Ынтымақтастықты нығайту туралы келісті
Ынтымақтастықты нығайту туралы келісті
452
оқылды
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Венгрия Мемлекеттік Жиналысы төр­а­ғасының орынбасары Шандор Лежак­пен кездесті. Мәжіліс Төрағасының айтуынша, екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастар орнаған 30 жыл ішінде көпжақты ынты­мақтастық нығайып, стратегиялық әріптестік деңгейіне жетті. Бүгінде тараптар стратегиялық әріптестік туралы декларация мен Қазақстан-Венгрия Стратегиялық кеңесі шеңберінде өзара іс-қимылды жалғастыруда. Ерлан Қошанов халықтарымызды тығыз тарихи байланыстар, ұлттық мәдениет пен дәстүрді жаңғырту мен сақтауға деген ұмты­лыс біріктіретінін атап өтті. Сондай-ақ Палата Спикері Лоранд Этвёш атындағы университетте венгр тілін үйренуге ниетті қазақстандық студенттер мен қазақ тілі курстарына қатысатын венгр жастарының саны артып келе жатқанын айтты.
– Қазақтың бас ақыны және ағартушысы Абай Құнанбайұлының шығармашылық мұ­расы Венгрияда танымал болып келе жатқа­нына қуаныштымын. Сіздің ұлттық мәде­ниетті, рухани дамуды, білім беруді қорғау және дамыту туралы идеяларыңыз, сондай-ақ «Лакителек» халық институты Абайдың ағартушылық қызметімен жақын екенін атап өткім келеді, – деді Мәжіліс төрағасы.
Венгрия Мемлекеттік Жиналысы төр-а­ғасының орынбасары Мажарстан Пар­ламенті тарапынан Қазақстанмен барлық салада ынтымақтастықты дамыту үшін қажетті қолдау көрсетуге дайын екендігін айтты.
– Біз үшін Қазақстан мен бауырлас елдер басты орында тұрады. Туыстық және бауыр­ластық қарым-қатынас өте маңызды капитал болып саналады, – деді Шандор Лежак.
Венгрия Парламентінің Вице-спикері Лакителек қаласында венгер Үкіметінің гран­ты бойынша білім алып жатқан 300 қа­зақстан­дық студент туралы жылы лебізін білдірді.