Қазақстандық ArtLine Khazakhstan командасы Бельгиядағы әйгілі Spa-Francorchamps автодромында өткен GT2 European Series чемпионатының үшінші кезеңінде жоғары нәтиже көрсетті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
GT2 European Series үшінші кезеңінің бірінші жарысында команданың көшбасшысы әрі пилоты Шота Абхазава абсолюттік есепте қола жүлдеге ие болып, GT2 Masters класында жеңіске жетті.
Осылайша, ол командаға GT2 Еуропа сериясының бірінші жарысында алғашқы подиум мен алғашқы жеңісті сыйлады.
Бесінші орыннан жарысты бастаған Шота Абхазава алғашқы бұрылыстың өзінде қарсыластарының тартысын тиімді пайдаланып, шеберлігі арқылы бірден екі пилотты басып озды.
Одан кейін қазақстандық спортшы қарсыластарынан едәуір алға ұзап, үшінші орынды жарыс соңына дейін сенімді сақтап қалды. Бұл нәтиже оған GT2 Masters класында да айқын жеңіске жетуге мүмкіндік берді.
Жарыстан кейін Шота Абхазава өз әсерімен бөлісті:
«Бұл керемет жарыс болды. Жарыс жағдайы өте қиын еді – көліктің ішіндегі температура саунадан да жоғары болған шығар. Соған қарамастан, бұл – менің ең сүйікті автодромым», – деді қазақстандық жеңімпаз.
Жарыс қорытындысы бойынша, ArtLine Khazakhstan командасының қоржынына абсолюттік есептегі қола жүлде, сондай-ақ GT2 Masters класындағы жеңісі үшін жеке және командалық есептерде екі алтын жүлде түсті.
Ал 25-27 маусым аралығында ArtLine Khazakhstan командасы қайтадан Spa-Francorchamps автодромына шығып, Lamborghini Super Trofeo Europe Еуропалық сериясының үшінші кезеңіне қатысады.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.
