Qazaqstan Team республикалық қоғамдық жастар бірлестігінің жетекшісі Олжас Сүлейменов: «Біздің ұйым Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын ұсынды және басқа ұйымдармен бірлесіп жұмыс істеп, мемлекеттің дамуына және көзделген реформаларды іске асыруға бірге үлес қоса аламыз деп үміттенеміз», – деп атап өтті.
Мәжілістегі «AMANAT» партиясының депутаты, «Ұлттық волонтерлер желісі» ЗТБ төрағасы Вера Кимнің пікірінше, форум қатысушыларды жаңа жетістіктерге жетуге қанаттандырды.
«Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдайтын нағыз халықтық коалиция құрылды және біз оның бір бөлігіміз. Оны біз ғана емес, көптеген коммерциялық емес ұйымдар, саяси партиялар қолдады. Жігер жаныдық. Алда ауқымды жұмыс күтіп тұр», – деді депутат.
«Генералдар кеңесі» РҚБ төралқа мүшесі Тұрсын Айжұлов болса, Қасым-Жомарт Тоқаевтың президенттікке ұсынылуы ел дамуына жаңа серпін береді деп есептейді.
«Әділетті Қазақстанды сөз жүзінде емес, іс жүзінде құра алатынымызға сенімдімін. Бұл жұмыс қарқынды, тиімді әрі ұтымды атқарылады деп үміттенеміз», – деді генерал-майор.
Қазақстанның Азаматтық Альянсының президенті Бану Нұрғазиева да Мемлекет басшысының кандидатурасын қолдайтынын жеткізді.
«Бұл Қасым-Жомарт Кемелұлының кандидатурасын қолдайтын және оны президенттікке ұсынған барлық қоғамдық бірлестің – халықтық коалицияның форумы. Біз ел Президентін ғана емес, тұрақтылықты, бірлікті, Қазақстанның жарқын болашағын таңдаймыз!», – деді ол.
Ал Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев еліміздің спортшылары сайлауда Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын қолдауға дайын екенін жеткізді.
Естеріңізге сала кетейік, кеше Астанада Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау жөніндегі халықтық коалицияның форумы өтті. Форум жұмысына «AMANAT», «Ақ жол», Қазақстанның Халық партиясы сынды саяси партиялардың және 30-дан астам республикалық қоғамдық ұйымның екі мыңнан астам өкілі қатысты.