12 қазан күні ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге мемлекеттік сапармен келген Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәниді «Ақорда» резиденциясында Құрмет Қарауылымен қарсы алды.
– Жоғары мәртебелі шейх Тәмим мырза, өзіңізбен Қазақстанда кездесіп отырғаныма өте қуаныштымын. Менің шақыруымды қабыл алып, мемлекеттік сапармен Қазақстанға келгеніңіз үшін шын жүректен ризашылығымды білдіргім келеді. Біз бүгін екіжақты қарым-қатынастың ең маңызды мәселелері бойынша тиісті уағдаластықтарға қол жеткіземіз. Біз үшін Қатар Мемлекеті – Таяу Шығыстағы ең маңызды серіктес. Сондықтан қарым-қатынасымызды одан әрі дамыту үшін бар күш-жігерімізді саламыз, – деді Мемлекет басшысы Әмірліктен келген шағын делегацияны қабылдаған кезінде.
Қатар Әмірі де өз кезегінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстанға шақырғаны үшін алғыс айтты.
Шағын құрамдағы кездесуден кейін екі ел делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізілді. Тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға ерекше назар аудара отырып, қазақ-қатар қарым-қатынасының жай-күйі мен даму перспективаларын талқылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев қатарлық компанияларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін мәлімдеп, оларды еліміздегі бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға шақырды. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы, энергетика, мұнай-химия, тау-кен өнеркәсібі, қаржы салаларында мол мүмкіндіктер бар екеніне тоқталды.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы келер жылы Қазақстан мен Қатар арасында дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 30 жыл толатынын атап өтті.
– Бұл – ерекше мерейлі белес. Осы мерзім ішінде біз мемлекетаралық тығыз ынтымақтастық орнаттық. Сындарлы саяси диалог құрдық. Осының бәрі дәстүрлі достық пен берік әріптестікке негізделген. Астанадағы «Әл-Фараби» мешіті мен шейх Тәмим атындағы білім ордасы – осының айқын көрінісі. Сондай-ақ жуырда Алматы облысының Өтеген батыр кентінде перинаталды аурухананың құрылысы басталды. Біз Қатар Мемлекетінің елімізді көркейтуге қосқан үлесі мен жан-жақты қолдауын ешқашан ұмытпаймыз. Болашақта да қазақ-қатар қатынастарын әрі қарай дамытуға дайынбыз, – деді Мемлекет басшысы.
Қатар Әмірі Қазақстанмен арадағы жан-жақты байланыстарды одан әрі дамытуға ниетті екенін атап өтіп, екіжақты үкіметаралық комиссияның жұмысын жандандыру қажет екенін жеткізді. Сондай-ақ көпжақты құрылымдар бойынша, оның ішінде АӨСШК аясындағы жұмыстарды жалғастыру қажет екенін айтты.
Келіссөздерден кейін мемлекеттер басшылары бірқатар құжатқа қол қойды. Атап айтқанда, Дипломатиялық және арнайы паспорт иелерін виза талаптарынан босату, Инвестицияларды ынталандыру және өзара қорғау, жоғары білім саласы және ғылыми зерттеулер бойынша ынтымақтастық; денсаулық сақтау саласындағы өзара ынтымақтастық мәселелері бойынша өзара түсіністік туралы келісімдер мен Астана мен Доха қалаларының арасында бауырластық қарым-қатынас орнату туралы келісімдер мен сауда саласындағы өзара түсіністік, ауыл шаруашылығы саласы бойынша ынтымақтастық, туризм саласы және маркетинг шаралары бойынша өзара түсіністік және ынтымақтастық, дипломаттарды даярлау жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандумдар жасалды. Сондай-ақ екі ел арасында, спорт саласы бойынша 2023-2025 жылдарға арналған алғашқы атқарушы бағдарлама мен мәдениет және өнер саласындағы 2023-2025 жылдарға арналған бағдарлама бекітілді.
Салтанатты шара барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәниге еліміздің ең жоғары мемлекеттік наградасы – «Алтын Қыран» орденін табыс етті.
Кездесуден кейін қос мемлекеттің басшылары бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері үшін брифинг өткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев келіссөздердің мәнді де мағыналы болғанын атап өтті.
Қазір Қатардың бірнеше компаниясы Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласында табысты жұмыс істеп жатыр. Олардың өнімі бірқатар мемлекетке экспортталады. Сонымен қатар тараптар геологиялық барлау, тау-кен өнеркәсібі, көлік-логистика, қаржы және банк секторын дамытуға уағдаласты.
Мемлекет басшысы бұл келісімдердің қазақ-қатар қатынастарының дамуына тың серпін беретініне сенімді екенін жеткізді.