Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоған Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) саммитінде сөз сөйледі. Қазақ халқына қонақжайлығы үшін алғыс айтты.
«Қымбатты ағам, Қасым-Жомарт Тоқаев мырза, құрметті қонақтар, мен АӨСШК саммитіне қатысқаныма қуаныштымын. Тоқаев мырзаға және қазақ бауырларға қонақжайлық үшін алғыс айтамын. Осы отырысқа қатысқан Кувейтке қош келдіңіздер деймін. Мұның барлығына жақсылық әкелгенін қалаймын», – деді Түркия президенті.
Tengrinews.kz-тің жазуынша, Ердоған жаһандық қауіпсіздік маңызды екеніне тоқталды.
«Украинадағы кейінгі дағдарысты аймақтық және жаһандық деңгейде көріп отырмыз. Әрқашан әділ әлемге дипломатия арқылы қол жеткізуге болатынын айтамын. Соғыста жеңімпаз жоқ. Екінші жағынан, біздің БҰҰ-мен соғыс салдарын жою жөніндегі қарқынды күш-жігеріміз бүкіл әлем бойынша мойындалды. Қара теңіз арқылы Украина астығын экспорттау туралы Ыстамбұл келісімі және өткен айда басталған тұтқын алмасу жұмыстары - осы бағыттағы елеулі жетістіктер. Біздің мақсатымыз – жергілікті жерлердегі барлық қиындыққа қарамастан, қол жеткізілген қарқынды сақтау және қантөгісті мүмкіндігінше тезірек тоқтату», – деді Ердоған.