Ұлттық банк Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бейнесімен шығарылған 20 мыңдық купюраның айналымда қалуы туралы мәлімдеді.
«Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған 20 000 теңге номиналындағы мерейтойлық банкнот заңды төлем құралы болып саналады. Бұл банкноттар төлемдердің, банк операцияларының және аударымдардың барлық түрлері бойынша басқа естелік банкноттар сияқты қабылдануға міндетті. Банкноттар табиғи тозуына қарай ақша айналымынан алынады. Мерейтойлық және естелік банкноттар бойынша айналым мерзімі белгіленбейді», – деп хабарлады Ұлттық банк "ҚазАқпарат" тілшісінің сауалына.
Айта кетейік, 1 қазанда Қазақстан Ұлттық банкі жаңа дизайндағы 20 000 теңгелік банкнотты айналымға шығарды. Банкноттың 25 қорғаныс элементі бар, мөлшері – 155х79 мм және сұр түске басымдық берілген.
Бет жағында Қазақстанның Мемлекеттік рәміздері, «Қазақ елі» монументі, «Мәңгілік ел» салтанат қақпасы, «Басқұр» қазақ ұлттық ою-өрнегінің фрагменті және Тәуелсіздік жылдарын білдіретін «30» саны бейнеленген.