Шетелдіктердің Қазақстаннан бала асырап алуы соңғы кездері көзден таса қалған тақырыпқа айналды. Бұған осы процестің тоқтағаны себеп болса керек. Ресми дерек бойынша, соңғы екі жылда елімізден жат жұртқа бірде-бір бала асырауға берілмеген. Алайда бұл қазақстандық бүлдіршіндер шетел асып жатқан жоқ деген сөз емес. Таяуда Бас прокуратура мен Оқу-ағарту министрлігі адамды елең еткізер қулықты әшкереледі. Демек, шетелдіктердің бала асырап алуы тоқтамаған.9 мыңға жуық бала топырағынан алыстады
Осыған дейін өзге елден пана тапқан бүлдіршіндер мыңдап саналады. Балалар құқығын қорғау комитетінің мәліметі бойынша 1999-2012 жылдар аралығында 8 806 бала өзге мемлекеттерге берілген. Ал 2013-2019 жылдарда 157 бала шекара асқан. Жалпы алғанда, 20 жыл ішінде 8 963 бала шетелдік отбасыларға берілген. 2013 жылдан бастап бала асырап алу неге азайған дерсіз? 2012 жылы «Неке және отбасы туралы» кодексі күшіне енгеннен бастап Қазақстанда бала асырап алу тәртібі өзгеріп, тек аккредитациядан өткен агенттіктер арқылы жүзеге асатын болды. Өзге ел азаматтарының бала асырап алу процесі 2012 жылға дейін тек «Неке және отбасы» заңымен іске асқаны үшін талап жеңіл болған. Сол себепті 1999-2012 жылдар аралығында шет елге кеткен бала саны көп болды. Ал 2013-2020 жылдар да талап қатаңдап, арнайы шетелдік агенттіктерді аккредитациялау арқылы іске асты. 2019 жылы 8 бала шекара асты. Соның ішінде Белгияға – 4, Испанияға – 1, Канадаға – 1, Францияға – 2 қазақ баласы асырауға берілген. Ал 2020 жылдан бастап шетелге бала берілмеген. Бірақ қуануға әлі ерте екен. Әккілер заңды да айналып өтудің жолын тапқан.
Баладан безудің жолы көп
Қазақстанда жатыр ана қызметі заңдастырылған. Дегенмен шетелдіктерге қазақстандық суррогат ана қызметіне жүгінуге көп кедергі бар. Құжат жинау күрделендірілген, бюрократия жетерлік. Тәуелсіз сарапшылар мен зерттеушілер мұны дұрыс санаған. Өйткені әлемде адам ағзаларының саудасы өрістеген, балалар осы мақсатта пайдаланылуы мүмкін. Кезінде елімізден бала әкеткен АҚШ азаматтарының кейбірі есеп беруге міндетті емесін айтып, шу шығарғаны есімізде. Баланың тағдырын өзіміз шешеміз дегендей емеурін аңғарылды. Кей бала қаза тапқаны да бар. Сондықтан жатыр ана жайына шетелдіктерді жолатпауымыз бекер емес.
Қош, сонымен жақында Бас прокуратура мен Оқу-ағарту министрлігі Қазақстанда баланы асырауға берудің қу тәсілі жолға қойылғанын анықтады. Схема қарапайым әрі заңда бекітілген тетіктерге құрылған. Мәселен, нәрестесінен бас тартып, оны сатқысы келетін ана сәбиін сатып алғысы келетін отбасыны алдын ала табады. Баласы дүниеге келген соң оның құжатында «әкесі» деген тұсқа әлгі отбасының отағасының аты-жөнін жазады. Артынша анасы баладан бас тартып шыға келеді. Заң бойынша оны әкесі бағуы керек. Бала автоматты түрде құжатта көрсетілген әкесіне беріледі. Министрлік баладан бас тартудың бизнеске айналып кетуінен қауіптеніп отыр. Өйткені құжатында әкесінің аты көрсетілсе, сәбиді соған беруге мемлекеттің өзі міндеттейді.
Заңның «заңсыз» тұсы
Ел Конституциясының 27-бабына сәйкес, балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу – ата-ананың табиғи құқығы әрі міндеті болып есептеледі. Ал «Неке және отбасы туралы» кодекстің 70,72-баптары ата-аналарды балаға тәрбие, білім беруге, құқықтары мен мүдделерін қорғауға міндеттейді. Осы кодекстің 68-бабының 2-тармағына сай, ата-аналардың бұл құқықтары мен міндеттері тек балалар 18 жасқа толған соң, сондай-ақ кәмелетке толмаған бала некеге отырғанда ғана тоқтатылады. Ата-ананың қалауынша басқа жолдармен бұл міндеттерді тоқтату мүмкін емес. Баланы тәрбиелеу міндеті сот шешімімен ата-ана құқығынан айырылса ғана жойылуы мүмкін.
«Тексеруден соң заңсыз асырап алудың, шетел азаматтарының Қазақстаннан бала әкетуінің көптеген оқиғасына әкелген бірнеше заңсыз схемалар әшкере болды. Бұл заңбұзушылықтарға лауазымды тұлғалардың әрекеттері мен әрекетсіздігі, заңнамадағы олқылықтар ықпал етті. Бұған ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың және оларды өз отбасыларына тәрбиелеуге қабылдағысы келетін адамдардың республикалық деректер банкінің (РДБ) жетілмегендігі септесіп отыр», – деп мәлімдеді Оқу-ағарту министрлігі.
Ведомство өкілдері ең көп таралған бір схеманы тапқан. Жас босанған ана өз баласының әкесі ретінде басқа әйелмен некеде тұрған ер адамды көрсетеді. Немесе бала ересектеу болса, онда оны асырап алуға ынтыққан ер адам жалған «зерттеу» қорытындысымен баланың әкесі ретінде анықталады, бұл фактіні екі жақ та мойындайды. Міне, мәселе шешіле салады. Осыдан кейін анасы баладан бас тартып, оны «әкесіне» береді. Шынында, ол адам баланың биологиялық әкесі болмайды. Бұл ретте мемлекет отбасыларды шынайы зерттеу жүргізуге міндеттей алмайды. Ал «Неке және отбасы» кодексінің 47-бабының 5-тармағына сәйкес, баланың анасымен некеде тұрмаған адам сол баланың әкесі екенін растағысы келсе, сол әйелмен бірге, тіркеуші органға бірлескен өтініш берсе, жеткілікті. Бұл тетік асырап алушыларға баладан бас тартуды жоспарлап отырған жүкті әйелдермен келіссөздер жүргізуге мүмкіндік ашқан. Әйтпесе заң бас тартылған баланы алдымен мемлекеттік есепке қоюды, оның деректерін РДБ порталына енгізуді, содан соң оны алғысы келетін ата-аналардан бала асырап алу процедураларынан өтуді талап етеді.
Негізі, Қазақстанда жасөспірімдерге қарағанда, бөбектерге сұраныс жоғары екен. Кейбір деректер бойынша былтыр 5 мыңнан астам адам өзгенің нәрестесін иеленуді күтіп жүрген. Министрлік тағы бір кең таралған схеманы көрсеткен. Ананың туысқандарына беру үшін өз баласынан бас тартуы. Кеңес кезінде де қазақтар перзенттерін баласыз ағайынына бере беретін. Байырғыдан келе жатқан бұл дәстүр «бауырына салу» деп аталған. Алаяқтар осы салтты кері мақсатта қолданып жүрген. Өйткені туыстықты анықтау да жай ғана құжат толтыру арқылы жүргізіледі. Дамыған елдердегідей аса қымбат ДНК зерттеуі арқылы туыстық дәрежесін анықтау заңнамада көзделмеген. Соның кесірінен 2015 жылдан бері нотариустер баладан бас тартып, туысқандарының тәрбиесіне берудің 1,4 мыңнан астам өтінішін рәсімдеген. Осы тәсілмен асырап алғандар арасында шетелдіктер болған. Осы істерде туыстық қатынастарды растайтын бірде-бір құжат жоқ. Мысалы, Алматы облысында сот өз шешімімен ерлі-зайыпты Ш.Ж.К. мен С.Л.Б.-ның Е.С. есімді қыз баланы асырап алу өтінішін қанағаттандырған. Прокуратураның сауалнамасы кезінде асырап алушылар 2019 жылдың қараша айында отағасы жұмысындағы әріптес әйелмен көңіл қосып, оның некеден тыс қыз туғанын әңгімелеген. Ол келіншек баласын дүниеге әкеле сала, одан бас тартып, нәрестені бірден осыларға беріпті. Бұл ретте асырап алушылар ол баланың биологиялық анасының туысы емес, әрі қорғаншылық органына да жүгінбеген. Дәл осы схеманы шетелдік бала асырап алушылар да қолдана алады. Абырой болғанда, Оқу-ағарту министрлігі балалар құқығын қорғау мәселелері бойынша қолданыстағы заңнамаға түзетулер әзірлеп үлгеріпті. Ол заң жобасы қабылданса, ата-анасы бас тартқан балаларды айналма схемалармен асырап алуға тосқауыл қойылуы мүмкін. Дегенмен оған дейін қанша уақыт кететіні белгісіз.
Қазақстанда балалар үйі тәрбиеленушілері азайып келеді. Соңғы 4 жылда жетімханадағы балалар саны 32 пайызға кеміген. 2017 жылы 6 223 баладан 2021 жылы 4 244-ке дейін түскен. Балалар үйі саны 138-ден 89-ға дейін қысқарған. Дегенмен жетімдер үйінің азайғаны өз ата-анасынан жырақтаған балалардың азайғанын көрсетпесе керек. Сондықтан бұл мәселе алдағы кезеңде құзырлы органдардың назарынан тыс қалмағаны жөн.