Еліміз әлемде беделі барын дәлелдеді – жазушы Әлібек Асқаров
Еліміз әлемде беделі барын дәлелдеді – жазушы Әлібек Асқаров
2,105
оқылды
– Қазақстан әлемдегі саяси аренада өз орны, беделі бар мемлекет екенін дәлелдей түсуде. Көпвекторлы саясат жүргізу арқылы басқа елдермен жақсы қарым-қатынас орнатты. Рим Папасы Францисктің елімізге келуінің өзі – үлкен бір дәреже. Себебі әлемге ықпалы бар, адамзатқа рухани жетекші атанған тұлға көрінген елге бас сұға бермейді. Мемлекетіміздің талай этностың басын құрап, ынтымақты нығайтып отырғанын біліп, өзге елдерге бейбіт күніміз үлгі болсын деген ниетпен келгені анық. Енді міне, 13 мемлекеттің басшылары Қазақстанға жиналып, күрмеулі жаһандық проблемалардың шешімін таппаққа талқы өткізді. Яғни, мемлекетіміз дүниежүзілік мәселелерді ортаға салатын үлкен алаңға айналды. Мұны жақсы үрдіске баламасқа болмайды. Айналадағы елдерде не болып жатқанын жақсы білеміз. Тұтастығының іргесі сөгіліп, әркіммен алауыз болғанның зардабын тартып жатқандар бар. Осындай сын сәтте бірлігімізді бекем ұстап, тыныштығымызды қызғыштай қорып, күзеткеніміздің арқасында абыройлы жұртқа айналдық. Бұған тікелей Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еңбегі сіңгені даусыз. Халық әртүрлі арандату пиғылы барларға иланып қалмауы тиіс. Бейбітшілікті дәріптеу арқылы биік белестерді бағындыра аламыз. Мемлекетшілдік, елдік жолы әр азаматтың, бәріміздің ортақ мүддемізге айналғаны жөн. Әрине, халқымыз бұл сөздің астарын жақсы түсініп отырғаны анық. Елдің дамуында бірлік пен ынтымақтың алар орны ерекше. Сондықтан асыл құндылықтарымызды жоғалтпай, алға баса бергеніміз дұрыс.

Әлібек Асқаров, жазушы