5 жылдық мораторий аяқталған соң әйелдердің зейнет жасы қалай өзгереді?
5 жылдық мораторий аяқталған соң әйелдердің зейнет жасы қалай өзгереді?
Фото: azattyq-ruhy.kz
5,235
оқылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Қазақстан халқына Жолдауында әйелдердің зейнет жасын ұлғайтпау жөнінде 2028 жылға дейін мораторий жариялады. Ал сарапшылар әлем елдерінің басым көпшілігі зейнетке шығу жасын жылдан-жылға ұлғайтып жатқанын айтты. Осы ретте зейнет жасының ұлғаю себептері мен 5 жылдық мораторий аяқталған соң әйелдердің зейнет жасы қалай өзгеретінін анықтап көрдік. 2018 жылдан бері қазақстандық әйелдердің зейнет жасын 63 жасқа дейін кезең-кезеңімен арттыру жоспарланған болатын. Ал енді 2028 жылға дейін әйелдер зейнетке 61 жаста шығатын болады.   Әйелдердің зейнет жасын ұлғайтпау жөніндегі 5 жылдық мораторий Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Назгүл Сағындықова зейнет жасының ұлғаюы күтілетін өмір сүру ұзақтығына байланысты екенін айтты. Елімізде 2019 жылға дейін зейнеткерлердің орташа өмір сүру ұзақтығы 77 жас болған. Алайда 2020 жылғы пандемия салдарынан өмір сүру ұзақтығы 74 жасқа түскен. Биылғы әйелдердің зейнет жасына мораторий жариялауға негізгі себеп осы болған.
«Пандемия экономика мен қоғам өмірінің барлық саласына әсер етті. Әсіресе қарттар көп зардап шекті. Осы ретте халықтың сұранысын ескере отырып, 2028 жылға дейін әйелдердің зейнет жасын 61 жас мөлшерінде қалдыру туралы шешім қабылданды. Ал зейнетақы мөлшері азаймас үшін мемлекет зейнетақы мөлшерін арттыру бойынша қосымша шаралар қабылдайтын болады», – деп түсіндірді Назгүл Сағындықова.
Экономист Мақсат Халықтың пікірінше, дәл қазір әйедердің зейнет жасын 61 жастан төмен түсіру мүмкін емес.
«Әйел азаматтардың зейнет жасына қатысты жарияланған мораторий дұрыс шешім болды деп ойлаймын. Алайда бұл жасты бұдан артық төмендету қазіргі реалды жағдайда мүмкін емес. Өйткені қазір бізде жастар арасында жұмыссыздық көп. Ал экономикалық тұрғыда қарттарды зейнетақымен қамтамасыз ететін – ол жұмыс істейтін жастар. Ал қазіргідей жастар арасындағы жұмыссыздық белең алып тұрған тұста біз қарттарды ерте жастан зейнетке шығара алмаймыз» - деп түсіндірді экономист.
Әлемдік тәжірибе Сарапшылардың айтуынша, қазір әлем елдерінің көпшілігі зейнет жасын ұлғайтуға тырысып жатыр. Мысалы, Ресейде 2019 жылдан бастап 2028 жылға дейін ерлердің зейнет жасын 61 жастан 65 жасқа дейін, ал әйелдердің зейнет жасын 56 жастан 60 жасқа дейін кезең-кезеңімен ұлғайту көзделген. Әзербайжан мемлекеті 2017 жылы зейнетақы заңнамасына ерлер мен әйелдердің зейнет жасын 60-тан 65 жасқа дейін біртіндеп арттыру туралы түзетулер енгізді. Ал Грузияда ерлердің зейнет жасы – 65 жас, әйелдердің зейнет жасы – 60 жас. Латвияда да ерлер мен әйелдердің зейнет жасы 2014 жылдан 2025 жылға дейін 62 жастан 65 жасқа дейін біртіндеп артып келеді.
«Зейнетке шығу жасын ұлғайту – медицинаның дамуы, әлемдегі азаматтардың өмір сүру ұзақтығының артуы сынды себептерге негізделген әлемдік үрдіс», – деп түсіндірді Назгүл Сағындықова.
Бүгінде Қазақстанда ресми зейнет жасы ер адамдарға – 63 жас, ал әйелдерге – 60,5 жас. Ал зейнеткер-ерлердің орташа өмір сүру ұзақтығы – 7 жыл, ал әйелдерде – 17 жыл.   Өмір сүру ұзақтығы артса зейнетақы мөлшері азая ма? Денсаулық сақтау саласының мамандары пандемиядан соң өмір сүру ұзақтығы қайта қалпына келеді деп болжам жасап отыр. Сондай-ақ Назгүл Сағындықованың айтуынша, бұған Денсаулық сақтау жүйесін жақсарту бойынша жоспарланған шаралар да ықпал етуі мүмкін. Себебі, келешекте ауыл медицинасын дамыту, азаматтардың денсаулығын қалпына келтіру және қолдау үшін оңалту орталықтары желісін құру және кеңейтуге ерекше назар аударылмақ.
«Мораторий жарияланған бес жыл ішінде (2028 жылға дейін) емдеу ұйымдарының профилактикалық қызметін күшейту, уақтылы және сапалы медициналық оңалту жүргізу, аурулар мен асқынулардың алдын алу бойынша іс-шаралар іске асырылатын болады. Бұл азаматтардың денсаулық жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Ал мораторий аяқталғаннан кейін зейнет жасын арттыруды жалғастыру немесе тоқтата тұру туралы шешім халықтың денсаулығы мен өмір сүру ұзақтығының көрсеткіштерін, азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыру деңгейін ескере отырып қабылданатын болады» - деп атап өтті Назгүл Сағындықова.
Сала мамандары зейнет жасына қатысты мәселе әлі де бірнеше рет қаралып, талқыланатын мәселе дейді. Себебі, зейнет жасының ұлғаюы немесе төмендеуі – бұл әлемдегі және нақты Қазақстандағы экономикалық жағдайға байланысты. Ал ол жиі өзгеріп отырады.