Атырауда 37 жастағы Гүлдана Хинатулла №2 облыстық аурухананың модульдік бөлімшесінде төртінші сәбиін дүниеге әкелген соң келесі күні қансырап, жансақтау бөлімінде ота үстінде көз жұмды.
«Ақ Жайық» басылымының жазуынша, 3 600 грамм салмақпен аман-есен дүниеге келген нәресте қазір атасы мен әжесінің қолында, ал марқұм келіншектің қалған үш ұлы әкесімен бірге тұрады.
41 жасында әйелінен айырылып қалған Самалбек Бегалиев марқұмның өліміне дәрігерлер кінәлі дейді. Самалбектің өзі учаскелік полиция инспекторы қызметін атқарады. Гүлдана екеуінің тұңғышы бүгінде 18-ге толған. Мектеп бітірген соң Ақтөбедегі медицина институтына түскенімен, анасы қайтыс болған соң оқуын тастап, әкесіне көмектесу үшін үйіне оралған. Қазір де үлкен ұлы қалалық мейрамханалардың бірінде жұмыс істейді. Ал қалған үшеуі әлі кәмелеттік жасқа толмаған: екіншісі 14-те, үшіншісі 6-да, ал ең кішісі әлі 10 айға толмаған.
Бүгінде аталған қайғылы оқиғаға бір дәрігер күдікті деп танылғанымен, Самалбек келіншегінің өліміне бір емес, бірнеше адамның кінәлі екеніне сенімді. Ол дәрігерлердің келіншегін босандыру кезінде ішінен аяусыз басып, екі қабырғасын сындырып жібергеніне сенімді.
Самалбек әйелінің толғағы 17 қаңтар күні таңғы сағат 5.00-де үйде басталғанын айтады. Келіншегі таңға жуық оятып, екеуі жедел жәрдем шақырады, артынша кезекші дәрігерлер Гүлдананы аурухананың модульдік бөліміне жеткізеді, өйткені оған дейін келіншектің ПТР-тесті коронавирусқа оң нәтиже көрсеткен екен.
«14 қаңтарда әйелімнің ұялы телефонына СМС хабарлама келіп, оның ПТР сынамасы оң нәтиже көрсеткенін хабарлады. Ауру белгілері болмағандықтан, әйелім учаскелік дәрігерге хабарласып, қайтадан тест тапсырғысы келетінін айтқан. Учаскелік дәрігер мобильді топ келіп, отбасы мүшелерін 14 күндік карантинге жауып тастайды дегенімен, сол күйі ешкім келмеген. Ал облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында тексерілгеннен кейін олар коронавирус жоқ деген», – дейді Самалбек Бегалиев.
17 қаңтарда әйелі төртінші ұлын аман-есен дүниеге әкелді. Қуанышты хабарды сол күні телефон арқылы күйеуіне хабарлап, «Сәке, мен босандым, ұлды болдық!» деген.
«Мен қуанып, әйелімді құттықтадым да, сағат 23.00-де тағы қоңырау шалдым, бірақ ол қатты күйзеліп, жылап жатыр екен. Мен ештеңеден күдіктенбестен, оны жұбатып, бәрі жақсы болатынын айттым. Келесі күні таңғы 9.00-де қоңырау шалып едім, жауап бермеді. Содан дереу ауруханаға бардым, ол жерде әйелімнің көп қан жоғалтқанын, түнгі сағат 3.00-де жансақтау бөліміне түскенін білдім. 18 қаңтар күні кешкі уақытта маған әйелімнің қайтыс болғаны туралы хабар берді», – дейді марқұмның күйеуі.
Сот-медициналық сараптамада келіншек асқынған геморрагиялық шок жағдайында ұйқы безінің, көкбауыр артериясы мен тамырының жарылуы салдарынан ішке қан кетуі себепті көз жұмған деген қорытынды берген.
Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы өкілдері де Гүлдана Хинатулланың 18 қаңтарда модульдік ауруханада қайтыс болғанын хабарлады. Науқас бір күн бұрын толық жүктілік мерзімімен және коронавирусқа ПТР сынамасының оң нәтижесімен ауруханаға түскенін растады.
«Сол күні келіншек босанып, палатаға ауыстырылды. Түнде жағдайы нашарлаған соң оны кезекші дәрігер қарап, қажетті ем тағайындаған. Бірақ жағдайы жақсармағандықтан, таңертең кезекші реаниматолог және гинеколог әйелді тексеріп, жансақтау бөліміне жатқызды. Науқастың ішіне қан кету мүмкін деген күдікпен қосымша акушер-гинеколог, хирургтер бригадасы шақыртылып, операцияға жатқызылды. Операция кезінде оған «іштің жабық жарақаты, ұйқы безінің зақымдануы» деген диагноз қойылды. Емдеу хаттамасына сәйкес, медициналық көмек көрсетілді. Бірақ науқастың жағдайы жақсармады, оған екінші ота жасалғанымен, ол 2022 жылғы 18 қаңтарда қайтыс болды», – делінген басқарма хабарламасында.
Аталған дерекке қатысты Атырау облыстық Полиция департаментінің өкілдері де пікір білдіріп, жас ананың өлімі фактісі бойынша ҚР Қылмыстық кодекстің 317-бабы 3-бөлігімен ("Медицина қызметкерінің адам өліміне әкеп соқтырған кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауы") қылмыстық іс қозғалғанын айтты.
Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.