Биыл 22 сәуірде сарбаз Әлібек Қалбай Жамбыл облысы Гвардейский әскери бөлімінде есінен танып құлап, көз жұмды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Әскери госпитальда қайтыс болған сарбаз өліміне қатысты сот отырысы өтті.
«Ақ Жайықтың» жазуынша, 6 қазан күні Алматы гарнизонының әскери соты 22 сәуірде Жамбыл облысы Гвардейский елді мекеніндегі госпитальда қайтыс болған 18 жастағы жауынгер Әлібек Қалбайдың өліміне қатысты істі қайта тергеу туралы қаулы шығарды.
Жәбірленуші тараптың адвокаты Гүләйым Шинтаева сотқа дейінгі тергеудің айғақтарына күмән келтіріп, істің жан-жақты қайта зерттелуін сұрап, өтінішхатын жолдады. Сотқа айыпталушы тараптан да осындай өтінішхат түскен.
Әлібек Қалбайдың өліміне қатысты күдікті ретінде ұсталған сарбаздың анасы араша сұрағанын жазған болатынбыз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құзырлы органдарға Жамбыл облысындағы сарбаз өлімінің шынайы себебін анықтауды тапсырды.