Шығыс Қазақстан облысының Алматыға баратын жолында патрульдік полицейдің мәйіті табылды. Оның басы көлікке қысылған, жолда оны сүйретуден із қалған, - деп жазды YK.kz,
Ресми емес мәлімет бойынша, әріптесі полицейді өлі күйінде тапқан.
ШҚО ПД баспасөз қызметінен хабарлағандай, көз жұмған полицейдің 36 жастағы әріптесі оны өлтірді деген күдікпен ұсталды.
«10 қазанда Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігі бойынша Шығыс Қазақстан облысы ПД патрульдік полиция инспекторы өліміне күдікпен сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазір тиісті сараптама тағайындалды. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр», – делінген хабарламада.
Полицейдің әріптесі уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Оқиға орнына облыс прокуроры, Полиция департаментінің бастығы, Жеке қауіпсіздік департаментінің бастығы, сондай-ақ ІІМ әкімшілік полиция комитетінің өкілі келді.
Қылмыстық іс ІІМ ерекше бақылауына алынды.