Алматыда биыл 3 мыңнан астам адамды кене шаққан
Алматыда биыл 3 мыңнан астам адамды кене шаққан
511
оқылды
Алматыда кене энцефалитін жұқтыру жағдайлары көбейіп кеткен. Биыл қаладағы медициналық ұйымдарға кене шаққан 3 мыңнан астам адам жүгінді. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің мәліметінше, 13 қазанға дейін Алматы қаласының медициналық ұйымдарына кене шағуға байланысты 3 068 адам жүгінген. Оның 1 513-і - балалар. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда кене шаққан тұрғындар саны 23,5%-ға (2 344 жағдай) артқан. Қалада кене энцефалитімен қатар лайм ауруымен (кене боррелиозы) сырқаттанғандар саны да көбейген.
"Кене энцефалитімен және лайм ауруымен ауырғандар дәрігерге уақытылы қаралмаған. Кенеге қарсы иммуноглобулин алмаған. Профилактикалық мақсатта кене энцефалитіне қарсы екпе алмаған. Диагноз қойылғаннан кейін барлық науқас стационарларда ем алды", - делінген аталған ведомство мәліметінде.
Сонымен қатар кенемен тасымалданатын аурулардың спецификалық емес профилактикасы мақсатында қала аумағында 2 424,54 гектар алаңда акарицидтік өңдеу жүргізіліпті. Елді мекендердің саябақ және орман аймақтары, адамдардың демалатын және жаппай жүретін орындар өңделген. Алматы қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті кене энцефалитінің алдын алудың негізгі шарасы вакцинация екенін еске салады. Вакцинациялау курсы 1-7 ай аралығындағы екі вакцинадан тұрады. Кене энцефалитіне қарсы егуді жыл бойы алуға болады. Бірақ вакцинациялауды екінші егу сәтінен бастап кенені кезіктіруге дейін кемінде 2 апта өтетіндей етіп жоспарлау керек. Ең оңтайлы кезең бірінші және екінші вакцинациялау арасындағы интервал -  5-7 ай (бірінші егу күзде, екіншісі көктемде). Екпе алуды күзде бастау керек. Өйткені эпидемиялық маусымның басында адам ағзасы иммундық қорғанысты дамытады және қауіпті инфекцияға қарсы тұра алады. Тұрақты иммунитет үшін бір жылдан кейін үшінші екпені жасау керек. Содан кейін иммунитетті сақтау үшін үш жыл сайын ревакцинациялау жүргізу қажет. Екпені тұрғылықты жері бойынша (немесе тіркелген жері бойынша) аумақтық емханаларда дәрігердің кеңесінен кейін тегін салдыруға болады.