Жигули Дайрабаев: Азаматтардың денсаулығын сақтау – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі
Жигули Дайрабаев: Азаматтардың денсаулығын сақтау – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі
Бүгін Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидат Жигули Дайрабаев Арал өңірі сайлаушыларымен кездесті. Ауданның  тыныс-тіршілігімен танысты. Кандидат жұртшылықпен тілдесе отырып өзінің сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарына да тоқталды. Сайлаушылардың басым бөлігі өңірдің экологиялық жағдайын, ауыз су мәселесін тілге тиек етіп кандидаттан арнайы әлеуметтік төлемдерді қарастыруды сұрады. Жигули Дайрабаев
«Азаматтардың денсаулығын сақтау – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. Мен экологиялық дағдарыс аймақтары – Арал, Семей ядролық полигонында тұратындар үшін жалақы, зейнетақы, әлеуметтік жәрдемақы, стипендияны 50%-ға арттыратын коэффициент, сондай-ақ бұл өңірдің адамдары үшін зейнетке шығуды кем дегенде 5 жылға төмендеуді енгіземін», деді өз сөзінде кандидат Жигули Дайрабаев.
Жалпы, бұл аймақ жаңа, жаппай дамып келе жатқан сала – балық шаруашылығын дамытуға  қолайлы өңір. Мұнда аталған шаруашылыққа арналған қарқынды технологияны дамытуға барынша қолдау көрсету өте маңызды. Бұл аймақта өңдеу кәсіпорны жоққа тән.  Мал шаруашылығымен айналысатын адамдар өз шикізатын өткізетін тұрақты нүктелері жоқ. Тек жоқтан басқасы бар. Құм басқан өңірдің оты селдір болатындықтан жайылым мәселесі де күрмеулі. Жигули Дайрабаев
«Бұл тұрғыда адамдарды жұмыспен қамтуды тек түйе өсірумен қамтамасыз етуге болады. Бірақ, бір әттеңі, ол да ақсап тұр.  Жақында ғана бұл салаға мемлекеттік қолдау көрсету туралы шешім қабылданды. Дегенмен, түйе шаруашылығы ерекше назар аударуды қажет етеді», – деді Жигули Дайрабаев.
Ауыл тұрғындары мен ауыл шаруашылығы мәселесінің осындай жоғары деңгейге көтерілгеніне қуанған жиынға қатысушылар кандидат бағдарламасына бірауыздан қолдау білдірді.