Елімізде электронды темекіге тыйым салынуы мүмкін. Қазір Денсаулық сақтау министрлігі тиісті заң жобасын дайындап жатыр. Бұған себеп – денсаулыққа аса зиян әдеттің жастар арасында кең сұранысқа ие болуы.
Байқағанымыздай, жаңа девайстарды көлік ішінде қолданған кезде терезелерді қақ басады екен. Оны көлік жуушылар тек арнайы сұйықтықпен ғана кетіруге болатынын айтты. «Ал адам ағзасынан мұндай ласты шығару мүмкін емес», - дейді дәрігерлер.
Электронды темекі шегіп, денсаулығына зиян келтіргендердің бірі – 33 жастағы Рустам Кәрімов.
«Мен 3-4 ай көлемінде вейпті шегіп жүрген едім. Кейін денемде қызыл нүктелер пайда болды. Кейде кеуде тұсым қысылып, дем жетпей кететіндей сезінетінмін. Ауа жұту қиынға соқты. Кейін дәрігерге қаралдым. Олар менде аллергия пайда болғанын айтты. Содан кейін бұл зиянды әдетті қойдым», – деді қала тұрғыны Рустам Кәрімов.
«Шегілетін қоспаның негізі құрамына келетін болсақ, біріншіден, бұл – синтетикалық түрі. Негізінде екі түрі бар. Табиғи және жасанды синтетикалық. Табиғиға қарағанда синтетикалық канабиоттың ағзаға алып келетін зияны 10 есе артық. Сондықтан адам ағзасына зиянды», – деді Психикалық денсаулық орталығының директоры Сапар Рахменшеев
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, электронды темекілерді қолданатындардың ең кішісі бар болғаны 11 жаста екен. Бір ғана Алматының өзінде зиянды әдетке бой алдырғандар қатары былтырғымен салыстырғанда 4 есеге артқан. Сондықтан тиісті ведомство көптің сұранысына ие болған девайстарды қолдануға тыйым салуды көздейді.
«Жоба «Электрондық құқықтық актілер» порталына жіберіледі. Ал ведомствоаралық келісуден кейін Ұлттық экономика министрлігі түпкілікті шешім қабылдап, қарауға жібереді», – деді ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының басшысы Салтанат Назарова.
Егер ведомство заң жобасын қолдаса, ары қарай құжат Үкіметке бекітуге жіберіледі. Дегенмен отандық экономистер құжаттың оң нәтиже беретініне күмәнмен қарайды.
«Темекі және алкоголь акциздері бюджеттің маңызды кіріс бөлігі болып саналады. Бұл дегеніміз, егер сіз электронды темекіге тыйым салсаңыз, сіз кіріс кіргізетін бюджетіңізден әдейі бас тартасыз деген сөз», – деді экономист Арман Бейсембаев.
Билік вейптерді сатуға тыйым салуы мүмкін. Сондай-ақ сарапшылардың айтуынша, электронды темекіге белгілі бір шектеулер қойып, акциздер алуды міндеттеуі де мүмкін.