Темір труси
Темір труси
950
оқылды
Ол әйелін көлеңкесінен де қызғанды. Өзі сондай қызу қанды. Уайыммен, қызғанумен өткізетін, атар таңды. Бір күні оның «бағы жанды». Ұйықтап жат қан әйелінің бетіне бедірейіп қарады да, ернін сылп еткізіп, жалады да, ас бөлмесінің шамын жағып, үстіне қонған шыбынды қағып, ақ параққа жобасының нобайын сыза бастады. Былай сызды, олай сызды, сыза, сыза келе, қолы қызды. Ол танктің емес, темір трусидің жобасын сызып жатыр еді. Ертеңіне әйелі түнгі ауысым жұмысына кеткенде, темір трусидің қаңқасын жасап алды. Кешке дейін «женский» темір лыпаны толық аяқтап, жұдырығын түйіп, өз өнімін сүйіп, ертеңгі күнді күтті. Түнгі ауысымнан келген әйелін ашулы қарсы алды. – Неге кешігіп келдің? – деп сұрады Айдар Шорабек. (Аты–жөні өзгерді.) – Автобус күтіп... – деді әйелі Әйгерім. – Басқа біреуді күткен жоқсың ба? – Қойшы, Айдар. – Қоймаймын, кеше телефоныңды тексердім, мынау кім? – Пи... Пикассо. – Өтірік айтасың, Пернебек емес пе? – Пикассо деймін, дүние жүзіне әйгілі суретші. – Оның суретін неге сақтап қойғансың? – Ғашықпын. – Немене? – Суреттеріне, – дегені сол Айдар бұған дейін де, әйелін төмпештемесе, тынысы тарылып, қарыны жарылып кетердей болатын, жұдырығын сілтеп қалды. Көзі көгерген Әйгерім байғұс отырып алып, ал жыласын. – Мынау кімнің суреті? – деп сұрады ол тағы да. – Қайсыыы? – Мынааау! – Майклдің. – Өтірік айтасың, Мергенбай емес пе? – Майкл Джексонның әндеріне ғашықпын. – Ол қайда тұрады? Шымкентте ме? – Өліп қалған. – Сен-ақ, өліп қалғандарға ғашық болады екенсің де? Ал, мынау ше? – Қайсыы? – Мынаааау? – Сәкеннің суреті. – Қай Сәкен? Менің кластасым Сәкен Жұрын­байұлы ма? – Жоқ, Сәкен Сейфуллиннің өлеңдеріне ғашық­пын... – Жаның шықсын! –деген ол әйелін тепкілеп тастады. Сөйтті де, сарайға барып, темір трусиді алып келді. – Көрдің бе? –деп сұрады. – Бұл немене? –  Темір труси. Саған арналған. –  Оны қайтемін? –  Жұмысыңа киіп барасың. –  Есіңнен адастың ба? –  Сенің бір пәлең бар. Жұмыстан келген соң, өзім тексеріп, шешіп аламын. –  Кимеймін! – Киесің! – Ауыр ғой. – Өлмейсің! Түнгі ауысым жұмысына кетерде, әйелі ойланып отырып қалды. «Құдайым–ау, қандай байға тап болғанмын? «Судан таза ,сүттен ақ болсам да, сенбейтіні несі?» –деп өксіді ішінен. Ажырасып кетейін десе, балаларын әкесіз қалдырғысы келмейді. Содан, айна алдына келіп, күйеуінің «өнімін» кие бастады. Ары тартты, бері тартты, сияр емес. Қасына күйеуі келді. – Не болды? – деп сұрады. – Сыймай жатыр, размері қанша еді? – Миғұла, мына болтын босатсаңшы... Әйелі темір трусиді қорыққанынан киіп алып, жұмысына кетті. Темірдің аты, темір, ыңғайсызданып, жайсызданып жүрді. Сосын, құрбысына айтып еді, құрбысы құдыққа түсіп кетіп, тұншығып кеткендей болды. Темір трусиді көріп, үйін бір айналып шықты. Таң қалғанынан. Сосын, құрбысына басын шайқап: – Сенің күйеуің ауру шығар? – деп сұрады. – Жоқ, сап–сау. – Бұл деген... Бұл деген сенің адами намысыңды жыртып, адами құқыңды қорлау ғой? Полицияға жүр! – деді құрбысы. – Бармаймын. – Неге ойбай? – Ол ұрады. – Полиция мәселесін май шаммен қарайды. – Сотталып кетеді ме? – Сотталмаса да, айып пұл салады, немесе, ескертеді, есекке теріс мінгізеді... «О, ждасаған, не демейді, мас адам?» – дейтін еді баяғының қалжыңбасы, бұл мас адамның сөзі емес, шынымен болған оқиға. Түркістан облысы, Сарыағаш ауданы, «Жібек жолы» ауылында айға қарап айқайлайтындай оқиға болды. Бұл туралы Сарыағаш ауданы, әлеуметтік психологиялық қамсыздандыру қызметінің меңгерушісі Марат Тарақтиев жағасын ұстай айтты. Оның сөзінше, есірген еркек сым темірден жасалған іш киімді әйеліне күштеп кигізген. Әйелі үйіне келген соң, өзі шешіп, тексеріп отырған. Сарыағаш ауданында 74 әйелдің тұрмыстық зорлық–зомбылыққа ұшырағаны тағы бар. «Жібек жолы» ауылынан 15 әйел күйеулерінен зорлық көріп, ауруханаға түскен. Ой, Алла, о, жасаған, не істеген десеңші, мына оңбаған?

Ақмарал ЛАРАҚЫЗЫ