Ресейде ішінара мобилизация жарияланғаннан кейін шетелге бас сауғалап кеткен ресейліктердің қарасы көбейді. Қазақстанға да лег-легімен келіп жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Ресей азаматтарының Қазақстанда ЖСН алуына қатысты пікір білдірді.
Inform.kz-тің жазуынша, 21 қыркүйектен бері шамамен 70 мыңға жуық ресейлік Қазақстаннан ЖСН алған.
Цифрлық даму министрі Бағдат Мусиннің айтуынша, ЖСН арқылы шетелдіктерді қадағалауға болады.
«Көпшілік ЖСН банк картасын алу үшін қажет деп ойлайды. Бізге мемлекет үшін шетелдіктердің Қазақстандағы барлық іс-әрекетін қадағалау маңызды. Оларға нақты бір нөмір (ЖСН) беріп, барлық деректерді сәйкестендіреміз. Қайда барды, қандай қызмет алды, айыппұлы бар екенін көре аламыз. Біздің міндетіміз – оларды ІІМ картасына енгізумен шектелмей, қадағалаушы органдар арқылы бақылау», – деді министр.