Полиция Павлодар облысының балабақшаларының бірінде балаға дене жарақатын салу фактісі бойынша тексеруді бастады, – деп хабарлайды Polisia.kz сайты.
21 қазан күні Ақсу қаласының полициясына кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінен балаларға дене жарақатын келтірген №12 балабақшаның тәрбиешісіне қатысты шара қабылдау туралы ұжымдық өтініш келіп түсті.
«Осы өтініш бойынша полиция тексеруді бастады. Бейнежазбалар алынды. Қарау кезінде балабақша қызметкері кәмелетке толмағандарды ұрып-соққаны анықталды. Аталмыш факті бойынша сот-медициналық сараптамасы тағайындалды. 44 жастағы тәрбиешіге қатысты ҚР ҚК-нің 110-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды», – деп хабарлады Павлодар облысы ПД баспасөз қызметі.
Сондай-ақ тексеру нәтижелері мектепке дейінгі мекеменің басшысына қатысты тәртіптік шара қабылдау үшін облыстық білім басқармасына жіберілетін болады.