«Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан, қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын. Осы құжатты қабылдаған кезде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев аса маңызды, тіпті шешуші рөл атқарды. Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ, тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек», – деді Президент.
Президент ұсынысын талқылаған сенаторлар 21 қыркүйекте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кинематография және мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына өзгеріс енгізді.
«Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңға өзгеріс енгізіп, 25 қазанды ұлттық мереке – Республика күні деп белгіледі.
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев қайта оралған айтулы күн туралы «25 қазанды Республика күні ұлттық мереке ретінде бекіту – тарихи және өте маңызды шешім», – деп пікір білдірді.
2009 жылға дейін Республика күні болған, биыл қайта оралған 25 қазанның қандай күн екені көпшіліктің есінде ме? Тарихи күн екенін біле ме? Тұрғындардың пікірін сұрап білдік.
25 қазан қандай күн екенін білесіз бе?
Айсұлу Тәңірбергенова, көпбалалы ана:
– Мектепте оқып жүргенде, студент кезде Республика күнін атап өтетінбіз. Университетте оқып жүргенде салтанатты жиын, концерт өткізілетін еді. Ол кезде мереке болғандықтан бір күн демалыс берілетін. Қазір мектептен мұғалімдер бала-шағама Тәуелсіздік күні қарсаңында өлең-тақпақ жаттауға тапсырма беріп жібереді. Биыл 25 қазанды қайта тойлайды деген жаңалықты әлеуметтік желіден оқыдым.
Индира Сейітова, саудагер:
– 25 қазанды бұрын Республика күні деп атап өтуші еді. Биыл жаңалықтардан қайтадан ұлттық мереке деп атап өтеді дегенді естідім. Мереке болса, оқушыларға демалыс беретін болар. Орталық алаңда салтанатты шеру, концерт өтетін шығар деп ойлаймын.
Бақберген Болат, 2-курс студенті:
– 25 қазанды Республика күні, биыл мереке ретінде атап өтеді деп жаңалықтардан естідім. Мектепте тарих пәнінен 25 қазан күні тәуелсіздік туралы декларация қабылданған деп оқығанымыз болмаса, арнайы мереке деп атап өткен емеспіз.
Жандос Бектеміров, такси жүргізушісі:
– 25 қазан... Бұрын оқушы кезде Республика күні деп мектепте атап өтетінбіз. Спортзалда концерт болатын. Кейін ол мереке жоқ болды. Тәуелсіздік күні 16 желтоқсанды ұмытпаймыз. 1986 жылы Желтоқсан көтерілісіне қатысқандарды еске аламыз. Аруақтарға Құран бағыштаймыз. Балаларыма 16 желтоқсан Тәуелсіздік алған күніміз деп айтып отырамын.