Ақордадағы жылы жүздесулер
Ақордадағы жылы жүздесулер
393
оқылды
Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің VI саммиті аясында Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар кездесу өткізді. Мемлекет басшысы Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевпен кездесті. Президент өзінің жуырда Бакуге жасаған сапары қазақ-әзербайжан қарым-қатынасын жаңа деңгейге көтергенін атап өтті.
– Елімізге келіп, саммитке қатысқаныңыз үшін алғыс айтамын. Екіжақты қарым-қатынасқа арнайы тоқталғым келеді. Бакуге сапарым кезінде көрсеткен қонақжайлығыңызға ризашылығымды білдіремін. Біздің келіссөздеріміз табысты болды және шет мемлекеттердегі саяси және экономикалық топтардың назарын аударды. Біз Әзербайжанды одақтасымыз, стратегиялық серіктесіміз деп есептейміз. Әрқашан осы бағытты ұстанамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар президенттер екі елдің мәдени-гу­манитарлық саладағы өзара табысты іс-әрекетін, оның ішінде Қазақстан мен Әзер­байжанның тарихи және мә­дени құн­дылықтарын ілгерілетуге ба­ғытталған бірқа­тар бірлескен жо­баның жүзеге асырылуын жоғары бағалады. Өз кезегінде Ильхам Әлиев АӨСШК саммитіне ша­қырғаны және қазақ халқының дәстүрлі қо­нақ­жай­лығы үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғысын айтты.
– Бауырлас Қазақстанға келге­німе өте қуаныш­тымын. Сондай-ақ өткізілген саммиттің оң нәтиже­лерімен құттықтағым келеді. Бұл Қазақстанның халық­аралық аре­надағы рөлі мен беделі жоғары еке­нін көр­сетеді. Ең алдымен, Гейдар Әлиұлы Әлиевті еске алып, құрмет көрсеткеніңіз үшін алғыс айтқым келеді. Сіздің сапарыңыздан бері біз жақсы жетістіктер мен нәти­желерге қол жеткіздік, – деді Әзербайжан Президенті.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Беларусь Прези­денті Александр Лукашенкомен, Палестина Прези­­дентімен, Пәкістан Премьер-ми­нистрі Шахбаз Ша­рифпен кездесті. Қасым-Жомарт Тоқаев АӨСШК пен ТМД сам­мит­теріне қа­тысқаны үшін Александр Лука­шенкоға алғыс айтты. Әңгімелесу барысында президенттер екі ел арасындағы көпжоспарлы ынты­мақтастықтың қазіргі жағдайы мен қарым-қатынастарды одан әрі ны­ғайту перспективаларын талқы­лады. Сауда-экономикалық өзара іс-әрекет пен өндірістік коопе­ра­цияны жан-жақты жандандыруға ерекше назар аударылды. Александр Лукашенко сам­митке шақырғаны үшін Мемлекет басшысына алғыс айтып, АӨСШК-ті одан әрі нығайтудың әлеуеті мол екенін атап өтті. Мемлекет басшысы АӨСШК-тің VI саммиті аясында Палестина Президенті Махмуд Аббаспен кез­десу өткізді. Президенттер Қазақстан мен Палестина арасын­дағы өзара іс-әрекетті дамыту перспективаларын қарастырып, қазіргі заманның өзек­ті сын-қатерлері мен үрдістері ту­ралы пікір алмасты. Мемлекет басшысы екіжақты байланыстарды одан әрі дамытуға ниетті екенін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев АӨСШК саммиті аясында Пәкіс­танның Премьер-министрі Шахбаз Шарифпен келіссөз жүргізді. Әңгімелесу барысында Қазақ­стан мен Пәкістан арасындағы сау­да-экономика және инвестиция сала­ларындағы ынтымақтастықтың перспективалары талқыланды.