Бұдан былай жастарды жұмыспен қамту мен олардың қоғамнан өз орнын табуға жете мән беріледі. Бүгін Мәжіліс депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік жастар саясаты мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылап жатыр. Заң жобасын Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі бірінші оқылымға ұсынды.
«Президенттің қоғамның саяси және экономикалық трансформациясы, сондай-ақ, табысты және әділ Қазақстан құру бағытында ауқымды міндеттер қойып отыр. Бұл процестердегі жастардың орны айрықша. Өйткені, ел халқының 20%-тен астамы – жастар. Біз жастардың дамуына жол ашып, өмірден, қоғамнан өз орнын табуына мүмкіндік беріп, жағдай жасауымыз керек. Бұл заң жобасы осы бағыттағы мемлекеттік маңызы бар құжаттың бірі деп білемін. Сондықтан жастарымыздың білім алуы, жұмысқа орналасуы, денсаулығы, өзін-өзі дамытуы, еліміздің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси өміріне толыққанды қатысуы үшін тең мүмкіндік пен қолайлы жағдай жасау – кезек күттірмейтін көкейкесті мәселе», – деді министр.Inform.kz-тің жазуынша, министр, әсіресе, ауыл жастары мен әлеуметтік жағдайы төмен жастарға ерекше көңіл бөлінеді. Жаңа өндіріс орындары мен жаңа жұмыс орындарын ашып жатқан белсенді әрі бастамашыл жастарды, жас кәсіпкерлерді қолдау да – күн тәртібіндегі маңызды іс.
«Заң жобасы Президентінің жастар жылы аясында берген тапсырмасын орындау мақсатында әзірленген және оның 4 негізгі бөлігі бар. Бірінші – заң жобасында «Жастардың даму индексі», «Жастардың әлеуметтік қызметтері», «Уақытша жұмысқа орналаспаған жастар (NEET)», «Жастармен жұмыс жөніндегі маман», «Жастардың еңбек жасақтары», «Жастар ресурстық орталықтарының функцияларын кеңейту» ұғымдарын заңнамалық бекіту ұсынылады. Екіншіден, жастар саясатының негізгі бағыттары қосымша екі бағытта қарастырылған: жастардың цифрлық сауатын арттыру және жастар арасында волонтерлікті дамыту. Үшіншіден, заң жобасы аясында NEET санатындағы жастар санын азайту көзделген. Ол үшін салалық орталық мемлекеттік органдардың құзыреттерін толықтыру ұсынылады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі – жұмыссыз жастармен; Оқу ағарту және Ғылым мен жоғары білім министрліктері – біліктілікті арттыру және қайта даярлау іс-шараларымен; Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі – жастар ресурстық орталықтары арқылы жастармен кешенді жұмыс жүргізіп, салааралық үйлестіру және ақпараттандыру ісіне жауапты болады», – деді Дархан Қыдырәлі.Төртіншіден, заң жобасы аясында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің құзыретін төмендегідей толықтыру қарастырылған: – жастармен жұмыс жөніндегі мамандарға үлгілік біліктілік сипаттамаларын әзірлеу және оны бекіту; – жастар еңбек жасақтарын ұйымдастыру және мониторингтеу қағидаларын бекіту; – жастарды дамыту индексін және оны қолдану ережелерін енгізу. Заң жобасы мемлекеттік жастар саясатын іске асыру үшін мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттырады.