Алматы марафонының қатысушысы 47 жастағы Рүстем Садықов мәре сызығынан өтіп, қайтыс болды.
«Оқыс жағдай сағат 09.35-те орын алды. Рүстем 10 шақырым қашықтықты жүгіріп өтті, тіркелу кезінде оған 8743 нөмірі бұйырған» – деді «Алматы марафонының» директоры Салтанат Қазыбаева.
Жарыстың бас дәрігері Оразбек Саховтың айтуынша, марқұм Республика алаңындағы мәре сызығын кесіп өтіп, бірнеше метр қадам басқаннан кейін бірден құлап түскен.
Марқұмның жақындарының айтуынша, ол жүгіру жарысына бірінші рет қатысып отырған жоқ. Сәуір айында Алматы жартылай марафонына, 2021 жылғы Алматы марафонына да қатысып, 10 шақырым қашықтыққа жүгірген.
Жарысты ұйымдастырушылар марқұмның туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады. Олар марқұмның денесін Астана қаласына жеткізуге көмектесетіндерін жеткізді.