Иттермен сойлестик
Иттермен сойлестик
381
оқылды
Әкімшілікте ауыл тұрғындарымен «иттер мәселесі» туралы жиын өтіп жатты. Аудандық ішкі істер департаментінің бастығы Шалабай Қазақбайұлы да шақырылған еді, етпетінен жатып, ет жеп отыр ма, әлі жоқ. Ауыл тұрғындарының ауыздары қышып, ызадан ысып, тыпыршып тұрған еді, ауыл әкімін жерден алып, жерге салды. «Былтырдан бері бес баланы талаған иттерді неге атып тастамайсыздар? Бір оқушы жан тапсырды, неге көз жұмасыздар?» деді жамырап. «Табиғатты қорғау туралы заң бар ғой»,– деп құтылғысы келген әкім әріге бара алмады. Бір кезде, есік айқара ашылып, жұрттың аптығы басылып, ішке полиция бастығы кіріп келді. Бет-аузы қан– жоса, оны дәкемен таңып алыпты. – Сіз қайда жүрсіз? – деп сұрады облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары. – Иттермен сойлестім. – Бетіңізге не болған? – Кошеде жаткан бир итпен сойлесемин дегенимде, ит емес, ит екен, созге келместен кау... кауып алды! – Сауап болыпты! – деді бір қатын. – Қалай екен? – деп қалды тағы бір әйел. – Қазақшаңыз қуырдақ екен, сосын не болды? – деп сұрады әкім. – Ой, пацан, ит екен! «Кошеде кангыруды, балаларга шабуылдауды қоясындар ма, жоқ па?» – деп едим, арс етип куа жунелди! Кашып келем, кашып келем, аягымды арен басып келем, тер дегенди шашып келем, кашып келем, қашып келем, кашып келем, кашып келем.... – Тоқ етрерін айтсаңызшы, қашып келе жатырсыз. Сосын? – Кашып келем, кашып келем, бұрылып карасам, ешкім жок! Кайтадан алдыма карасам, жанагы сыболыш ит алдымда шокиып отыр! Кери бурулып, тагы кашып келем, кашып келем, стольбаға согысып, шалкамнан тустим! Басым айналып, жаныма карасам, жанагы ит касымда шалкасынан жатыр! Джентельмен ит екен, каппады. Тура каштым. Бир айел кушеде тур екен, артына жасырынып, соны амал который кушактадым. Ол да мени кушактады. Екеумиз кушактасып коп турдык. Сосын мен: – «Извените, мына сиздики собака?» – деп сұрадым. «Бен Ладен, анука, пошел вон!» – дегени сол, ит уйге кирип кетти. Мен айелге айтып, ити сотталып кететінін ескерттим. Кайтып келе жатып, он мысыкка ескерту бердім. – Сен де адам емес, ит екенсің ғой! – деп қалды облыстағы бастығы төмен қарап. «Ия, ит екен!» дегендей, кабинетке кіріп келген төбет ит арс ете қалды. Қасында қаншықтары бар. Кабинетке жиналғандар улап, шулап, терезеден секіре қашты. Олардың ең алдыңда әкім мен облыстан келген майонез, ой кешіріңіз, майор... Дәл осындай, бүге– шүгесіне дейін оқиға болды ма, болмады ма, бір құдайға, сосын әлдебір РОВД бастығына ғана аян. Ия, ия, РОВД бастығының тұрғындармен болған жиында: «Иттермен сөйлестік, мысықтарға ескерту бердім» – деген қатқан мыжымасы желіде қаулаған өрттей тарады. Қай өңір екені белгісіз, бірақ біздің айтпағымыз, қаңғыбас, құтырған иттерге деген немкеттілік, жалқаулық, болған іске көз жұма қараушылық туралы болып тұр. О заман да, бұл заман, иттермен сөйлескен адамдар бар ма екен? Тек кинода ғана болмаса? Мияулаған мысықтар ескертуіңді қайтсін? Мәселен, көшеде келе жатқаныңызда, алдыңыздан бір ит шыға келіп: – Сәлеметсіз бе, ағай? – десе, шалқаңыздан түсіп, жүрегіңіз ұшып, немесе құсып, пұшпайман болатын шығарсыз? Болмаса сіз: – Итеке, жағдайыңыз қалай? – дейсіз бе? – Жағдайымыз жақсы. – Не жаңалық? – Сол көшеде жүрген. Қаңғыбас иттерміз. – Рахат өмір екен ғой? – Ия, кейде ерігіп, мектеп оқушыларын талап тастаймыз. Байқамай, өлтіріп алғанымыз да бар. – Қойыңдар, бір күні атылып кетесіңдер. – Е, адамдар, сендер бір жүрген надандар... Бұлай болмайды ғой енді? Ал, РОВД бастығы иттермен сөйлесіпті. Солай дегені дедектеп, сайттан сайтқа бірін – бірі «жетектеп», желдей есіп тұр. Масқара! Өз ойын қазақ тілінде дұрыс жеткізе алмаған бастық өзгенің мәселесін қалай шешпек? Итттер демекші, қаңғыбас иттер Ақмола облысы аудан орталықтарында құтырып кетті. Үлкендерге де шабуыл жасағандары бейне бақылауларға түсіп қалған. Ақтөбеде иттердің «иттігінен» бір мектеп оқушысы өмірмен қоштасты. Сосын, барып, құқық қорғаушылар, әкім– қаралар қимылдай бастады. Адам өлмесе, олар сол ұйықтаған күйі қалар ма еді? Айдың күні аманда иттерден өлім құшу деген кешірілмейтін күнә екені енді етсеріне түсіп отыр. Естеріңді жиыңдар, әкім– қаралар! Иттермен «сөйлесуді» қойыңдар, одан да, кемшілкті жойыңдар!

Жанстың ЖҮГЕРМЕГІ