БЖЗҚ: Қордың қаржысы қайда кетіп жатыр?
БЖЗҚ: Қордың қаржысы қайда кетіп жатыр?
© коллаж: Қуаныш Сапарбай
2,262
оқылды
Тәуелсіздіктің отыз жылында еліміздің зейнетақы жүйесін жетілдіру мақсатында бірнеше қайтара реформа жасалды. Бірақ одан оңып кете қойған дүниені көріп отырғанымыз жоқ. Басқасын айтпағанда, Қордың қоржынында Қазақстанның жылдық бюджетіне пара-пар қыруар көп ақша жатқанымен, оның шығынға батуы түсініксіз. 2022 жылдың жеті айында Бі­рыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) кірісі 9,6 па­йызды құраған, ал бұл уақытта ақ­шаның жылдық инфляциясы 16,1 пайызға дейін құлдыраған. Яғни, жұрттың зейнетақылық жи­нағындағы ақша қордаланып, кө­беюдің орнына, керісінше әжеп­тәуір құнсызданып кеткен. Бұл БЖЗҚ-ның тиімді инвестициялық стратегиясының жоқтығын ай­ғақтап тұр. Сондай-ақ Қор актив­терінің 44 пайызы Қаржы ми­нистрлігінің облигацияларына са­лынғанын ескерсек, оның кірі­сінің қомақты бөлігі бюджет есе­бінен қамтамасыз етіліп отыр­ғанын көреміз. Басқадай құралдар арқылы табатын табысы мардым­сыз. Яғни, БЖЗҚ екі аяғын сал­быратып қойып, мемлекеттің мой­­нына мініп алған. Өздеріңіз білесіздер, Зей­нет­ақы қорының активі қазақ­стан­дықтар табысының 10 пайыз мөл­шеріндегі жинағынан құралады. Ал 2023 жылдан бастап оған жұмыс берушінің әр қызметкері үшін 1,5 пайыз көлемінде қосымша үсте­месі қосылатын болады. Биыл ба­залық және ынтымақты зей­нетақы мөлшері ұлғайғандықтан бюджеттен қосымша 421 миллиард теңге бөлініп отыр. 1 қыркүйектегі жағдай бо­йын­ша Қордың салымшылар шотын­дағы зейнетақы жинағы 13,97 трлн теңге құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 1,02 трлн теңгеге немесе 7,9 па­йызға көп. Осы соманың 13,6 трлн теңгесі салымшылардың ақшасы, 416 млрд теңге міндетті кәсіби зейнетақы жарнасы және 3 млрд теңгедей ерікті зейнетақы жарна­сы. Бұл ақшадан БЖЗҚ жыл ба­сынан бері 1 трлн теңге төлем жа­саған. Оның 868,3 млрд теңгесі тұрғын үй жағдайын жақсарту және емделу үшін берілген біррет­тік төлем, 75,9 млрд теңге – зей­нетақы төлемі, 43,2 млрд теңге – мұра бойынша берілген ақша, 34 млрд теңге – басқа мемлекетке қоныс аударушыларға, 17,5 млрд теңге – сақтандырушы ұйымдарға, 3,7 млрд теңге – жерлеуге және 1,6 млрд теңге мүгедектік бойынша тө­лемге жұмсалды. Бұл жерде Қор­дың қаржысы халықтың салым­дарынан қордаланатынын еске сала кеткіміз келеді. Сондықтан қазақстандықтар өз салымдарын қай мақсатқа пайдаланса да, оны мемлекеттен берілген көмек ре­тінде қабылдаудың еш жөні жоқ.
«Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында БЖЗҚ-ның ұтымды инвес­ти­ция­лық стратегиясын әзірлеуді тап­сырды. Зейнетақы активтерінің сенімді басқарушысы болып Ұлт­тық Банк бекітілді. Қордың инвес­тициялық саясатын жүргізетін де, оның қызметіне бақылау жасайтын да соның өзі. Сондықтан барлық кемшілік-кетіктікті осы тұрғыдан іздеу керек», – дейді Пар­ламент Мәжілісінің депутаты Аман­жан Жамалов.
БЖЗҚ мемлекеттік ұйым бола тұра, көпшілік үшін жабық құры­лым. Оның басқаруында отырған ат төбеліндей аз ғана шоғыр халықтан жиналған ақшаны қайда, қалай жұмсап жатқаны белгісіз. Ұйымның миллиардтаған кірісі мен шығысы бюджеттік проце­ду­радан шығарылып, Есеп комите­тінің бақылауынан тыс қалған. Оған әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ. Кейбір сарапшылар салым­шылардың зейнетақы жинақтары бюджеттің жоқ-жітігін жабуға пайдаланылады екен деген пікір айтып жүр. Осыған орай біз БЖЗҚ басқарма төрағасы Жанат Құр­мановқа сауал салғанымызда, ол мұндай жағдайдың болуы мүмкін емес екендігін жеткізді.
«Қазақстандықтардың зей­нетақылық жарнасы жеке зей­нетақы шоттарында сақталады. Ол сіз­дердің өз ақшаларыңыз, біз оны ешқайда жұмсамаймыз, ол сіздердің меншіктеріңіз, сон­дықтан оған алаңдаудың еш жөні жоқ»,– деп жауап берді Жанат Құрманов.
Айта кетейік, бүгінде БЖЗҚ-ның әкімшілік шығыстары 13 мил­лиард теңгеден асып жы­ғы­лады. Салыстыру үшін айталық, еліміздегі бүкіл әлеуметтік сая­сатқа жауапты Еңбек және ха­лық­ты әлеуметтік қорғау министр­лі­гінің жылдық әкімшілік шығын­дары 10 миллиард теңге шама­сын­да. Сонда Қор басшылығы мұн­ша­ма мол ақшаны қайда жаратып жатқаны ақылға сыймайды. Сондай-ақ БЖЗҚ-ның штат­тық құрылымы да тым қампай­тылған. Мұнда штаттық кесте бо­йынша 1 495 адам жұмыс істейді. Олардың тек жалақысына ғана 7,9 миллиард теңге жұмсалады. Соған қарап, бұл қайдан келіп жатқан есепсіз ақша, көл-көсір байлық деп бас шайқайсың.
«Былтыр Зейнетақы қорының комиссиясы 15 миллиард теңгеден асты. Одан бөлек, Қорға бағалы қағаздар операциясынан түсетін қосымша кіріс бар. 2021 жылы БЖЗҚ-ның жалпы табысы 35 мил­лиард теңгені құраса, мұның 23,4 миллиарды таза табыс. Бір қызығы, олар салымшылардың жи­нағына қарағанда өз қаржы­сын анағұр­лым тиімді басқарады. Әйт­се де, акцио­нерге, яғни Үкі­метке бір тиын да дивиденд тө­ле­мейді»,– деп нара­зылық білдірді А.Жамалов.
БЖЗҚ құрылғалы бері қа­зақ­стандықтардың зейнетақылық жар­насына салынған комиссия­ның есебінен 211 миллиард теңге табыс тапқан. Бұл ақшаны Қор ешкіммен ақылдаспай, өз қала­уынша жұмсай алады. Рас, заңдық тұрғыдан алғанда, бұл енді са­лымшылардың жинағы емес, Қор­дың өзінің қаржысы болып са­на­лады. Әйтсе де «жұмыртқадан жүн қырқып», өзгенің есебінен көл-көсір байлыққа кенеліп отырған БЖЗҚ-ның бұл ісін әділдікке ба­лай алмаймыз. Сол себепті де Есеп комитетінің оның қаржы айна­лы­мының тиімділігін тексеретін кезі жетті. Одан бөлек, Үкімет ұйым­ның басқаруында жатқан 211 мил­лиард теңгені дивиденд ретінде бюджетке аудартып, елдегі жоқ-жітікті, әлеуметтік мәселелерді ше­шуге жұмсаса анағұрлым ақыл болар еді.