Мемлекет басшысының тапсырмасымен Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған іс-шараларға қатысты. «Ұлтына ғұмырын арнаған Ұлы тұлға» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияда Сенат Спикері ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.
«Ахмет Байтұрсынұлы – тарихымызда айрықша орны бар бірегей тұлға. Алаш жұртының асыл перзенті халқымыздың тағдыры сынға түскен күрделі кезеңде ерекше қайраткерлік танытты. Шын мәнінде, Ахаңның өмір жолы – ұлтқа қызмет етудің жарқын үлгісі. Арыстарымыздың есімін ардақтап, ұлағатты ісін жалғастыру – халқымыздың қастерлі парызы», – делінген Мемлекет басшысының құттықтауында.
Өз сөзінде Мәулен Әшімбаев ұлт ұстазы, аса көрнекті ғалым, ағартушы, тарихи тұлға Ахмет Байтұрсынұлының саяси және рухани мұрасына кеңінен тоқталып өтті.
Сондай-ақ Сенат Төрағасы мерейтойдың қазақ үшін қастерлі Торғай жерінде аталып өтуінің айрықша маңызына назар аударды. Ол Мемлекет басшысы ел дамуының жаңа тарихи кезеңінде өңірлерді өркендету мәселесіне баса мән беріп отырғанын, осы бағытта тиісті органдарға нақты тапсырмалар бергенін және алдағы міндеттерді нәтижелі орындау үшін Парламент жүйелі жұмыс жүргізіп жатқанын айтты.
«Мемлекет басшысы жаңа және Әділетті Қазақстан құру бағдарын айқындап берді. Қазіргі таңда осы бағытта ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Елімізде кешенді саяси, экономикалық және әлеуметтік өзгерістер іске асырылуда. Ең басты міндет – тәуелсіздігімізді нығайтып, халқымыздың әл-ауқатын жақсарту. Ол үшін тұтас елімізді, сондай-ақ әр өңірді өркендетудің маңызы зор. Президентіміздің жаңа бастамалары қазақ үшін қастерлі мекен саналатын Торғайдың дамуына тың серпін береді деп сенеміз», – деген Сенат Төрағасы Әділетті Қазақстан құру және өскелең ұрпақты отаншылдық рухпен тәрбиелеу жолында Торғай топырағынан түлеген тұлғалардың рухани мұрасын дәріптеудің маңызды екенін тілге тиек етті.
Конференцияда белгілі зиялы қауым өкілдері, көрнекті қоғам қайраткерлері де сөз сөйледі. Олардың қатарында жазушы, ғалым Қойшығара Салғара, алаштанушы Әнес Ғарифолла, ахметтанушы Серікбай Оспанов және тағы басқа сарапшылар бар.
Іс-шара барысында Ахмет Байтұрсынұлы медалімен, «Тіл жанашыры» сыйлығымен және «Жангелді ауданының құрметті азаматы» атағымен марапаттау рәсімі өтті.
Мерейтой аясында Қостанай облысының Торғай ауылында Алаш арыстары Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлына арналған ескерткіш ашылды. Ашылу салтанатында Сенат Спикері киелі Торғай өңірінен ұлт тарихындағы көптеген ұлы тұлғалар шыққанын, олардың қатарында Абылай ханның серігі болған шақшақ Жәнібектің, елінің ертеңі үшін атқа қонған Амангелді мен Кейкі батырлардың, халқын бірлікке, білімге, отаншылдыққа шақырған Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынұлы және Міржақып Дулатұлының есімдері ерекше аталатынын айтты. Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев қазақ үшін бұл өлкенің қасиеті бөлек екеніне және бұл әрдайым халқымыз жадына сақталатынына назар аударды.
Сонымен қатар Сенат Төрағасы жыл басынан бері А.Байтұрсынұлының өмірі мен өсиетін дәріптеу мақсатымен елімізде атқарылған жұмыстарға тоқталды.
«Мерейтой аясында Ұлт ұстазын ұлықтау бағытында ауқымды жұмыстар атқарылғанын көріп отырмыз. Бірқатар елдімекендерге, көшелерге және нысандарға Ахаңның есімі берілді. Қайраткердің 12 томдық шығармалар жинағы жарық көрді. Ахмет Байтұрсынұлы туған жерде кесенесі тұрғызылды. Сол жерде музей-үй бой көтерді. Ұлтымыздың рухани көсемінің еңбегін насихаттау және оны тану жұмыстары алдағы уақытта да қарқынды жалғаса береді», – деді Мәулен Әшімбаев.
Осы күні Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының әдеби музей-үйі көпшілікке таныстырылды.
Бұдан басқа Сенат Төрағасы облыста болған өрттің салдарын жоюға қатысқан еріктілермен арнайы кездесті.