Мемлекет басшысы «Цифрландыру – сәнге айналған үрдіске ілесу емес, ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі құралы» деді және 2020 жылғы халыққа Жолдауында 2025 жылға қарай цифрлық сала бойынша тауар қызметін кем дегенде 500 млн АҚШ долларына жеткізуді тапсырып, цифрландыру туралы ұлттық жоба аясында жоғары санатты IT мамандар әзірлеу керегін айтты. Әйтсе де, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин бұл саланы сонда да «сәнді үрдіс» деп ойласа керек, биыл мамыр айында 2025 жылға дейін 100 мың ІТ-маман дайындайтынын айтып, сапаға емес, санға жұмыс істейтін популистік шешім ұсынды. Ведомство басшысы бағдарламалау мектептеріне гранттар (ваучерлер) беретінін, орта мектептерде білікті IT-оқытушылардың жетіспеушілігі проблемасын шешу үшін сол кездегі БҒМ-мен бірлесіп «Виртуалды мұғалім» жобасын енгізетінін алға тартты. Бұдан бөлек, бүгінде жекеменшік IT-мектептер маман даярлау үшін ваучер алуға өтінім бере алады. Tech Orda бағдарламасы бойынша былтыр 13 жекеменшік IT-мектеп қаржыландырылып, 100 студент білім алды. Бұл жобаны Мусиннің министрлігі Astana Hub Технопаркімен бірлесіп жүзеге асыруда және 2025 жылға дейін 20 мың студент дайындамақ. Одан өзге, елімізде соңғы жылдары ІТ мамандарын дайындауға ден қойылды. Соңғы екі жылда «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» мамандығына мемлекеттік гранттар едәуір көп бөлінген («Педагогикадан» кейінгі екінші орында): 2020 жылы – 3 568, былтыр – 7 487, биыл 9 103 грант. Елімізде осы мамандықты оқытатын 50-ге жуық жоғары оқу орны бар. 2025 жылға дейін 100 мың ІТ-маман дайындау мүмкін бе? Мүмкін болған күннің өзінде, ІТ-маман деген тізімге кімдер кіреді? Мусин қай салаға қандай мамандар керектігін зерттеп алды ма? Бұл сұрақтарға мамандардан жауап алдық. Ерлан ОСПАН, ІТ маманы: – Осынау ең заманауи мекемедегі «жетіп алып, басып озамыз!» деген ұран мені таңғалдырады. Себебі IT саласы мемлекеттік реттеуге көнбейді, тым еркін, жалақыдан бастап, білікке дейін нарық өзі реттейтін сала. Мына құрсауға ұшыраған Ресейдің өзі IT саласы үшін салыстырмалы түрде еркіндік беріп отырғаны содан. Айталық, Python кодерін дайындап шығарды. Ол комбайнер емес: жұмыс алқабы мемлекеттік шекарамен бітпейді, интернет арқылы бүкіл әлеммен байланыста болады. Оған енді, айталық, Google «құда түсті» делік. Жалақы да, мансап та жоғары. Сонда, оны оқытар алдында «осы елде өлем, ешқайда кетпеймін» деген қолхат алу керек пе еді? Әлде кісендеп қоямыз ба? Неге 100 мың маман? Болжалды дефицит картасы бар ма? Дизайнер ше, IT-маман ба? Газет қаттаса, бірақ ол UI/UX үйреніп алса ше, енді маман ба? Офистің принтер-ксерокс қожалығына жауап беретін адам ше, IT-маман ба? Жүз мың маманға байланысты осындай сауал көп. Меніңше, біздің министрлік әлемдегі алпауыт елдерге еліктейді. Солардың бағдарламаларын Қазақстанға экстраполяция жасай салады. Дәл сол уақытта, орташа мәліметтер қорын басқару, CRM-жүйелердің барлығы шетелдіктердің қолында. Бір ғана бәріңізге таныс бухгалтерлік бағдарламаға Қазақстаннан Ресейге миллиардтаған ақша кетеді. Соның арасында өзімізде жасаған да, жасай алатын да кодерлер өріп жүр. Сондықтан жүз мың емес, күшенсек, миллион да маман дайындауға болады, бірақ сапасы қалай болатынын білмеймін. Әйтеуір министрдің өз уәдесін формал орындауға мүмкіндік бар, ол енді рас. Негізі, менің есімде, мұндай уәде беруді Билл Клинтон бастады. Ұмытпасам, ол жылына 500 мың IT-маманға квота бермек болды. Бұл жарысқа Германия қосылды. 2000 жылдардың басында басталған бұл жарыс интернет кең тарағасын кілт тоқтады. Себебі онлайн-жұмыс істеу мүмкіндігі тапсырыс беруші мен орындаушының арасындағы шекараны жоқ қылды. Аттай қалап алған кодерлер далада қалған уақыттар да болды, «C++ тілінде код жазам, тамақ алып берсеңіз болды» деген әзіл содан қалған. Тоқетері, IT саласы – мемлекет өзінің жүн-жүн қолын сұқпай, өз бетімен қоятын сала, реттеуге көнбейді. Бәлкім, сол мамандарды дайындаймын деген біреулердің жағдайы жақсарып қалатын болар, қызығы, бұған еш қарсылығым жоқ. «IT-маман» деген – тап қазір, HR көзімен нақты айтсақ, кейсі интернетте тұрған адам. Мына жерде менің мынадай жұмыстарым бар деп сілтеме бересің. Көп болса – жақсы, жоқ болса, тиынға болса да жалданып, портфолиоңды семіртесің. Кодер болсаң – жасаған қосымшаңа, сайтыңа сілтеме бересің, дизайнер болсаң, жұмысыңды салып қоясың. Сені құлбазардағыдай таңдайды. Ал диплом деген – қазіргі нарықта күлкілі дүние, ештеңе дәлелдемейді, саған ескі заманда қалып қойған кемпір сияқты қарайды. Болғаны осы. Садық ШЕРІМБЕК, Технологиялық жобалар кеңесшісі: – Әрине, министрдің амбицияға толы бұл бастамасы қуантады. Бірақ материалдық база 100 мың маман дайындауға жетпейді. 2025 жылға дейін нарықтық-базалық сұранысты өтейтін тым болмағанда сапалы, сауатты 10 мың маман даярлайтын болса, мұның өзі жетістік. Елімізде бағдарламашы-инженер мамандығын бітірген қаншама күзетші, даяшы, саудагер және тағы басқасы бар. Осы саланы оқыған неше мың адам нарықта жұмыс істеп жатқан жоқ. Өйткені жоғары білім мен нарық бір-бірімен қабыспайды, деңгейлес емес. Соңғы 10-15 жылда бұл екі таған бір-бірімен ешқандай байланыспаған және ол бағытта жұмыс істелмеген. Бізде ІТ мамандығы бойынша университеттік білім алып шығатын болсаңыз, ешқайда жарамайсыз. Елімізде жақсы маман дайындайтын 3-4 ЖОО бар шығар, оның өзінде ұстаздың білімінен емес, сол жерде қалыптасқан ізденуге құмар ІТ ортадан мамандар шығады. Ал қалған университеттер диплом береді, бірақ білімді, білікті маман дайындамайды. Өкінішке қарай, тіпті кейбір бетке ұстар білім ордаларының өзі өткен ғасырда қалып кеткен бағдарламалау тілдерін оқытады. Бұл оқу бағдарламасы бәлкім ғылыми жұмыстар үшін пайдалы болатын шығар, бірақ, нарықты қамти алмайды. Сондықтан Цифрлық даму министрлігі мен Ғылым және жоғары білім министрлігі бірлесіп, бұл салада эксперименттік жобалар жасауы керек. Жалпы, әлем ІТ саласы бойынша жоғары білімнің қажеттілігін сезініп жатқан жоқ. Керісінше, өз бетімен ізденіп, жоба жасаған жастарға сұраныс бар. Елімізде университет бітірген мамандардың 5-10 пайызы нарыққа барып жұмыс істейтін шығар. Ал халықаралық компаниялардағы мамандардың 70-80 пайызы – басқа саладан келгендер. Елімізде ІТ саласында маман тапшы, бұл рас. Көптеген білікті жас шетелге кетіп қалып жатыр. Сондықтан еліміздегі ірі компаниялар мекеме жанынан маман даярлайтын кадрлық орталықтар ашып жатыр. Сол жерде базалық білім беріп, курсты аяқтаған мамандардың белгілі бір пайызын өз компаниясына жұмысқа алады. Қозыке САТЫБАЛДЫ, ақпараттық қауіпсіздік маманы: – Бұл – мүмкін көрсеткіш. Өйткені бұл – университетте төрт жыл оқып, білім алатын мамандық емес. Компьютерге икемі бар, ІТ-дің жүйелік әкімші, әзірлеуші, ақпараттық қауіпсіздік сияқты белгілі бір бағытын бір жылдық курстардан үйреніп алған басқа сала мамандары да ІТ-маман бола алады. Елімізде, тіпті әлемде дипломы жоқ ІТ-мамандар көп. 100 мың ІТ маман дайындасақ, еліміздің осы саласында бәсекелестік қалыптасады, сәйкесінше, сапа артады. Ал сапа жақсарса, отандық ІТ саласының әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті болуына мүмкіндік жасайды. Сол арқылы біздің мамандар шетелден тапсырыс алатын болады. Бүгіннің өзінде елімізде кәсіби сауатты ІТ-мамандар бар, олардың көбі шетелден тапсырыс ала алмайды. Мәселен, Беларусь еліндегі ІТ-мамандар ішкі нарыққа да жұмыс істейді және Еуропадан да жоба алады. Ал бұл елдің экономикасын көтереді.
Айдана НҰРМҰХАН