Қайта оралды қазағыма Республика күні...
Қайта оралды қазағыма Республика күні...
1,824
оқылды
Кез келген ел азаттыққа қол жеткізген күнін ардақ тұтады, басқа ме­ре­келерден айрықша қастерлейді. Мысалы, АҚШ-тың Голливуды 4 шіл­деге арнап қаптаған көркемфильм түсірді. Америкалық­тардың көбі бұл мерекені Тәуелсіздік күні емес, жай ғана «Төртінші шілде» деп атайды. Қазақстан биыл алғаш рет 25 қа­занды ұлттық мереке ретінде атап өтпек. Ол мейрам «Республика күні» деп аталады. Қазақ­стан бұл мерекеден 2009 жылы бас тартты. Сонда ол қадамға неге бар­ды? Қазір оны қалпына келтірудің қандай қажеті болды? Мерекеден неге бас тартты? Республика күні жас мерекелердің қа­та­рында саналады. Ол сонау 1992 жылдан бері атап өтілгенімен, мемлекеттік мере­келер тізіміне тек 2001 жылы ғана енгізілді. Содан ресми түрде 8 жыл ғана мерекеленді. 2009 жылғы сәуірде бірінші Президент Республика күні алып тасталған жаңа «Мерекелер туралы» заңға қол қойды. Сарапшылар бұл қадамға таңғалды. Себебі оны жоюға еш қажеттілік те, сұра­ныс та, себеп те жоқ еді. Қайта тынығуды жаны сүйетін халық бір демалыс күнінен айырылып қалғанына қамықты. Респуб­лика күнін әкімдіктер, министрліктер кеңі­­нен атап өтетін. Азаттықты ұлықтай­тын сөз­дер айтылып, түрлі концерт, фес­тиваль ұйым­дастырылатын. Бұл бодан­дықтан ары­лып, бостан күнге жеткенімізді, ата-ба­ба­ның аңсарлы арманының орын­далғанын кезекті рет дәріптеудің жақсы мүмкіндігі еді. Ендеше билік неге одан то­сыннан теріс айналды? Сол кезде Парламент Мә­жілісінің депутаты болған Нұртай Сабильянов «Азаттық» радиосы­на берген сұхбатында мұны бы­лайша дә­йектеді: Қазақстан шын мә­нінде 25 қазанда емес, 16 жел­тоқсанда тәуелсіз елге айналды.
«Егемендік туралы декла­рацияның тарихи мәнін төмен­деткім келмейді, бірақ ол ха­лықаралық қатынастарда Қа­зақстанның дербестігін ке­піл­дендірмеді. Тек бір ғана дек­ла­рация негізінде басқа мемлекет­тер Қазақстанды дербес субъекті ретінде мойындай алмады. Ол құжатта Қазақ КСР-інің еге­мен­дігі туралы айтылған. Ал «Қазақ­стан Республикасының Мем­лекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заң 1991 жылғы 16 желтоқсанда қабылданды. Тек осы заң қабылданған соң Қа­зақстан заң жүзінде рәсімделген тәуелсіз мемлекет мәртебесіне қол жеткізді. Әйтпесе, декларация қабылданған соң да біз бұ­рын­ғыдай КСРО құрамында қала бердік, тек одан шығу құқығын сақтадық. Аталған мерекені жою туралы шешім қабылдауға осы дәйектеме себеп болса керек», – деді Нұртай Салихұлы.
Ұлтжанды азамат Ерік Асан­баев басқарған Қазақ КСР Жо­ғарғы кеңесі 1990 жылғы 25 қа­занда қабылдаған «Қазақ Советтік Социалистік Республикасының Мемлекеттiк егемендiгi туралы декларация жөнiндегі» №307-XII Қаулысы толыққанды тәуелсіздік жайлы емес-тін. Онда Қазақ­стан­ның жаңартылған одақта қала­тыны жазылған: «Қазақ ССР – егемендi мемлекет, ол басқа рес­пуб­ли­калармен Егемендi Рес­пуб­лика­лар Одағына ерiктi түрде бiрiгедi. Қазақ ССР-і Одақтан ер­кiн шығу правосын өзiнде сақ­тап қалады». Онда не себепті Жа­ңа Қазақстан азаттық алған күн ретінде Еге­мендік декларациясы қабыл­дан­ған күнді таңдап отыр? Мерекені неге қалпына келтірді? Республика күнін қайтарып, оған жаңа маңыз, мазмұн беру идеясының авторы – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев. Ол осы бастамасын 2022 жылғы 16 мау­сымда, Ұлытаудағы Ұлттық құ­рылтайдың тұңғыш отырысында жариялады.
– Біз ел дамуының жаңа ба­сымдықтарын белгілеп алуымыз керек! Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Рес­публика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан қазанның 25-і күні жыл сайын Егемендік күнін елі­міздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. 1990 жылы 25 қа­занда Қазақстанның Егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жо­лын­дағы тұңғыш қадамы болатын, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Мәжіліс депутаттары 2022 жылғы 7 қыркүйектегі отыры­сын­да «ҚР кейбір заңнамалық акті­леріне кинематография және мә­дениет мәселелері бойынша өз­герістер мен толықтырулар ен­гізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Бұл заң Парламент толық қабылдап, Пре­зидент қол қойған соң, 2022 жыл­ғы 29 қыркүйекте күшіне енді. Құжатты Мәжілісте талқылау барысында депутаттар мен Үкімет Республика күнін қалпына кел­тірумен шектелмей, мемлекеттік және ұлттық мерекелердің тізімін қайта қарады. Нәтижесінде, Президент бастамасы аясында біріншіден, 25 қазан – Республика күні ұлттық мереке статусына ие болды (бұл ең жоғарғы мәртебе, өйткені 2009 жылға дейін ол мемлекеттік мереке ғана болған). Тиісінше, осы күн енді тәуелсіздік күні ретінде тойланбақ. [caption id="attachment_220641" align="aligncenter" width="1699"]Республика күні © коллаж: Әсел Балтақызы[/caption] Екіншіден, 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні болып қалды, яғни атауы сақталды, бірақ мәні мен мәртебесі өзгерді. Ол қазіргі ұлттық мереке мәртебесін жоғал­тып, мемлекеттік мереке санатына ауысты. Сонымен бірге бұл күні желтоқсаншыларды және азаттық жолында басын құрбан еткен басқа да батырларды еске алу шаралары ұйымдастырылады. Себебі Президент Ұлттық құ­рылтайдағы сөзінде «Республика күні елдің мемлекет құру жо­лындағы тарихи қадамының сим­волы болуы керегін», ал «Тәуел­сіздік күні тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырла­ры­мызға тағзым күні ретінде атап өтілетінін» қадап айтты. Осылайша, Қазақстанда жал­ғыз ғана ұлттық мереке болады: ол – Республика күні. «ҚР мере­келер туралы» заңына сәйкес, бүгінде мемлекеттік мерекелерге: 1-2 қаңтар – Жаңа жыл; 8 наурыз – Әйелдердің халықаралық күні; 21-23 наурыз – Наурыз мейрамы; 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесі; 7 мамыр – Отан қорғаушы күні; 9 мамыр – Жеңіс күні; 6 шілде – Астана күні; 30 тамыз – Конституция күні және 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні жатады. 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні алып тасталды.
«Республика күніне келсек, тәуелсіздікпен байланысты бар­лық іс-шара бұдан былай 25 қа­занда ұйымдастырылады. Ал 16 желтоқсан Еске алу күніне көбі­рек ұқсайтын болады», – деді журналистер сұрағына жауап бер­ген Мәдениет және спорт ми­нистрі Дәурен Абаев.
Президент бастамасы болған­дықтан, Парламент не себепті Республика күні жаңа мәртебеде қайта оралатынын талқылаған жоқ. Үкімет те дәйектеме келтір­меді. Осыған қатысты сұрақты Мәжіліс депутаты Бақытбек Сма­ғұлға қойдық.
– 2009 жылы бұл мереке жо­йылғанда, соны негіздеу үшін қандай дәйектемелер алға тартылғанын білмедім. Мен ол кезде депутат болған жоқпын, Парламентке көп кейін келдім. Бірақ Қазақстан тек 1991 жылы тәуелсіз ел болды деген пікір­лер­мен келіспеймін. Оның алдында сақ, ғұн, көк түрік бабалары­мыз­дың қағанаттары, тәуелсіз Қазақ хандығы болды ғой. Әлемде кей­бір заманауи мемлекет бабала­рымен сабақтастығын сақтау үшін Тәуелсіздік күнін емес, Тәуел­сіздікті қалпына келтіру күнін атап өтеді. Ал біздің жағдайымызда мәселе «Қазақтың тәуелсіз Рес­публикасын» құру жайында болып отыр. Ал оның тарихы дәл сол 1990 жылғы 25 қазанда бас­талады, – деді Б.Смағұл.
Қазақ үшін қастерлі құжат Депутаттың түсіндіруінше, 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні қа­зіргі ұрпақтың азаттық жолында алысқан ата-бабаларымызды ұлықтайтын, олардың осы жол­дағы ерен ерлігі алдында тағзым ететін, яғни тарихи сабақтастықты сақтауға арналған күн болады. Ал 25 қазан – Республика күні Тәуелсіздікті қалпына келтіріп, төл республикасын құрудағы қазіргі қазақстандықтардың зор еңбегін дәріптейтін, әрқай­сысымыздың осы жолдағы сүбелі үлесімізді салмақтап, мақтан тұтатын күн.
«Егемендік декларациясы то­лыққанды тәуелсіздікті қалып­тастырған жоқ деген дәйектемелер айтылып жүр. Мысалы, АҚШ Тәуелсіздік күнін 4 шілдеде ме­рекелейтіні белгілі. Себебі осы күні, 1776 жылы Тәуелсіздік дек­ларациясы қабылданды. Аме­рикалық сарапшылардың түсін­діруінше, шынында, бұл заңна­малық емес, салтанатты құжат болып есептеледі: Құрама Штат­тар нағыз тәуелсіздікке, жаһандық аренада тәуелсіз мемлекет ретінде танылуға соғыс толық аяқталған соң қол жеткізді. Тәуелсіздік күні оларда алғаш рет 1777 жылғы 4 шілдеде Бристолде мерекеленген. Ендеше 1990 жылғы Егемендік декларациясы қазақ респуб­ликасының азаттығының бастауы саналады. Сол жылғы 25 қазанда Қазақстан алғаш рет әлемге төл азаматтығы, заңдары, өз даму бағыты бар республика ретінде жарияланды», – деді Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл.
Ол Егемендік декларация­сында жаңа республиканың «қа­зақ ұлтының тағдыры үшiн жауапкершiлiк» арқалайтыны туралы жанға жағымды сөз бар екеніне назар аудартты. Мұның сыртында бұл құжатта қазақтың мемлекеттiк егемендiгi жария­ланды. Ал одақта қалу мәселесіне келсек, Қазақстан қазір де одақ ішінде: Еуразиялық одаққа мүше. Декларацияда Қазақстан КСРО-да емес, жаңа Егемендi респуб­ликалар одағына ерiктi түрде кіретіні жазылған. Бұл сол кездегі әбден күрделенген ұлтаралық мәселелерді ушықтырмау үшін жасалса керек. Декларация Қазақ халқының төл мәдениетiн, дәстүрiн, тiлiн қайта түлету мен дамытуды жаңа мемлекеттің аса маңызды мiндеті деп бекітті. Қазақстанның жері мен территориясының бүтіндігін, бөлiнбейтінін және оған қол сұғылмайтынын жариялады. Рес­публикамыз кеңестік, тотали­тарлық емес, енді демократиялық, құқықтық мемлекет ретінде дамитынын белгіледі. Артынша 1991 жылғы 16 желтоқсанда Мем­лекеттік тәуелсіздік туралы конс­титуциялық заң осы айтыл­ған­дарды заңдастырған алғашқы заңға айналды. Дегенмен содан бері азаттығымыздың ұстында­рын нығайтатын мыңдаған заң қабылданды. Демек, АҚШ-тағы Тәуелсіз­дік декларациясы сияқты, біздің Егемендік декларациясы да қа­зақ халқы үшін қастерлі құжат саналады. Айтқандай, бұған дейінгі жылдары қоғам қайраткерлері Алтай Тілеубердин, Серікбол­сын Әбділдин, басқа да белгілі тұл­ғалар тәуелсіздік күні ретін­де 25 қазанды таңдаған жөн екенін ай­тып жүрді. Олардың дәйек­теуін­ше, Қазақстанның бірінші Пре­зиденті 1991 жылғы 1 желтоқсан­да, тәуелсіздік ту­ра­лы заң қа­былданғанға дейін сайланды. Яғни, Қазақстан 1990 жылы тә­уелсіз елге айналды деп есептеледі.