Түркістан облысының тәртіп сақшылары денесі Төлеби ауданы Ақсу өзенінен табылған әйелдің өлімінің мән-жайын анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Естеріңізге сала кетейік, 10 қазанда Төлеби ауданының полиция бөліміне Ақсу өзенінде мәйіттің табылғаны туралы хабарлама келіп түскен болатын. Оқиға орнына бірден полиция бөлімінің жедел-тергеу тобы шықты. Полицейлер қаза тапқан адамның кім екенін анықтады, ол Төлеби ауданының тұрғыны болып шықты.
Сондай-ақ Шымкент қаласы Полиция департаменті Еңбекші аудандық полиция бөліміне әпкесінің хабар-ошарсыз кету дерегі бойынша туыстары арызданғаны белгілі болды.
Аталған жайт бойынша Қазақстан Республикасы ҚК-нің 99-бабы 1-бөлігімен (Адам өлтіру) қылмыстық іс тіркелді және сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер осы қылмысты жасады деген күдікпен жәбірленушінің бұрынғы көршісі Төлеби ауданының тұрғынын ұстады.
Белгілі болғандай, ақшалай қарыз қылмысқа себеп болған. Қарызды қайтармау үшін күдікті көршісінен құтылмақ болған. Ол алдау арқылы жәбірленушіні Ақсу өзеніне апарып, жартастан итеріп жіберген. Алған жарақаттарынан әйел қылмыс орнында қайтыс болған. Қазіргі уақытта күдікті өз кінәсін толық мойындап, бұл әрекетіне өкінетінін жеткізді. Ол уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Бүгінде сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.