Астана абаттануда
Астана абаттануда
526
оқылды
Қаланың көркі – қоғамдық орын. Олай дейтініміз, қала тұрғындары мен қонақтарына уақытын тиімді ұйымдастырып, демалысын көңілді өткізгені қажет. Ол үшін заманауи бульварлар мен скверлер, тозығы жеткен балалар алаңқайының жаңарғаны көңілге қуаныш сыйлайды. Соңғы жылдары Астанадағы аулалар мен қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру жүйелі негізде жалғасып жатыр. Биылдың өзінде бас қалада бірнеше жаңа тартылыс нүктесі пайда болды, онда қала тұрғындары мен қо­нақтары бос уақыттарын денсаулыққа пайдалы әрі жайлы өткізе алады деген сөз. Мысалы, елор­дада бірер жылдың өзінде ғана 750-ден астам аула мен қоғамдық кеңіс­тік (саябақтар, скверлер, бульварлар) абат­тан­дырылды. Ал биыл қалада Бейбітшілік және келісім сарайы ауданында амфитеатр, қаланың оң жаға­лауын­дағы тағы бір жаяу жүргіншілер жолы, «Встреча» сауда үйі жа­нындағы кеңістік, Бейбітшілік және келісім саябағы, қала ала­ңы секілді бірқатар қо­ғамдық орын салынды.
Елорда тұрғындары мен қонақтары бос уақыттарын қолайлы және денсаулыққа пайдалы етіп өткізе алатын ашық аспан астындағы орындарды құру өте маңызды екенін айтқан Астана әкімі Алтай Көлгінов: «Астана – жайлы қала» мастер-жоспары аясында біз жыл сайын 250-ге жуық аула мен қоғамдық кеңістік салынды. Осылайша, соңғы жылдары 750-ден астам аула мен қоғамдық кеңістік абаттандырылды. Мә­селен, Бейбітшілік және келісім сарайының жанына амфитеатр салдық. Онда түрлі шығармашылық қойылым өтеді. Ал Бараев көшесінде тағы бір жаяу жүргіншілер про­менады абаттандырылды. Көше спорты ко­лизейі ашылып, көпір маңындағы кеңіс­тіктер абаттандырылды. Оң жағалауда біз бірінші жаяу жүргіншілер променадын, ор­та­лық саябақты, субұрқақтары бар қала­лық алаңды, «Театральный» бульварын, жағалау секілді тағы бірқатар қоғамдық кеңістікті өзара біріктірдік», – деп атап өтті.
Бұдан бөлек, Астана әкімі абаттандыру кезінде тұрғын үй алаптарына ерекше назар аударылатынын жеткізді. Тек тұрғын алап­тардың өзінде 300-ге жуық аула мен қоғам­дық кеңістік абаттандырылса, Көкталда 16 гектарға саябақ салынған. Көпшілік үшін қолжетімді әрі тартымды орынға айналған қоғамдық кеңістіктер мен аула аумақтарында әркім өз қалауы бойынша айналысатын іс табады. Өйткені аумақта баскетбол мен футбол алаңдары, workout және тыныш демалуға арналған аймақтар, әткеншектер, шығармашылық өнер көрсетуге арналған сахналар, скейт-орынға дейін ескерілген.