25 қазан – мың өліп, мың тірілген қазақтың азаттыққа қол жеткізген күні – Асылбек Байжұмаұлы
25 қазан – мың өліп, мың тірілген қазақтың азаттыққа қол жеткізген күні – Асылбек Байжұмаұлы
Фотоны түсірген автор
Қазақ еліне 25 қазан – Республика күні 13 жылдан кейін қайта оралды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық мереке ретінде атап өту туралы заңға 29 қыркүйек күні қол қойды. Биылдан бастап Егемендік туралы декларация қабылданған күн ұлттық сипатқа ие болды. Енді ұлттық тарихи күннің құндылығын қайтсек арттырамыз, жастар арасында насихаттау туралы Геральдикалық зерттеулер орталығының директоры Асылбек Байжұмаұлымен сұхбаттастық.   – Тәуелсіздік туралы декларация қабылданған күн 2009 жылға дейін мемлекеттік мереке ретінде аталып өтілетін. Өткен аптада Президент 25 қазан – Республика күнін ұлттық мереке деп қайта бекітті. Енді тарихи күннің ұлттық сипаты қандай болуы керек? – Бұл күнді айрықша атап өту идеология үшін өте маңызды. Себебі қазақ халқы сан рет нәубетті басынан кешірді. Туған жер үшін жанын пида еткен батыр бабаларымыз ел мен жерді сақтап қалды. Бүгінгі ұрпаққа жеткізді. 300 жылға жуық жоңғармен соғыс, 200  жылға таяу Ресей империясына тәуелді кезең мен Кеңес өкіметіне бағынышты болған 70 жылды қоса есептесек, қазақтың аман қалғаны таңғалдырады. Ұжымдастыру кезеңінде жан-жаққа бас сауғалап босып кетті. Рухы мықты ұлт болғандықтан, қиын-қыстау заманнан өтіп, осы күнге жетті. Сондықтан қазақ үшін Тәуелсіздік – қастерлі ұғым. Азаттыққа қол жеткізген күн біз үшін әрдайым қымбат. 1990 жылы 25 қазанда Жоғарғы кеңестің қаулысымен Мемлекеттік еге­мендік туралы декларация қабылданды. Кеңес заманында өмірге келіп, тәуелсіздік жылдарында есейген бізге 25 қазан сол үшін де құнды. Егемен ел тарихының жылнамасы басталған Республика күнін қайтару – Жаңа Қазақстан үшін үлкен жеңіс! Күні кеше Президент қабылдаған заңның тарихи маңызы зор. Өйткені Қасым-Жомарт Кемелұлы геосаяси ахуал ушыққан кезеңде ел тізгінін қолына алды. Қазақ халқы сын сағаты туғанда, «арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей» тығырықтан аман-есен шығуымыз керек. – Қазақ тарихына қатысты тасқа қашалған таңбаларды түгендеп, мемлекеттік мереке, рәміздерді насихаттау мақсатында Геральдикалық зерттеулер орталығы құрылды. Орталық ресми мерекелердің мән-маңызын жастар арасында насихаттау бағытында қандай жұмыс істеп жатыр?  – Бүгінде ақпарат жылдам таралады. Сондықтан әлеуметтік желі арқылы да насихатты күшейтіп жатырмыз. Өкінішке қарай, бізді 4 маусым – Рәміздер күні ғана іздейді. Одан кейін тасада қаламыз. Геральдиканың әр саласын жеке-жеке түсіндіріп, елге жеткізу – парызым. Патриотизм әлеуметтік желіде елдің санасын санға бөліп, қолда бар дүниені «түбірімен құрту қажет, жою керек» деп аттандап, ел ішіне іріткі салу емес. Осы орталықта тұтас елдің тарихын түгендеуге атсалысып жатқандардың еңбегін, тарихтың бір кірпішін қайта қалап жатқандардың барлығын патриот деп есептеймін. Патриотизм үндемей отырып, үлкен жұмыс бітіру деп санаймын. – Былтыр Шымкентте дауыл соғып, стадионда Ту тұғырынан құлады. Биыл  Президент оңтүстік өңірге сапары кезінде Туды қираған шатырдың астынан алып шыққан Әбілқайыр Дәулетов, Бекмұрат Қараев пен Нұркен Намазға арнайы алғыс айтты. Олардың адалдығын жастарға үлгі ету керегіне тоқталды. 4 маусымнан өзге уақытта мемлекеттік рәміздерді насихаттай алып жүрсіз бе? – Тәуелсіздік алған 30 жылда көк Байрағымыз әлемдік деңгейдегі жарыстарда 4 мың рет көтерілген екен. Елтаңбамыз – әлемдегі ең әсем 9 елтаңбаның бірі. Біз интернат тәрбиелеген балалармыз. Ақпаратты мектептен, мұғалімнен алатынбыз. Ұстаз біз үшін ғалым, біз үшін бәрін білетін адам еді. Қазіргі заманда мұғалімнің де қадірі кетті. Заң жүзінде мәртебесін көтергенімен, беделі түсіп кетті. Қазіргі балаларды интернет тәрбиелеп жатыр. Рас-өтірігі аралас ақпараттар сүзгіден өтпей, әлеуметтік желі арқылы лезде таралады. Жастар арасында дәлелді-дәйексіз деректерге сенетіндері де бар. Көпшілік жиналған алаңдарда мемлекеттік Туды қорлаған жастарды көрдік. Өкінішті. Осындай келеңсіздіктерді болдырмау үшін жастар арасында патриотизмді насихаттаймыз. Тасқа басылған таңбаларды таныту бағытында профессор Қаржаубай Сартқожаұлымен бірлесе жұмыс істейміз. Күлтегін заманынан бергі көне жазуларды оқып, мәнін түсіндіріп, жазып берген еңбегі ұшан-теңіз. Мемлекеттік рәміздерді дәріптеу үшін Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібекұлымен тарихи жерлерді аралап жүрміз. Көпшілік тек қана Елтаңбаның авторы ретінде таниды. Оның архитектор, сәулетші ретінде  Астанадағы қаншама ғимаратта қолтаңбасы қалған. Самарқандтағы 150-ден астам ғимаратты жобалауға атсалысқанын үнемі айтып жүремін. Шәкен Ниязбековті тек қана мемлекеттік Тудың авторы деп білеміз. 1982 жылы Ресейде «Волга» автокөлігін құрастырған бес адамның бірі болған. 1980 жылдары пульті бар телевизорды ойлап тапқан. Кейін оны жапондар патенттеп алған. Жапон ғалымдарымен соттасып, авторлық құқын қайтарып алды. Біз осындай ұлы адамдар жасаған Елтаңба мен Тудың астында ел болып отырмыз. Ту – біздің рухымыз. Сәби өмірге келгенде туу туралы куәлігіне Елтаңба бейнеленген мөр басып береді. Елтаңба өміріміздің – ен таңбасы. – Өзіңіз басқарып отырған Геральдикалық зерттеулер орталығының алдағы жоспары қандай? – Геральдика орталығы Орта Азиядағы түркітілдес халықтар арасында Қазақстанда ғана бар. Тәжірибе алмасу мақсатында жуырда Ресейге барып келдім. Ресейде геральдиканың қалыптасу тарихы 300 жылға жуықтайды. Бірақ оларда тек қана герб бар. Атап айтқанда, ауылдан бастап аудан, облыс, аймақ, жалпы 3 мыңға таяу герб жинақталған. Бізде герб Кеңес өкіметі кезінде қолданысқа енді. Бізде өз тарихымызға қатысты тарихи таңбаларды жүйелі түрде зерттеу жүргізіліп жатыр. Бұл салада мамандар саусақпен санарлықтай аз. Келесі жылы Халықаралық геральдика конференциясын ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Осы мақсатта жазда Алматы облысында Тамғалы тас тарихи кешеніне арнайы бардым. Тамғалы таста 24 гектар аумақта 3 мыңнан астам суреттер бар. Тамғалы тас заманауи кешені маңайында бес киіз үй тігілген. 25 мемлекеттен шақыратын қонақтарды еуропалық үлгідегі ғимараттарда күтіп алып, шығарып салу жаңалық емес. Оның орнына конференцияны Тамғалы таста өткізсек деген ниетіміз бар. Тамғалы тасты кітаптан оқығанымен, жартастардағы бейнелерді көзбен көріп, қолмен ұстап, зерттеген, талқылаған дұрыс деп ойлаймын. Ұлттық киіммен қарсы алып, сақ, ғұндардың тұрмыс-салт тіршілігін шетелден келетін ғалымдарға көрсетуді мақсат етіп отырмыз. Сол кезде «Сендерде ел болмаған, жер болмаған» дегендердің аузына құм құяр едік. – Кейінгі кезде өз бетінше ізденіп, Түркия, Орта Азия, Ресей архивінен қолжазбаларды зерттеп жүрген санаулы азаматтар бар. Олар сіздің орталыққа құнды деректер ұсына ма? – Өкінішке қарай, мұндай мәліметтер ұсынбайды. Біз көбінесе, алаштанушы Тұрсын Жұртбай, Сұлтан Хан Аққұлы зерттеп жүргеннен кейін ол жұмысқа араласа бермейміз. Тарихшы ғалымдардың зерттеулеріне сүйенеміз. Әрине, тарихи деректерге қатысты әртүрлі пікір айтылып жатса, орталықтағы ғылыми кеңесте талқылаймыз. Тарихи құнды деректерге қатысты пікірталастың алуан түрлі болуы – заңдылық. Сондықтан біз ғылыми кеңес құрдық. Мемлекеттік тарих институтының зерттеушілері, тарихшы ғалымдардан құралған ғылыми кеңесте кез келген тарихи жаңалықты жан-жақты талдаймыз. – Деректерде көне заманда қолданылған Елтаңба, Тулардың бірнеше нұсқасы кездеседі. Көркем фильм, әшекей бұйымдарда қолдану үшін белгілі бір нұсқасын жүйелеу немесе бекіту мәселесін қарастыру ойда бар ма? – Тарихи таңбаларды насихаттаудың бір жолы – күнделікті тұрмыста қолданылатын заттарға бейнелеу, жапсыру. Киім-кешек, әшекей бұйымдарға бейнелесек, елдің көзі тезірек үйренеді. Орталықтың ғылыми кеңесінде осы кезге дейін Алаш туын талқыладық. Бірнеше нұсқасын қарастырдық. Ғалымдар бірауыздан Сұлтан Хан Аққұлының нұсқасына тоқтады. Алтын Орданың туына келсек, Қалиолла Ахметжан ұсынған нұсқасын бекітуге ғалымдар бірауыздан келісті. Себебі  тарихи кино, деректі фильм, мультфильмдерде алуан түрлі туларды көрсетеді. Сондықтан осы екі Туды тарихшы ғалымдар талқылап, бекітті. Енді соны кино өндірісі саласындағы мекемелерге ұсынамыз. Тарихи таңбаларымызды мақтанышпен насихаттайтын деңгейге жетсек деген мақсатымыз бар. – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен үш облыс қайта құрылды. Өңірлердің рәміздері, эмблемасы қандай болуы керек?   – Өкінішке қарай, өңірлік рәміздерде, облыс, ауданның таңбаларында ит, құс, түйе, жалпылама орман секілді неше түрлі дүниелер бар. Осының бәрін жүйелеп, ереже, әдістемесін әзірлеп жатырмыз. Өңірлік таңбаларды мемлекетшілдік, ұлттық мүдде, халықтар достығы, сондай-ақ тарихи мекендер болса, геральдикалық таңбаларды жасау бастамасын қолға алдық. Орталығымыздың екінші бір жұмысы – өңірлік рәміздерді жүйелеу. Әр облыс, әр ауданның өзінің эмблемасы бар. Оны бекітудің нақты бір жүйесі жоқ. Ауданның бір әкімі бекіткен логотип жаңадан қызметке келген әкімге ұнамаса, өзгертіп тастайды. Осындай кемшіліктерді жою үшін әдістеме әзірлеп жатырмыз. Өңірлік рәміздерді кемінде 5 жыл еңбек өтілі бар маман жасауы тиіс. Одан кейін облыстағы бүкіл қоғамдық кеңес талқылайды. Мамандардың талқылауынан өтсе, біздің орталықтағы сараптамалық кеңеске жібереді. Сараптамалық кеңесте 15-ке жуық осы саланың мамандары отыр. Егжей-тегжейлі талқылап, бір тоқтамға келсе, облыс немесе жергілікті мәслихат арқылы бекітіледі. Сол кезде ғана өңірдің таңбасы өзгермейді. Қазір  қайта құрылған Абай, Ұлытау, Жетісу облыстарының өңір таңбаларына баса назар аударып отырмыз. – Маңдайшадағы өңір таңбасынан бөлек ауыл, аудандардың кіреберіс қақпасының қос қапталында барыстан гөрі мысыққа ұқсайтын екі мүсін тұрады. Осы жерде барыстың мүсінін орнату қажет пе, әлде қасқырдың ескерткіші тұруы керек пе? – Біз аңыздарға сеніп, өзімізді көк бөрінің ұрпағымыз деп айтамыз. Аймақтарда ұсқынсыз ескерткіштердің бары рас. Қасқыр, барыс, арыстандарды мысыққа ұқсатып мүсіндейтіндер де бар. Ауыл, ауданның кіреберісіне «Арыстан жүректі елміз» деп айбарлы ескерткіш қойған дұрыс та шығар. «Көк бөрінің ұрпағымыз» деген мағынаны түсіндіргіміз келсе, қасқырдың мүсінін осы саланың тәжірибелі мамандарымен кеңесіп, мүсіндесе, нұр үстіне нұр болар еді. – Әңгімеңізге рақмет! Сұхбаттасқан Майра ЖАНЫСБАЙ