Алып қаржы институттарының жетекшілерімен жылы жүздесу
Алып қаржы институттарының жетекшілерімен жылы жүздесу
409
оқылды
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас ассам­блеясының 77-сессиясына қатысу үшін Америкаға жұмыс сапа­рымен барды. Бүгін, 20 қыркүйекте Қазақстан көшбасшысы БҰҰ Бас ассамблеясының Жалпы дебатында сөз сөйлейді. Бұдан бөлек, Қ.Тоқаев БҰҰ Бас хатшысымен, Еуропалық Одақ басшылығымен және бірқатар мемлекет басшысымен олардың өтініші бойынша кездеседі деп жоспарланып отыр. Әлемдік қаржылық астана саналатын Нью-Йорк қаласында Қазақстан Прези­денті жаһандық қаржы институттарының жетекшілерімен кездесті. Мемлекет бас­шысы алдымен Citi, Goldman Sachs, NASDAQ, Auerbach Grayson&Company LLP, Franklin Templeton, Brightlight Capital, AllianceBernstein, Jefferies Financial Group, Luxor Capital Group, Paine Schwartz Partners LLC, New Silk Road Forum, Robotti&Company Advisors, TPG Capital, Grupo Los Grobo сияқты дүниежүзілік дәрежедегі алып қаржы институттарының жетекші­лерімен жүздесті. Қасым-Жомарт Тоқаев америкалық қаржыгерлерге еліміздегі ауқымды саяси және экономикалық реформалар, жаң­ғыру­лар туралы мәлімет берді. Мем­лекет басшысы қаржы-экономика секторына ықпалы тұрғысынан бұл маңызды өз­ге­рістердің мәні зор екенін айтты.
– Бизнес пен қаржы институттары үшін бұл нені білдіреді? Бұл – нарыққа шығу жолын кеңейту мен ашықтықты қамта­масыз ету. Жалпы, жеке сектор мен халық­аралық серіктестер үшін жаңа мүмкіндіктер ашу дегенді білдіреді, – деді Президент.
Кездесуде ол экономиканың маңызды секторларында бірлескен инвести­циялық жобаларды жүзеге асырудағы Қазақстан­ның мүмкіндіктерін тілге тиек етті. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қо­ры­мен ынтымақтастықтың перспекти­валарына тоқталды. Президент қордың активтерін жекешелендіруге байланысты жаңа мүмкіндіктер ашылатынына екпін түсірді. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев энергетика, жасыл экономика, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы салала­рын­дағы еліміздің зор әлеуетіне, сондай-ақ «Астана» халықаралық қаржы орталы­ғында жасалған қолайлы жағдайға назар аудартты. Тоқаев Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Үкіметі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда америкалық іскер топтарға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді. Қасым-Жомарт Кемелұлының америкалық ірі компаниялар басшыларымен кездесулерінің сериясы әлемдегі ең ірі инвестициялық банктердің бірі Goldman Sachs-тің мұнай және шикізат саудасы жөніндегі жаһандық басқарушы директоры Эд Эмерсонмен әңгімелесуден басталды. Жүздесушілер Қазақстанда жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мә­селелерін талқылады. Қазір бұл банк «Аста­на» халықаралық қаржы орталығы­мен табысты ынтымақтастық орнатқан. Сондай-ақ энергетика саласын дамытудың келешегі жөнінде де пікір алмасты. Мемлекет басшысы Grupo Los Grobo компаниясының төрағасы Густаво Гробокопателмен және Халықаралық даму орталығы өсім зертханасының директоры, Гарвард университетінің профессоры Рикардо Хаусманмен әңгімелесті. Тараптар ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады. Grupo Los Grobo – жылдық табысы 1 миллиард доллардан асатын Латын Америкасындағы астық және соя өндіретін ірі компания. Ал JPMorgan Chase&Co. компаниясының төрағасы–бас атқарушы директоры Джейми Даймонмен өткен жүздесуде қаржы институттарының өзара іс-әрекеті қарастырылды. Сондай-ақ әлемдік экономиканың, оның ішінде қаржы нарықтарының даму перспективалары туралы пікір алмасты. Ян Бреммер Осыдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев танымал америкалық сарапшы, Eurasia Group зерттеу және консалтинг компаниясының негізін қалаушы, президенті Ян Бреммермен кездесу өткізді. Онда қазіргі заманның өзекті мәселелері мен үрдістері талқыланды. Президенттің америкалық іскер топтармен екіжақты кездесулері әлемдегі ең ірі S&P Global қаржылық-талдау компаниясының вице-президенті Дэниэл Ергинмен кездесумен жалғасты. Оның барысында энергетикалық қауіпсіздік саласының өзекті мәселелері мен еліміздің жа­һан­дық бәсекеге қабілеттілігін арттыру шаралары қарастырылды. Қ.Тоқаев Аустралияның бұрынғы Премьері, Asia Society талдау орталығының президенті Кевин Раддпен кездесті. Әңгімелесу барысында қазіргі заманның өзекті сын-қатерлері мен үрдістері, оның ішінде жаһандық саясат пен экономика мәселелері талқыланды. Мемлекет басшысы Нью-Йорк қаласында шетелде тұратын әрі әлемнің жетекші технологиялық компанияларында жұмыс істеп жатқан 400 қазақстандықты біріктіретін Digital Nomads IT қоғамдастығының өкілдерімен кездесті. Бейресми жағдайда өткен кездесуде Қазақ­станда ІТ саласын дамыту перспективалары мен қазіргі әлемдік үрдістер талқыланды.Қасым-Жомарт Кемелұлы кездесуде Әділетті Қазақстан дарынды жастарға жаңа мүмкіндіктер ашатынын хабарлады. Сонымен қатар кездесуде Taskrabbit.com компаниясының стратегия және даму жөніндегі жетекшісі Әсет Әбдуәлиев, DCVC компаниясының венчурлық инвесторы әрі директоры Анна Фокина, Google компаниясының инженер-программисі Арай Сабыржан, Booking.com компания­сы­ның менеджер-программисі Әлібек Датбаев сөз сөйледі. Олар Президентке шетелдік компаниялардағы жұмыстарынан алған әсерін айтып, отандық ІТ саласын одан әрі дамыту және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру жөнінде бірқатар ұсыныс білдірді. Кездесу соңында Қ.Тоқаев Digital Nomads өкілдеріне табыс тілеп, олар еліміздің дамуы мен өркендеуіне елеулі үлес қосарына сенім білдірді. Жұмыс сапары аясында Нью-Йоркте Қасым-Жомарт Тоқаев Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі жаһандық саммитке де қатысады. жүздесу Сондай-ақ Президент ЕРАМ systems компаниясының негізін қалаушы және директорлар кеңесінің төрағасы Аркадий Добкинмен кездесті. Кездесу барысында Қазақстанда толыққанды технологиялық хаб құру және IT саласында адами капиталды дамыту мәселелері әңгіме арқауына айналды. ЕРАМ systems – бағдарламалық қамтамасыз ету және күрделі цифрлық платформаларды әзірлеу қызметін көрсететін әлемдік жетекші компания. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Coursera компаниясының бас директоры Джефф Маджионкалда білім беру саласын дамыту, мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру, университеттерге академиялық қолдау көрсету мәселелерін талқылады. Coursera – білім беру және заманауи өмірлік дағдыларды оқыту саласындағы көшбасшы компаниялардың бірі.