ОСК үш азаматты президенттікке кандидат ретінде тіркеуден бас тартты
ОСК үш азаматты президенттікке кандидат ретінде тіркеуден бас тартты
© ult.kz
205
оқылды
Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан президенттігіне кандидат ретінде ұсынылған Бақыт Жаңабаев, Нұржан Әлтаев, Жұматай Әлиевті тіркеуден бас тартты. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының кезекті отырысында айтылды, – деп хабарлайды Halyq Uni. Бақыт Жаңабаев 2022 жылдың 3 қазанда «Қазақстандық футбол әуесқойлары лигасы» қоғамдық бірлестігінен ҚР президенттігіне кандидат ретінде ұсынылды. Нұржан Әлтаев «Мұқалмас» республикалық қоғамдық бірлестігінің атынан кандидат ретінде ұсынылған. «Халық демографиясы» қоғамдық бірлестігі атынан Жұматай Әлиев құжаттарын тапсырған. Заң бойынша, президенттікке кандидат болу үшін ұсынылған азамат 118 273 қол жинауы қажет. «2022 жылдың 3 қазанда тиісті мемлекеттік органдардан алынған мәліметтер мен лингвистикалық комиссиясы қорытындысы негізінде Бақыт Жаңабаевтың ҚР орталық сайлау комиссиясымен кандидаттың заңнама талаптарына сәйкестігі анықталды. Сол күні кандидатқа қол жинау үшін қол қою парақтары берілді. Ол 58 889 қол жинады. 4 054 қол сенімді деп танылды. Бұл сайлаушылар санының 1%-ына жетпейді», – деді ҚР ОСК мүшесі Сәбила Мұстафина. «Нұржан Әлтаев 2022 жылдың 6 қазанында «Мұқалмас» республикалық қоғамдық бірлестігінің атынан кандидат ретінде ұсынылған. 11 қазанда ОСК-ға «Мұқалмас» бірлестігінің жалпы отырысының ҚР президенттігіне кандидат ұсыну жөніндегі 2022 жылдың 6 қазандағы №19 хаттамасының қолданылуын сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін қолданылуын тоқтату туралы Астана қаласы «Байқоңыр» ауданы сотының ұйғарымы келіп түсті», – деді ҚР ОСК мүшесі Шавкат Өтемісов. Соттың ұйғарымы орындалып, ОСК президенттікке кандидат Әлтаевтың сәйкестігін белгілеу рәсімін тоқтата тұрды. Осылайша, ОСК Нұржан Әлтаевты президенттікке кандидат ретінде тіркеуден бас тартты. Орталық сайлау комиссиясы Жұматай Әлиевті президенттікке кандидат ретінде тіркеуден бас тарту туралы қаулыға қол қойды. Себебі Әлиев ұсынған құжаттардың ішінде денсаулығының жай-күйінің медициналық қорытындысы белгіленген заңға сәйкес келмеген.