Адам саудасымен айналысқан 3 қылмыстық топ анықталды
Адам саудасымен айналысқан 3 қылмыстық топ анықталды
537
оқылды
Кейінгі 4 айдың ішінде Қазақстанда адам саудасының 30-ға жуық фактісі тіркеліп, 3 қылмыстық топ анықталған. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов мәлімдеді. Мұндай ақпаратты министр Астанада өтіп жатқан Қазақстандағы адам саудасымен күрес туралы құқықтық форумда айтты.
«Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметіне сәйкес, әлемдегі адам саудасы құрбандарының 70 пайызы – әйелдер мен жас қыздар. Ал әрбір үшіншісі – балалар. Өкінішке қарай, бұл проблеманың Қазақстанға да қатысы бар», – деді Марат Ахметжанов.
Министрдің мәліметінше, қазір жыл сайын елде 100-ден астам осындай қылмыс тіркеледі.
«Бұрын 300-ге дейін барушы еді. Осы жылы төрт айдың ішінде адам саудасының 30-ға жуық фактісі анықталып отыр. 3 ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталды. Жалпы министрлікте ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасын қайта құрудың арқасында бұл қылмыстардың анықталу қарқыны артып келеді. Бірақ мойындау керек, бұл тек салдарымен ғана күрес», – деді Ішкі істер министрі.