«Көне Таразды» жаңа әкім бүтіндей ме?
«Көне Таразды» жаңа әкім бүтіндей ме?
676
оқылды
Бүгінде тарихи Таразды туристік шаһарға айналдыру бағытында көп жұмыс жасалып-ақ жатыр. Әсіресе, «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінің алар орны ерек. Алайда үш жыл өтпей жатып аталған кешеннің бүтінінен бүлінген жері көп болып тұр. Сондай-ақ қараусыз қалған кешен аумағы қаңғыбастар мен маскүнемдердің жиналатын орнына айналғандай. Ең әуелі тарихи-этномәдени кешеніндегі алыстан менмұндалайтын «Сағат» стелласына келер болсақ, сағат тілінің соқпай қалғанына екі жылдан асты. Қаланың «Биг-Беніне» баланып, шаһардың брендіне айналған сағат әу баста істегенімен қазір «үні» шықпайды. Мамандар арагідік сағаттың тілін жүргізуге тырысқанымен күн өтпей жатып қайта бастапқы күйіне түседі. Оған қоса, сағатты безендірген тастары құлап, бүгінде мамандар оны жасанды жапсырмамен жамап қойды. Бұл мәселені кезінде облыстың сол кездегі әкімі Бердібек Сапарбаев та, қаланың экс-әкімі Ержан Жылқыбаев та шеше алмаған. Себебі сағатқа қажетті тастарды сырттан келеді. Ал сағаттың жұмыс істеу механизмін шетелдік мамандар ғана білетіндіктен жергілікті билік оны реттеуге қаржы таппады. Осылайша, жарнамасын жар салып сүйіншілеген «Сағат» стелласы бүгінде құр мүсін күйі тұр. Тарихи кешеннің аумағына төселген тастардың да ойылып түсіп кеткен тұсы көп. Асты дұрыс тегістелмегендіктен қазір тас төсенділер толқын болып жатыр. Үстімен жүрсең төсеніштері босап, былқылдап тұр. Бұған да көңіл бөліп, кемшілікті түзетуді ойлап жатқан ешкім жоқ. Егер бұлай кете беретін болса, ертең төсенділердің бәрі қирап түкке жарамсыз болып қалмақ. Ал бұл дегеніңіз – қыруар қаржының желге ұшқаны. Кешендегі сәулеттік нысандардың да жағдайы мүшкіл. Кезінде ғимараттарға орналастырылған мекеме мамандары үш қыс бойы бүрсең қағып келеді. Оған себеп күн көзінен қуат алып, нысандарды жылытады деген қондырғылар ашылғаннан бері бір күн де жұмыс істемеген. Нәтижесінде, қызметкерлер қыс айларында суықтан азынаған бөлмелерде күнелтіп жүр. Құзырлы органдар тарапынан бақылау болмағандықтан кешен аумағына маскүнемдер қаптап кеткен. Қала тұрғындары мен қонақтары тынығады деген орын бүгінде қаңғыбастардың «ордасына» айналған. Одан бөлек кешен аумағында қоғамдық дәретхана болмағаннан кейін көзден таса жерге қажетін өтеп кететіндердің әрекетіне тыйым болмай тұр. [caption id="attachment_218448" align="aligncenter" width="1473"]Тараз © коллаж: Еркебұлан Дүйсеболатов[/caption] Кешен аумағындағы «Көне Тараз» мұражайы да құлаудың аз алдында тұр. Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы қарсаңында ашылған нысанның жағдайы содан бері оңалмады. Облысқа жаңадан келген әкімнің қай-қайсысы да нысанды бір көріп кеткені болмаса, ғимараттың құрылысына қатысты нақты шешім қабылдай алмай келеді. Қазір ел арасында «бұрынғы әкімнің «мұрасындай» болған мұражайды кейінгі әкімдер бәрібір жөндемейді» деген сөз ашық айтылып жүр. Ал Тараз қаласының жаңа әкімі Бақытжан Орынбеков талай жылдан бері шешімі табылмай келе жатқан түйткілдердің түйінін тарқату қиын еместігін айтады.
– «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешеніндегі нысандардың жылу мәселесін шешу қиын емес. Күні кеше сәулеттік ғимараттардың төбесіне шығып көрдім. Күннен қуат алатын қондырғылар тұр. Мамандарға аталған қондырғыларды іске қосуды тапсырдым. Сондықтан жылыту қондыр- ғылары істемейді деп бірден байлам жасауға болмайды. Тек оны дұрыстап іске қосу керек. Дәретхана мәселесіне келер болсақ, мұнда да қиындық көріп тұрған жоқпын. Қоғамдық дәретхананы орнатып, тәртіпсіздікті құзырлы мамандарға қадағалауды мықтап тапсырамын, – деді қала әкімі.
Әрине, Бақытжан Әмірбекұлы айтқандай, бәрі оңай шешіліп кетсе қанеки? Алайда мұндай сырғытпа жауапқа бүгінде жұртшылықтың еті үйренген. Бұған дейін облыстың экс-әкімі Бердібек Сапарбаев та БАҚ өкілдерімен кездесуде осы мәселелердің бақылауында тұрғанын айтып, кешендегі нысандарды қыстан қалдырмай жылуға қосатындығына уәде еткен. Алайда айтылған сөз айтылған жерінде қалды. Мұнан бөлек, шаһар басшысы Бақытжан Орынбеков қала келбетіне қатысты ауқымды жобалар қолға алынатындығын айтты. Алайда бірер ай бұрын бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездескен облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Тараз қаласының көркейтуге қатысты бірде-бір жоба жанданбайтынын ашық айтқан. Аймақ басшысы оның орнына халықтың күнделікті мәселесіне көңіл бөлетіндігін мәлімдеген. Қызығы, қалаға кейіннен әкім болып келген Орынбеков облыс әкімінің бұл ұстанымынан хабарсыз болса керек.

Жамбыл облысы