профессоры Хасан Үнал, Дипломатиялық қатынастар және саяси зерттеулер орталығының (DIPAM) басшысы Толга Сакман, Таяу Шығыс зерттеу платформасының (ODAP) басшысы Әли Семин, Мимар Синан университетінің профессоры Әбдіуахап Қара, Ислам тарихы, өнері мен мәдениеті ғылыми-зерттеу орталығының (IRCICA) зерттеушісі Әшірбек Мүминов, Мармара университеті коммуникациялар факультетінің профессоры Гирай Бозкурт, Ыстамбұл университетінің доценті Өмер Кул, Бахчешехир университетінің профессоры Нилүфер Нарлы, Түрік Азия зерттеу орталығының (TASAM) сарапшысы Онат Мендил, Ыстамбұл Кент университеті халықаралық қатынастар факультетінің профессоры Хасрет Чомак, «Өнже Ватан» газетінің жаңалықтар директоры Кемал Саллы, «Кызыл Елма» зерттеу орталығының басшысы Мехмет Түркер және т.б. сияқты саясаттану, халықаралық қатынастар, тарих саласының белді мамандары болды.
Эксперттік кездесуде Қазақстанның Бас консулы Әлім Байел жиналғандарға елімізде орын алып жатқан түбегейлі өзгерістер туралы ақпарат берді. Атап айтқанда, қазақстандық дипломат Конституцияға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар және Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауына тоқталып өтті. Сондай-ақ, Ә. Байел сарапшыларға қазақ-түрік қарым-қатынастары, Түркі әлеміндегі ынтымақтастық және Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясаты жайлы айтып берді.
Жиынға қатысушылар аталған тақырыптар төңірегінде өз ойларымен бөлісті. Олар кісі басына шаққандағы ұлттық табысы 12 мың долларға жақындаған және БҰҰ Адами даму индексіне сәйкес жоғары дамыған ел саналатын Қазақстанның болашағына сеніммен қарайтындарын жеткізді.
Мәселен, Таяу Шығыс зерттеу платформасының басшысы Әли Семин президенттік каденцияның 7 жылдық бір мерзіммен шектелуінің Қазақстанда демократиялық үдерістердің дамуына айтарлықтай үлес қосатынын пайымдады. Ол, сондай-ақ, елдеріміз арасындағы қоғамдық дипломатияны күшейту қажеттігін айтты.
Малтепе университеті халықаралық қатынастар факультетінің профессоры Хасан Үнал дипломатиялық тәжірибесі мол Президент Қ. Тоқаевтың прагматикалық сыртқы саясатының тиімділігіне назар аудара отырып, Қазақстанның халықаралық аренада шеберлікпен теңгерімді қатынастар дамытып отырғанының атап айтты. Сонымен қатар, профессор түркі ынтымақтастығында маңызды қадамдардың жасалғанын, бұл үдерісті қазіргі жағдайда одан әрі ілгерілету керектігін мәлімдеді.
Ыстанбұл университетінің доценті Өмер Кул Президент жолдауында көтерілген Ұлттық қор табысының бір бөлігін балалардың жеке есептеріне аудару мәселесінің маңыздылығына тоқталып, мұның Түркияға үлгі боларлық қадам екенін айтты.
Сондай-ақ, сарапшылар Рим папасы Франциск пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің бір уақытта Қазақстанға келуінің еліміздің жаһандық аренадағы орнының жарқын айғағы екендігіне назар аударды. Жалпы, қатысушылар Қазақстандағы реформа үдерісіне оң бағаларын беріп, еліміздің дамуы мен қазақ-түрік достығының болашағына үлкен сеніммен қарайтындарын білдірді.