«Нәтижесі төмен әрі тиімсіз»: Сенатор мемлекеттік аудит комитетінің жұмысын сынға алды
«Нәтижесі төмен әрі тиімсіз»: Сенатор мемлекеттік аудит комитетінің жұмысын сынға алды
Сенатор Андрей Лукин мемлекеттік аудит комитетінің жұмысын сынады, атап айтқанда  олардың тиімсіз және нәтижесіз тексеру жүргізгеніне тоқталды. Бұл туралы ол еліміздің Премьер-Министріне жолдаған депутаттық сауалында жария етті. Сенатордың айтуынша, аудиторлар әр жыл сайын бірдей әрі қайталанбалы заңбұзушылықтарды тіркеп келеді. Жұмыстың тиісті деңгейде жүргізілмеуінен бірқатар тексеру нәтижесіз қалды.
«Атап айтқанда, жоспарланған 82 шараның 28-і немесе 34 пайыздан астамы жылдық тізімге негізсіз енгізілген. Соған қарағанда тексерілген жекелеген министрліктерде ешқандай қауіп деңгейі жоқ. Жұмыстың дұрыс ұйымдастырылмауының салдарынан бірқатар тексерудің нәтижесі төмен әрі тиімсіз болып шықты», - деп атап өтті Андрей Лукин.
Сонымен қатар сенатор камералық бақылау жүргізу мәселесін көтерді. Оның айтуынша, аумақтық департаменттер мұндай бақылау жүргізбеген. Тіпті, жүргізген жағдайда да, шенеуніктер көбінесе шартты жеңілдіктерді өздері есептейді, яғни шешім тексерушінің субъективті пікіріне байланысты болады.  Аудиторлар жекелеген жағдайларда қылмыстық құқықбұзушылықтың айқын белгісі болған кезде материалдарды құқық қорғау органдарына жібермейді және әкімшілік ықпал ету шараларын қолданбайды. Сенатор осыған байланысты аудиторлардың жұмысын жақсарту мен бюджет қаражатын, мемлекет және квазимемлекеттік сектор активтерін басқару мен пайдаланудың тиімділігін арттыру жөнінде бірқатар ұсыныс айтты.
«Тәуекелдерді басқару жүйесінің өлшемдері мен мемлекеттік аудит объектілерін іріктеу тәртібін қайта қарауды, салалық бұйрықтарды орындаудағы міндетті талаптарды қатаң сақтауды, камералық бақылау жүргізу кезінде мемлекеттік сатып алу туралы заңнама ережелерін біркелкі қолданудың әдіснамалық негізін әзірлеуді, шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкімдерді шығару және жою процесіндегі адами факторды ақпараттық жүйе арқылы автоматты түрде алып тастауды ұсынамын», - деді сенатор.