Ақтөбеде белгісіз біреу мектептерде жарылғыш зат бар деген хабарламаны полицияға жіберген. Полиция төрт білім ордасының оқушыларын эвакуациялады.
Бүгін Ақтөбе облыстық полиция департаментіне Назарбаев зияткерлік мектебі, № 2, 14 және 31 орта мектептерінде жарылғыш зат бар деген хабарлама түсті.
Оқиға орнына шұғыл қызметтер мен саперлер тобы барды. Ғимаратта жарылғыш құрылғылардың бар-жоғына тексеру ұйымдастырылды.
Тексеру нәтижесінде жарылғыш зат табылған жоқ.
«Полиция департаменті анонимді хабарламаның авторын анықтау және күдіктіні ұстау үшін жедел шараны қолға алды. Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің «Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Ақтөбе облысының Полиция департаменті терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау қылмыстық құқық бұзушылық болып табылатынын және ҚР ҚК 273-бабында көзделген қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатынын еске салады», - деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.