"Есірткі шеккен": Қызылордада күйеуі ұрып өлтірген келіншектің туыстары бүкіл шындықты айтты
"Есірткі шеккен": Қызылордада күйеуі ұрып өлтірген келіншектің туыстары бүкіл шындықты айтты
Фото: instagram/nemolchi.kz
Жантүршігерлік оқиға биыл 3 қыркүйек күні Қызылордадағы кафелердің бірінде болған еді. Ерлі-зайыптылардың өзара жанжалы төбелеске ұласып, 27 жастағы келіншек ауыр соққыдан жан тапсырған болатын, – деп хабарлайды Экспресс К.
Сол күні марқұм Ажар Шадиева күйеуі Руслан Отарбаевпен бірге караокеге барып, туған күнін атап өткен. Сауық кештің соңында ерлі-зайыптылар арасында ұрыс шығып, ашуға булыққан отағасы әйелін көгала қойдай етіп сабайды.
Осылайша, караокедегі қыдырыс қанды қылмыспен аяқталады. Куәгерлерден сұмдық оқиғаның мән-жайын сұраған марқұмның әпкесі Жұлдызай Шадиева "Еуразия" бірінші арнасының "Көреміз" бағдарламасында болған жайтты бүкпесіз баяндап берді.
"Кафеден шыққаннан кейін есіктің алдында Руслан Ажарды ұрған. Жағасынан ұстап, басын асфальтқа соққан. Көрген адамдардың айтуынша, одан кейін бетінен тепкен. Ажар қашқан, күйеуі қуып жетіп ұрған. Содан кейін талып жатқан әйелді көліктің ішіне салып алған. Бізге денесін сараптамадан кейін берген кезде сынған қабырғаларының санын айтып, тепкіден ішіне қан кеткен және миына қан құйылған деді. Түнгі сағат 02.10-да ол жерден кетсе, түнгі 4-ке қарай үйіне барған. Ол аралықта қайда болғанын мен білмеймін", – деді Жұлдызай Шадиева.
Әйелін аяусыз соққыға жыққан Руслан Отарбаев інісінің көлігімен келіншегінің қан-жоса денесін үйіне әкеліп, жуындырған. Ал марқұмның анасы Анаргүл Шадиева қызының мәйітін жасауына берген көрпенің астынан тапқан. Сол сәтте жедел жәрдем көлігін шақырғанда барлығы кеш еді.
"Жатын бөлмедегі жерде жатыр. Үстін көрпемен жауып тастаған. Көрпені ашып көріп едім, беті жоқ, мүлдем ұрып тастапты. Өліп қалғанын бірден сездім. Су-су болып паласта жатыр, жуындырған ғой", – дейді марқұм келіншектің анасы.
Келіншегінің жан тапсырғанын сезген сәтте күйеуі оқиға орнынан қашып кетеді. Кейін құзырлы орган өкілдері күдіктіні ұстаған. Қазір Руслан Отарбаев уақытша тергеу қапасында отыр екен. Дәл осы қанды оқиғаға қатысты Қызылорда облысының Полиция департаменті аталған бағдарламаға хат жолдапты.
"Бұл оқиға бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы  1-бөлігімен (Адам өлтіру) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Сол күні күдікті құрықталып, оған қатысты тергеу сотымен "күзетпен ұстау" бұлтартпау шарасы санкцияланды. Қылмыстық іс бойынша барлық қажетті сот сараптамалары тағайындалды. Тергеп-тексеру барысы департамент басшылығының қатаң бақылауында",делінген ресми хабарламада.
Дәл қазір марқұм Ажар Шадиеваның туыстары бұл іске қатты алаңдаулы. Өйткені сіңлісін аса қатыгездікпен өлтірген жігіт жазадан құтылып кете ме деп қорқады.
"Сіңлім аса қатыгездікпен өлтірілген. Ол жерде Руслан жалғыз болмаған. Оның ағасы Нұрбол, Нұрболдың келіншегі Динара болған. Русланның қасында бір өзбек жігіт жүреді. Сол да аяғына дейін болған. Қазір олар өздерінің үйінде рахат өмір сүріп жатыр", – дейді Ажардың әпкесі.
Руслан Отарбаев – 29 жаста. Осы уақытқа дейін тұрақты жұмысы болмаған. Марқұм  әпкесінің айтуынша, медициналық сараптаманың нәтижесінде сол оқиға болған түні күдіктінің ағзасында есірткі болғаны анықталған. Сондай-ақ күйеу баласы сіңлісіне бұрын да бірнеше рет қол көтерген екен. Бірақ Ажар жолдасын жақсы көретінін айтып, отбасын сақтап қалғысы келген. Ал әйелін ұрып өлтірген Руслан Отарбаевтың анасы да өз пікірін білдіріп, бақилық болған келіннің ата-анасынан кешірім сұрап отыр.
"Отбасы болғаннан кейін түрлі жағдайлар болады ғой. Бірақ осындай ұрып-соғу дегенді естімеппін. Келін демікпемен ауыратын, өзі есепте тұратын. Мен ұлымды ақтамаймын. Мен құдағиымнан кешірім сұраймын. 19 миллион адамның алдында кешірім сұраймын. Үш немерем жетім қалды, келіннен өлідей, баламнан тірідей айырылып отырған жоқпын ба... Мен баланы тудым, бірақ оның мінезін туғаным жоқ. Өзінің істегенін мойынымен көтерсін. Әрине, ол істеген ісіне өкінеді",деп зар жылады күдікті жігіттің анасы.
Айта кетейік, Руслан Отарбаев пен Ажар Шадиева 2015 жылы шаңырақ көтерген. Қазір олардың алтын асықтай үш ұлы жетім қалды.