Ел аманатына адал болайық!
Ел аманатына адал болайық!
440
оқылды
Астанада «AMANAT»-тың кезектен тыс XXIV съезі өтті. Шараға Саяси кеңес мү­шелері, депутаттар, мемлекеттік органдардың басшылары, ғылыми қауым­дастық пен мемлекеттік емес ұйымдардың өкілдері, сарапшылар қатысты. Сондай-ақ «AMANAT»-тың басты саяси іс-шарасына барлық облыс пен Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан 1200 партиялық жиналды, оның 700-і – еліміздің түкпір-түкпірінен келген делегаттар. Съездің күн тәртібіне сәйкес, бірінші кезекте алдағы Президент сайлауына партия­дан кандидат ұсыну мәселесі қаралды. «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов партия атынан Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын ұсынды.
«Қазіргі әлемдегі күрделі жағдайда, ал­мағайып уақытта бізге ең әуелі мемлекеттік жауапкершілікті терең сезінетін тегеурінді тұлға керек. Біз өткенге кері қайтпауымыз қажет. Ауқымды өзгерістер өзінің заңды жал­ғасын табуы тиіс. Ал мемлекет алдында тұрған ұлы мақсат-мұраттарға қол жеткізу үшін бізге лайықты көшбасшы керек. Сондықтан пре­зиденттікке үміткер ретінде Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты ұсынамын!» – деді партия Төрағасы.
Іс-шарада бірқатар делегат сөз сөйлеп, күн тәртібіндегі мәселелер жөнінде пікір білдірді. Қазақстанның Еңбек ері, ұстаз Аягүл Миразова Президент реформаларының бағытын қолдай отырып, қоғамда бейбітшілік пен келісім сақтау қажеттігін атап өтті.
«Мемлекет тізгінін ішкі, сыртқы саясатта мол тәжірибесі бар, еліміздің өткенін, бүгінін, халықтың жағдайын терең білетін тәжірибелі тұлға ұстағаны абзал. Ол – біздің Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев! Ұстаз, ана, әже ретінде өздеріңізге ақылымды қосып, бағыт-бағдар беру – парызым», – деді А.Миразова.
XXIV съезд Президенттің әрбір іс-әрекеті мен рефор­маларының негізінде тек халық мүддесі тұр. Әділетті қоғам құру, «халыққа құлақ асатын мемлекет» қалыптастыру жолында елімізде қызу жұмыс атқарылуда. Талай жыл жауыр болған көп мәселе ретке келе бастады. Қа­зақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Дәулет Тұрлыханов Президенттің бастама­сымен ел мүддесіне сай жүйелі реформалар қолға алынғанын, спорт саласының дамуына ерекше көңіл бөлініп, жақсы қолдау көр­сетіліп жатқанын айтты.
«Барлық өңірде әмбебап спорт кешендер салынды, аулаларға, қоғамдық орындарға жаттығу жабдықтары мен құрылғылар қойыл­ған. Осы мүмкіндіктерді орынды пайдаланып, дені сау, мықты ұрпақ тәрбиелеуіміз керек. Бәрімізге ортақ жалғыз ғана Отанымыз, мем­лекетіміз бар. Бізді ортақ мақсаттар мен құн­дылықтар біріктіреді. Елімізді қиын кезеңде тастамай, біріктіріп алып шыққан қажырлы еңбегін бағалап, болашаққа бағытталған тың бастамалары мен халықтың мүддесіне арнал­ған жоспарына сенім артып, Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты бір кісідей қолдауға шақырамын!» – деді Дәулет Болатұлы.
Айтыскер ақын, партияның Саяси кеңесі­нің мүшесі Бекарыс Шойбековтің айтуынша, ең қиын кезеңдерде Қасым-Жомарт Тоқаев әрдайым халықпен бірге түйткілді мәселелер­дің шешу жолдарын таба білді. Бұған Арыс, Мақтаарал, Қаңтар оқиғасы, Қостанай мысал бола алады.
 «Партиямыздың бүгінгі съезінде күрделі кезеңнің өткір мәселелері кеңінен талқы­ланды. Оның ішінде сыртқы қауіптердің ал­дын алу шаралары да бар. Мемлекет басшысы Түр­кістанда сөйлеген сөзінде «Біз үшін ең маңыз­дысы – халықтың аумақтық тұтастығы мен әл-ауқаты» деген еді. Осыған қатты мән беруі­міз керек. Біз еліміздің жарқын болашағы үшін аса маңызды саяси науқанды өткізгелі отырмыз. Олай болса «AMANAT» партиясы ұсынған кандидат Қасым-Жомарт Кемелұлы бастаған реформаларды бірігіп жүзеге асыруға ат салысайық», – деп атап өтті Бекарыс Шойбеков.
Бұдан кейін, Маңғыстау облыстық мәсли­хатының депутаты Аят Сүгірбай сөз сөйледі. «Ұлттық рух» қоғамдық бірлестігінің дирек­торы, қоғам белсендісі Президент қолға алған өзгерістер заң үстемдігіне негізделген демо­кратиялық қоғамды қалыптастыруға бағыт­талғанын айтты.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезектен тыс сайлау өткізіп, Президенттік мандатты 7 жылдық бір мерзіммен шектеу туралы ұсынысы елдің көңілінен шықты. Халық Мемлекет басшысының өзі бастаған өзгерістерді аяғына дейін жеткізуін қалап отыр. Ата Заңымызда жер мен табиғи ресурс­тардың нағыз иесі халық екені тайға таңба басқандай белгіленді. Біздің партиямыз осы бастаманы нақты жүзеге асыруға кірісіп те кетті. Қазір «Жер аманаты» комиссиясы құ­рылып, барлық өңірлерде жүйелі жұмыс жүр­гізіп жатыр. Бір ғана Маңғыстау облысының өзінде 240 мың гектардан астам жайылымды жер қайтарылып, халық иелігіне берілді. Қарапайым азаматтар мемлекетте тәртіптің болғанын, әрбір адамның құқы қорғалғанын, отбасының жайлы тұрмысын, лайықты жа­лақы мен тұрақты жұмыс орындарының ашылғанын қалайды. Алдағы жылдары осы өткір мәселелердің түбегейлі шешімін таба­тынына күмәніміз жоқ», – деді ол. «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаев мемлекет үшін осындай жауапты сәтте жастар белсенді азаматтық ұстаным та­нытуы тиіс екеніне сенімді. Оның айтуын­ша, бүгінгі «Жастар Рухы» – Мемлекет бас­шы­сының саяси жаңғыру бағдарын, страте­гия­лық жоспарларын терең түсінетін, 100 мың жастың ақыл-ойын тоғыстырып отырған беделді ұйым. «Алда өтетін Президенттің ке­зектен тыс сайлауын – саяси реформалардың жүйелі жалғасы әрі қазіргідей күрделі тұста ай­қындықты анықтап, шешімімізді өз уақы­тында әлемге жариялау деп түсінеміз», – дейді жастар қанатының төрағасы.
Пікір алмасып, дауыс беру рәсімінен кейін кезектен тыс XXIV съездің шешімімен «AMANAT» партиясы президенттікке Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын ұсынды. 700 делегат Сондай-ақ «AMANAT»-тың кезектен тыс XXIV съезінде партияның жаңа Саяси тұғыр­намасы бекітілді. Алдымен, қазақ тілінде дайындалған негізгі идеологиялық құжат да­му­дың басым бағыттары мен саяси бір­лестіктің басты принциптерін көрсетеді. Партия Төрағасы Ерлан Қошанов бүгін қабылданған «AMANAT»-тың Саяси тұғыр­намасы ұзақмерзімді және стратегиялық құжат екенін атап өтті.
«Бүгінгі съезді тарихи деп айтуға толық негіз бар. Біз партияның жаңа Саяси тұғырна­масын қабылдадық. Тұғырнаманың басты қағидасы – Адам, Қоғам және Мемлекет. Ондағы принциптер Президентіміздің саяси реформаларымен үндес. Партия алдағы қызметінде осы ұстанымдарды басшылыққа алады», – деді Ерлан Қошанов.
Саяси тұғырнаманы әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі, «AMANAT» пар­тиясынан сайланған Мәжіліс депутаты Айдос Сарым бұл құжатта партия Қазақстанның болашағы туралы идеясын айқын көрсетіп, өзінің ниеті мен мақсаттарын белгілегенін айтты.
«Жаңа Саяси платформа – бұл жал­пыпартиялық құжат. Платформаны дайындау барысында іс жүзінде әр дауыс пен көзқарас құнды дейтін плюрализм принциптеріне адал­дығымызды дәлелдедік. Платформа жоба­сын кеңінен талқылауды ұйымдастыра алдық. 2022 жылдың сәуірі мен қыркүйегі аралығында барлығы 1000-нан астам бастама мен ұсыныс түсті, 40 мыңнан астам партия­лықтың қатысуымен әлеуметтік сауалнама жүргізілді. Жұмыс тобының мүшелері құжат дайындау барысында зерттеу нәтижелерін, сондай-ақ партиялықтардың ұсынысы мен талап-тілегін толыққанды ескерді. Тұғырнама қоғамның әртүрлі топтарының көзқарасы мен мүддесін көрсетеді», – деді Мәжіліс депутаты.
Партияның Солтүстік Қазақстан облыс­тық филиалының атқарушы хатшысы Әсем Рахметованың айтуынша, ауыл елдің алтын бесігі болса, ауыл шаруашылығы – Қазақстан экономикасының күре тамыры.
«Біздің қоғам демократиялық қағидаттарға құрылуы тиіс, пікір әралуандығы мен сөз бос­тан­дығын қорғау керек. Солай бола тұра, ұлт­тық ақпараттық кеңістікті сыртқы және ішкі қатерлерден қорғау маңызды. Осы қағи­дат тұғырнаманы талқылау барысында жүзеге асырылды. Саяси тұғырнамада көкейкесті мәселелер мен оларды шешу жолдары көр­сетілген. Осы орайда біздің қоғамдық қабыл­даулардың жұмысын мысалға келтіруге бола­ды. Оның жұмысының арқасында партия филиалы әрдайым солтүстікқазақстан­дық­тардың қиындықтары мен түйткілді мәсе­лелерінен хабардар. Өкілетті органдармен тығыз қарым-қатынас орнатылғандықтан, түрлі проблемалар жылдам шешіледі. Саяси тұғырнама қоғамдық қабылдаулардың жұ­мысын күшейте түседі», – деді Әсем Рахметова.
М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры, партия Саяси кеңесінің мүшесі Нұрлан Серғалиев құжатта білім мен ғылым ерекше орын ала­тынын атап өтті.
«Жаңа Саяси платформаның басым ба­ғыт­тарының бірі – білім және ғылымды да­мыту. Бүгінгі қарқынды даму үстіндегі зама­науи қоғамда бұл екі сала тұралап қал­мауы тиіс, үнемі дамып отыруы үшін кешенді әрі жүйелі өзгерістер қажет. Алдымен, ой-өрісі терең, таным-көкжиегі кең, креативті идея­ларға бай білімді, көзі ашық, көкірегі ояу аза­маттарды тәрбиелейтін нақты һәм айқын мақ­сат болуы шарт әрі сол мақсатқа жетей­лейтін жүйелі өзгерістер керек», – деді ректор.
Ал белгілі саясаттанушы, партия Саяси кеңесінің мүшесі Марат Шибұтовтың пікірін­ше, партияның ескі платформасын жаңасы­мен салыстыра отырып, бірнеше маңызды айырмашылықтарды атап өтуге болады.
«Ескі құжатта азаматтардың мүддесін қор­ғайтын құндылықтар мен идеялар айтылды, десек те, онда адамның әл-ауқаты құжатты жүзеге асырудың басым бағыты бола алған жоқ. Ал жаңа Саяси платформа «Адам – бұл мемлекеттің басты байлығы» идеясына не­гізделген. Бұл тәсіл «жаңа әділ Қазақстан» құру идеясына сәйкес келеді. Партия халық үніне құлақ асатын мемлекет қағидатын нақты ұстанады, бұл ұстанымы құжатта да айқын көрсетілді», – деп атап өтті М.Шибұтов.
Президентті қолдау Съезд соңында Ерлан Қошанов форум өтетінін хабарлады. Онда еліміздің прогрес­сив­ті қоғамдық-саяси күштері Президентті қолдау жөніндегі коалицияға бірігеді.