Жаһандық қауіпсіздіктің жаңа парадигмасы қажет
Жаһандық қауіпсіздіктің жаңа парадигмасы қажет
724
оқылды
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас ассамблеясының 77-сессиясының жалпы дебатының ашылуына қатысып, сөз сөйледі. Бұл оның Нью-Йоркке сапарының басты оқиғасы болды. Төрткүл дүниенің әр тарабынан жиылған тәуелсіз мемлекеттердің басшылары адамзат үшін аса маңызды кезеңде бас қосып отыр. Қазақстан көшбасшысы айқындағандай, әлем геосаяси қайшылықтар күшейіп келе жатқан жаңа кезеңге қадам басты. Алда тіпті жаңа әлемдік тәртіп орнауы мүмкін. Ал әзір тәртіп пен жауап­кер­шілікке негізделген әрі бұ­рын қалыптасқан халықаралық жүйенің орнын хаос пен бол­жа­уға келмейтін жағдай басып жа­тыр. Қ.Тоқаевтың тұжырым­дауын­ша, тежемелік және тепе-тең­діктің жаһандық жүйесі бей­бітшілік пен тұрақтылықты сақ­тап қала алмады. Қауіпсіздік ар­хитектурасы келмеске кетіп бара­ды. Әлемдік алпауыттар ара­сындағы өзара сенімсіздік бе­лең алды. Әлем жаңа әскери қақ­тығыс ошақтарының құрба­ны­на айналды. Жаһан жұртшы­лы­ғы екі ұрпақтан соң Дүние­жүзі­лік соғыс аяқталғалы бері ал­ғаш рет ядролық қарудың қол­данылу қаупімен бетпе-бет келді.
–Текетірестер жасанды ке­дергілер мен экономикалық оқ­­­­­шаулануға әкеледі. Эко­но­ми­калық, саяси санкциялар азық-түлік қауіпсіздігін қам­та­масыз ету тізбегін жойып, мил­лион­даған адамға, әсіресе қо­ғам­ның осал топтарына қауіп төн­діретін «жаңа нормаға» ай­нал­ды. Бұл қиын­шылықтар инфляцияға, жұ­мыс орында­рын жоғалтуға жә­не дамушы ел­дердің әлемдік эко­номика­ның құлдырауынан үрейленуіне қатысты сын-қатер­лерді тек күшейте түседі. Осы күйзелістер климаттың өзгеруіне қарсы күресу және орнықты дамуды қол­дау жөніндегі бәріміз келіс­кен жедел шаралардың жү­зеге асырылуына айтарлық-тай ке­дергі келтіреді, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Осыдан 77 жыл бұрын БҰҰ-ның негізін қалаушы мем­­ле­кет­тер ұйымның Жарғы­сына ха­лықаралық құқықтың қағи­дат­тары мен нормаларын енгіз­ді. Бұл ережелер осы уа­қыт ара­лы­ғында оның қыз­ме­тін тиім­ді реттеп келді. Қазақ­стан ли­дерінің байламынша, қазір осы әмбебап ұйымның негі­зін­де қалыптасқан іргелі қағи­дат­тар­ға қайта оралу аса маңызды.
– Атап айтқанда, біз мем­лекеттер егемендігінің теңдігі, мемлекеттердің территориялық тұтастығы, мемлекеттердің бей­біт қатар өмір сүруі секілді бас­тапқы үш қағидат арасын­да­ғы байланысты қайта зерде­леуіміз қажет. Бұл үш қағидат өзара бір-біріне тәуелді. Осы қа­ғидат­тардың бірін сақтау қал­ған екеуін ұстануды біл­діреді. Ал олар­дың бірін бұзу бас­­қа екеуін бұзған болып саналады. Дәс­түрлі және ядро­лық қару­сыз­дану­дың жаһандық жүйесі әлсіреген кезде үш қағи­датқа да қауіп төнеді. Керісін­ше, үш қағидаттың түгел сақ­талуы олар­­дың күшеюіне ық­пал етеді. Бұл қағидаттар бірге кеңейтілген мемлекетаралық ын­тымақ­тас­тықтың келесі үш деңгейіне не­гіз болады: су­б­өңір­лік, өңір­лік және жаһан­дық. Бұл адамзат үшін пайдалы, – деді Қ.Тоқаев.
Оның пікірінше, халықа­ралық қоғамдастық ынтымақ­тастық рухына негізделген БҰҰ-ны басшылыққа алып, ортақ құндылықтарды батыл қор­ғауға тиіс. Басқаша айт­қан­да, қол қусырып, әлемнің бөле-жарылуына, «полярлануына» көнуге болмайды. Көп нәрсеге тәуекел етуге тура келеді. Осы­ған байланысты Қазақстан инклюзивтілік, көпжақтылық және ізгі ниет жолында субъек­ті­лердің бәрімен ынтымақ­тас­тық орнатуға дайын. Яғни, қазақ елі әлем жұртшылығын бірлікке шақырып отыр.
– Біз тек күш жұмылдырып қана заманауи сын-қатерлерге төтеп бере аламыз. Ортақ мақ­сатымызға қол жеткізу үшін мынадай бағыттарда әре­кет етуге тиіспіз. Өткен жыл­дар­да­ғы көбіне өзара байла­нысты дағдарыстар жаһандық басқару­да айтарлықтай кем­ші­ліктер бар екенін көрсетті. Олар БҰҰ-ны жаң­ғырту және реформалау қажет екенін ай­қындап берді. БҰҰ алдағы сын-қатерлерге және туындайтын мүмкіндік­тер­ге дайын болуға тиіс. Осыған байланысты Қа­зақстан Бас хат­шының «Біздің ортақ мәсе­ле­міз» атты баянда­масында ай­тылған ұсыныс­тар­ды қол­дай­ды, – деді Мемлекет басшысы.
Тоқаев Бүгінде БҰҰ Жарғысының ережелерін бекітуге, көпжақ­тылыққа тың серпін беруге, қолданыстағы міндеттеме­лер­дің жүзеге асырылуын күшей­туге, жаңа сын-қатерлерге қа­тысты нақты шешімдерді ке­лі­су­ге және ұйымға мүше мем­лекет­тер­дің өзара сенімін қал­пына келтіруге зор мүмкіндік туып тұр. Осы мақсатта Қазақ­стан көшбасшысы келесі жылы БҰҰ-ға мүше мемлекеттер ми­­нистр­лерінің кездесуі ая­сында өтетін кон­сультация­ларды, сондай-ақ 2024 жыл­ғы Болашақ саммитін осы мақсатта игілікті қолдануға шақырды.
– Біз жаһандық сын-қатерлер мен дағ­дарыстарға қарсы қабылданатын қара­пайым іс-шаралардан оларды болдырмауға және сапалы болжауға, сондай-ақ сая­си бағыттарды стратегиялық жоспарлау және әзірлеу аясындағы бағалау әдіс­те­рімізді жұмылдыруға көшуіміз керек. Қазақстан 30 жыл бұрын дәл осы мақсатпен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шара­лары жөнінде кеңес (АӨСШК) құру­ды ұсынды. Жаңа сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлерге байланысты алдағы қазан айында араағайындық пен бітім­герлік­ке атсалысу мақсатында өтетін саммитте АӨСШК толыққанды халық­ара­лық ұйымға айналады деп үміттенеміз, – деп жариялады Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ол 2030 жылға дейін 8-ақ жыл қалғанын ескертті. Орнықты даму мақсаттары­на қол жеткізуге пандемия, «үш әлемдік дағдарыс» (климаттың өзгеруі, биоалуандылықтың жоғалуы, қоршаған ортаның ластануы), дүниенің әр бұрышындағы қақтығыс ошақтары кедергі келтірді. Кеш болмай тұрғанда бұрынғы даму соқпағына түсу керек. Қазақстан көшбасшысы Шығыс пен Батыс арасында ашық диалог жүргізуді, өзара сенім мен көпжақты ынтымақтас­тық қағидаттарына негізделген қауіп­сіз­­діктің жаңа жаһандық парадигмасын ор­натуды ұсынды. Қазіргі дағдарыс жағ­дайы мен геосаяси текетірестердің күшеюін ескере отырып, БҰҰ аясында халықаралық шиеленісті бәсеңдету, қақ­тығыс­тарды болдырмау жұмыстарын жүргізу қажет. Жаппай қырып-жою қаруларынан арылу қозғалысының бір лидері ретінде Қа­зақстанды «ядролық державалар арасында күшейіп келе жатқан бәсеке мен текетірес алаңдатады». Сондай-ақ біз Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың жалпы конференциясы аясында ілгерілеу жоқ екеніне алаңдаймыз. Осы орайда адамзат алдында қарусыздану және ядролық қаруды таратпау саласындағы жаңа тетіктерін әзірлеу жөнінде аса күр­делі міндет тұр. Сонымен қатар халықаралық ынтымақтастық үшін арнайы институт немесе орган құру бағытында еш шара қабылдамай, 50 жылдан бері биологиялық қару туралы Конвенцияның ережелерін ұстану жарамайды. Осыған орай Қ.Тоқаев бұған дейін ұсынған Биология­лық қауіпсіздік жөнінде халықаралық агенттік құру туралы бастамасын қайта қаперге салып, өзектілендірді. 77-сессия Ол климаттың өзгеру проблемасына да тоқталды. Ғаламшарымызды құтқару үшін бұрын-соңды болмаған көлемде инвестиция қажет. Бірақ климаттың өзгеруіне қарсы күрес даму немесе жаңғыру процесінің есебінен жүргізілмеуі керек. Сондықтан осы жылы өтетін COP27 климаттық конференциясында ұйымға мүше мемлекеттер, жаһандық бизнес-қоғамдастық климатқа қатысты қаржыландыру жөніндегі өз міндеттемелерін тағы да ұл­ғайта түсуі керек.
–Бұл мәселе азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы жаһандық дағдарыспен тікелей байланысты. Астық өндіруден әлемде жетінші орында тұрған менің елім – Орталық Азиядағы астық қоры ең мол мемлекет. Біз жаһандық азық-түлік тапшылығымен күресу үшін осы ауыл шаруашылығы әлеуетін пайдалануға дайынбыз. Қазақстан алдағы уақытта астық пен басқа әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің сенімді жеткізушісі болып қала береді. Сондай-ақ Қазақстанда орналасқан Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымымен, БҰҰ агенттіктерімен ынтымақтастықты нығайтуға ниеттіміз. Бұл тұрғыда азық-түлік пен тыңайтқыштарды барлық сан­к­циялар мен шектеулерден босату аса маңызды, – деді Қ.Тоқаев.
Қазіргі күрделі геосаяси жағдай сенімді әрі әртараптандырылған жаһандық транзиттік және көлік инфрақұрылымының маңызды екенін көрсетті. Бұл жағдай біздің өңірімізде де байқалады. Қазақстан – теңізге шығатын жолы жоқ ең ірі мемлекет және Азия мен Еуропа арасындағы маңызды құрлық дәлізіне ие. Транскаспий халықаралық көлік бағытына немесе «Орта дәлізге» тың серпін берілді. Мемлекет басшысы алдағы жылдары Қазақстан арқылы жүк тасымалының айтарлықтай арта түсетініне сенімді.
– Біз Каспий теңізінің бейбітшілік пен жаңа мүмкіндіктер теңізі ретіндегі позициясын қамтамасыз етуіміз керек. Алдағы айларда Қазақстан сауда және жеткізу тізбегінің істен шығуы салдарынан туындайтын энергияға және маңызды шикізатқа қолжетімділіктің шектелуін азайтуға көмектеседі, – деді ол.
Қазақстан көшбасшысы климаттың өзгеруі, Арал теңізі, су ресурстарын ұтымды пайдалану, шекараны делимитациялау, экстремизмге қарсы күрес және аймақішілік сауданы кеңейту мәселелерін қамтитын өңірлік күн тәртібіндегі мәселелерді шешу үшін Орталық Азиядағы әріптестерімен және барлық мүдделі тараппен бірлескен жұмыстарды жалғастырады. Алматыда БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаты жөніндегі аймақтық орталығы ашылатын болады. Қасым-Жомарт Кемелұлы жаһан жұртшылығына Қазақстанды жаңғырту бастамасымен таныстыра кетті.
– Қазақстан Президенті ретіндегі ұстанымым – әрбір азамат тең мүмкіндіктерге ие әрі құқығы қорғалған Әділетті Қазақстанды құру. Менің елімде әділдік салтанат құруы керек. Заң мен тәртіп қоғамымыздың негізі болады. Бұл жолдың ең маңызды бөлігі – трансформациялық саяси реформалар. Алдағы айларда Қазақстанда Президент және Парламент сайлауы өтеді. Президент өкілеттігін 7 жылдық бір мерзіммен шектеуді ұсындым. Бұл – Қазақстанда демократияны дамытудағы нағыз серпіліс. Біз қоғамның ең ауқатты бөлігін Әділетті Қазақстанды құруға, сондай-ақ экономиканы әртараптандыруға және адам капиталына инвестицияны арттыруға қатыстыру шараларын жасап жатырмыз, – деді Қ.Тоқаев.
Оның пайымдауынша, жан-жақты ұлттық қайта құру – оңай процесс емес, бұл жолда алдан қиындықтар кездеседі. Ол Қазақстан азаматтарының үмітін ақтау үшін осы стратегиялық жолдан айнымайтынын мәлімдеді. Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдік көшбасшылармен бірге қауіпсіз, орнықты және дамыған жаһандық қоғам құру жолында бар күш-жігерін аямайтынын қадап айтты. БҰҰ Бас Ассамблеясының 77-ші сессиясы аясында Қ.Тоқаев Еуропалық комиссия Президенті Урсула фон дер Ляйенмен екіжақты келіссөз жүргізді. Олар Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы Кеңейтілген стратегиялық әріптестікті дамыту перспективаларын талқылады. Мемлекет басшысы Аустрия Президенті Александр Ван дер Белленмен келіссөз жүргізді. Мемлекеттер басшылары саяси, сауда-экономикалық салалардағы Қазақстан-Аустрия ынтымақтастығын дамыту перспективаларын, халықаралық ұйымдар аясындағы өзара іс-әрекетін талқыға салды. Ал Халықаралық Қызыл Крест комитетінің Президенті Питер Маурермен жүздесуде ынтымақтастықты нығайту перспективалары қарастырылды. Сондай-ақ халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер, Ауғанстандағы гуманитарлық жағдай қаралды. Президент Дүниежүзілік экономикалық форумның негізін қалаушы әрі атқарушы директоры Клаус Швабты қабылдады. Қ.Тоқаев америкалық ірі компаниялардың басшыларымен бірқатар екіжақты кездесу өткізді. Ол Қазақстан – Америка инвестициялық дөң­ге­лек үстелінің жұмысына да қатысты.