12 қазан күні түс ауа Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге мемлекеттік сапармен келген түркиялық әріптесі Режеп Тайип Ердоғанмен келіссөз жүргізді. Мемлекет басшысы Түркия Республикасының Президентін Ақорда резиденциясында Құрмет Қарауылының қатысуымен салтанатты түрде қарсы алды.
– Сіздің бүгінгі мемлекеттік сапарыңыз екі елдің ынтымақтастығына үлкен серпін береді деп ойлаймын. Біз Түркиямен тең дәрежедегі ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға баса мән береміз. Бұл менің ерекше назарымда. Кездесуіміздің күн тәртібіндегі бірқатар мәселелер бойынша пікір алмасып, уағдаластыққа қол жеткіземіз деп ойлаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Режеп Тайип Ердоған шақыртуға алғысын айта келіп, екіжақты кездесудің жемісті өтетініне сенім білдірді.
– Бүгін Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің 4-отырысын өткіземіз. Сондай-ақ ертең Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің саммитіне қатысамыз. Сіздің көшбасшылығыңызбен жүргізілген реформалар қазақ халқының тыныштығын сақтап, әл-ауқатын жақсартатынына сенімім мол. 20 қараша күні болатын Президент сайлауы әділ әрі жаңа Қазақстан үшін қайырлы болуын және сізге сол сайлауда сәттілік тілеймін, – деді Режеп Тайип Ердоған.
Сондай-ақ Түркия Президенті жаһандық және аймақтық тұрақсыздық белең алған шақта түркі мемлекеттерінің ынтымағын одан әрі нығайту қажет екенін, сондықтан стратегиялық серіктес әрі бауырлас ел Қазақстанның қауіпсіздігіне, тұрақтылығына, территориялық тұтастығына және экономикалық әл-ауқатының жақсаруына айрықша мән беретінін жеткізді.
– Сіздің мамыр айында Түркияға келген мемлекеттік сапарыңыз барысында қол қойылған 14 ынтымақтастық туралы құжат пен ортақ декларация қарым-қатынасымызға тың серпін берді. Бүгін осы келісімдерге қосымша жаңа құжаттар қосылады. Атажұртыма келген маған және менің делегацияма қонақжайлық көрсеткеніңіз үшін тағы да алғыс айтамын, – деп жалғады сөзін Режеп Тайип Ердоған.
Алдын ала бекітілген күн тәртібіне сәйкес, жиында сыртқы саясат және инвестиция саласындағы іс-әрекет, сауда-экономикалық ынтымақтастық, көлік-логистика және әскери өндіріс саласындағы ықпалдастық, энергетика саласындағы байланыстар және ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық секілді 5 мәселе талқыланды.
– Мақсатымыз – сауда айналымын 10 миллиард долларға жеткізу. Анкара соңғы 15 жылда Қазақстанға 4,35 миллиард доллар инвестиция құйды. Ал біздің еліміз Түркияға 1,13 миллиард доллар қаржы салды. Түркия Қазақстанның ең ірі 10 инвесторының қатарында тұр. Жалпы, екіжақты сауда-саттық әлеуетін арттыру жолында транзиттік тасымал бағыттары маңызды рөл атқарады. Біз тасымал шығынын азайтып, жеткізу мерзімін қысқарту үшін Транскаспий дәлізін дамытуға шақырамыз. Бүгінгі кездесуде біз оны талқыладық. Көзқарасымыз бірдей. Биыл маусым айында Бакуде үшжақты форматтағы кездесу өтті. Біз бұл дәстүрді жалғастыруға ниеттіміз. Келесі басқосуды Ақтауда өткізуді ұсынамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Түркия Президенті өз кезегінде екі ел арасындағы сауда айналымын қысқа мерзімде 5 миллиард, орта мерзімде 10 миллиард долларға жеткізуге уағдаласқандарын атап өтті.
– Әзірге бәрі жоспарға сәйкес жүргізіліп келеді. Көлік-логистика саласындағы ынтымақтастығымыз біздің орта мерзімге жоспарлаған межемізге тез жетуге мүмкіндік береді. Каспийдің маңызы артып келеді. Бакудегі үшжақты кездесу сәтті өтті. Ақтаудағы басқосу бұл жұмыстарды ілгерілетеді деп сенеміз. Біз жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін арттыру жөніндегі әлем алдындағы міндетімізді тиісті деңгейде орындап келеміз. Бұл тұрғыда астығы мол Қазақстанның әлеуетін пайдалануға болады деп есептеймін, – деді Режеп Тайип Ердоған.
Пікір алмасулардан кейін күн тәртібіндегі 5 мәселеге жауапты екі елдің министрлері сөз сөйледі. Келіссөздерден кейін мемлекеттер басшыларының қатысуымен ресми делегацияның мүшелері бірқатар құжаттар қабылданды. Атап айтқанда, Денсаулық сақтау саласындағы, ветеринариялық қызметтер көрсету саясаты және тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі саласындағы ынтымақтастық туралы келісімдер мен музей ісі, ескерткіштерді қорғау және реставрациялау, сондай-ақ мәдениет саласындағы, одан бөлек техникалық реттеу, стандарттау, метрология, аккредиттеу және сәйкестікті бағалау саласындағы, Отбасы істері, еңбек және әлеуметтік қызметтер министрілігі арасындағы ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы бірнеше меморандумға қол қойылды.
Жиын барысында Мемлекет басшысы қазақ-түрік қатынасын тұрақты дамытуға өлшеусіз үлес қосқаны үшін Түркия Президентін І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.
– Сіздің сындарлы саясатыңыздың арқасында Түркияның әлемдегі абырой-беделі арта түсті. Еліңізді дүниежүзі әлеуеті зор, дамыған мемлекет ретінде біледі, құрметтейді. Түркия – біздің ежелден еншісі бір, тамырлас туысымыз. Сондай-ақ Қазақстанның ең жақын әрі сенімді стратегиялық серіктесі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қос ел басшыларының бұқаралық ақпарат құралдары үшін берген брифингінде Мемлекет басшысы Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің 4-отырысында бірқатар үкіметаралық құжатқа қол қойылғаны атап өтті. Сонымен қатар көлік-транзит саласындағы ынтымақтастықтың даму перспективасына назар аударды.
–Транскаспий халықаралық көлік бағдары арқылы тасымалды ұлғайтуға екі ел де мүдделі. Өңірдегі тұрақтылықты сақтау үшін бұл стратегиялық жобаның зор маңызы бар. Биыл 7 айда осы бағыт арқылы тасымалданатын жүк көлемі 2,5 есеге артып, 1 миллион тоннаға жетті. Осы ретте, мемлекеттеріміздің «Орта дәлізді» дамытуы қазір өте маңызды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Келіссөздер барысында жаһандық өзекті мәселелер де назардан тыс қалмады. Президент көптеген халықаралық мәселелер бойынша екі елдің ұстанымы жақын екенін атап өтті. Сондай-ақ Режеп Тайип Ердоғанның дүниежүзіндегі дағдарыстар мен аймақтағы мәселелерді шешу жолындағы бастамаларын қолдайтындығын жеткізді. Одан бөлек, туысқан елдерді ортақ мүддеге ұйыстырып отырған Түркі мемлекеттері ұйымының жұмысына үлкен сенім білдірді.
– Біз көпжақты дипломатияны одан әрі нығайтуға ерекше мән береміз. Екі елдің серіктестігі Біріккен Ұлттар Ұйымы, Түркі мемлекеттері ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес сияқты көпжақты құрылымдар аясында ойдағыдай дамып келеді. Ертең Түркия Президентімен бірге Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің 6-шы Саммитіне қатысамыз, – деді Мемлекет басшысы.
Өз кезегінде Түркия Президенті Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарының нәтижесіне ризашылығын білдірді.
– Біз бауырлас Қазақстанның егемендігін, территориялық тұтастығын, бейбітшілігі мен тұрақтылығын әрдайым қолдаймыз. Біздің бірлігіміз бен ынтымақтастығымыз мәңгілік! Қазақстан Президентінің басшылығымен жүргізіліп жатқан реформаларды жоғары бағалаймын. Алдағы президент сайлауының қорытындысы Қазақстанға игілік әкелсін, – деп сөзін түйіндеді Режеп Тайип Ердоған.