«AMANAT» партиясы жанындағы Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің мүшелері тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл мәселелерін қарады. Партиялықтар бірқатар нақты ұсыныс жасады.
Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев Кеңес мүшелеріне отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу шаралары туралы баяндады. Оның айтуынша, Ақтөбе заң институтында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша мамандар даярлау орталығы құрылды. Онда жылына 400-ден астам полиция қызметкері білім алады. Жалпы, жыл басынан бері дағдарыс орталықтарына өмірлік қиын жағдайға тап болған 3 мыңнан астам әйел жіберілді. Биылғы 8 айдың қорытындысы бойынша мұндай құқық бұзушылықтар саны 6,5%-ға қысқарды.
[caption id="attachment_222395" align="alignnone" width="1613"] Фото: Георгий Копылов[/caption]
«Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық саласындағы қолданыстағы заңнамалық нормаларды егжей-тегжейлі зерделеу нәтижесінде біз бірқатар түзетулер әзірледік. Біз өтініш берушіден тұрмыстық құқық бұзушылықтарды тіркеудің анықтаушы сипатына ауысқымыз келеді. Осы қадамәкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді жәбірленушілердің өтінішінсіз қозғауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ тараптардың татуласу рәсіміне қойылатын талаптарды қатаңдату қажет. Бұл зардап шеккендерге психологиялық қысым көрсетудің жағымсыз тәжірибесін тоқтатуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ескертуді қоғамдық жұмысқа ауыстыру қажет», – деп атап өтті Марат Қожаев.
Кеңес төрағасы, Мәжілістегі «AMANAT» партиясының депутаты Динара Зәкиева Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында отбасылық зорлық-зомбылыққа қатысты жазаны қатаңдату қажеттігін атап өткенін отырысқа қатысушылардың есіне салды.
«Бұл Қазақстан үшін өте өзекті мәселе. Күн сайын 342 адам отбасылық зорлық-зомбылықтан зардап шегеді. Былтыр осындай жағдайдың салдарынан 59 әйел көз жұмды. Отбасындағы зорлық-зомбылыққа, ең алдымен, шаңырақтағы әлеуметтік мәселелердің шешілмеуі себеп болады. Сондықтан, біздің ойымызша, ондай жағымсыз жайттың алдын алудың негізгі тәсілі –өмірлікқиын жағдайға тап болған отбасыларды уақтылы анықтау және оларға тиісті көмек көрсету (құжат беру, жұмысқа орналастыру және басқа да қызметтер)», – деді Динара Зәкиева.
Сонымен қатар, партиялықтар отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері үшін жауапкершілікті күшейтуді, соның ішінде тараптардың татуласуына жол бермеуді талап етіп отыр. Сондай-ақ, Кеңес мүшелері қамауға алудың нақты мерзімін көрсете отырып, ұрып-соққаны және денсаулыққа зиян келтіргені үшін әкімшілік қамауға алу мерзімін ұзартуды ұсынып отыр. Бұған қоса, қамауға алу немесе қоғамдық жұмыстарға тарту кезеңінде құқық бұзушыны психологиялық көмекке жүгінуге міндеттеу ұсынылды.
«Жазаланбау – одан да сорақы салдарға әкеліп соқтырады. Сондықтан, ұрып-соққаны және денсаулыққа қасақана жеңіл-желпі зиян келтіргені үшін ескерту жасап, оны жаза түрінде пайдалануды алып тастауды ұсынамыз. Оны қоғамдық жұмысқа тартумен алмастыруды ұсынып отырмыз. Сондай-ақ, ұрып-соққан және денсаулыққа қасақана жеңіл-желпі зиян келтірген кезде де тараптардың татуласуына жолбермеу қажет. Іс келесі күні немесе екі күннен кейін сотта қаралғанда, жәбірленушілер көбінесе ұрып-соққан адамға қарсы куәлік беруден қорқады. Сөйтіп, олар татуласуға келіседі. Бұл өтінішті қайтарып алғанмен пара-пар. Зәбір көрсеткен жан міндетті түрде жазалануы тиіс», – деп атап өтті Динара Закиева.
Өз кезегінде, Алматы қаласы қоғамдық денсаулық басқармасы жанындағы «Жоғары медициналық колледж» директоры, Кеңес мүшесі Ләззат Ақтаева денсаулық сақтау саласына қатысты ұсыныстарын білдірді.
«Медициналық ұйымдарда клиникалық хаттаманы енгізу және отбасылық зорлық-зомбылықты анықтау үшін ұсынылған тетіктерді пайдалануды қамтамасыз ету керек. Медициналық қызметкерлерді даярлаудың білім беру бағдарламаларына отбасындағы зорлық-зомбылықтыбастан өткерген адамдарды анықтау, оңалту тақырыптарын енгізу қажет. Сонымен қатар, ІІМ мен ДСМ-нің ақпараттық жүйелерін есепке алуды автоматтандыру және отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбандары туралы деректермен бөлісу үшін біріктіруге болады», – деді ол.