«ҚазМұнайГаз» әрбір қазақстандыққа 700 мың теңгеден астам қарыз екені туралы хабар тарады
«ҚазМұнайГаз» әрбір қазақстандыққа 700 мың теңгеден астам қарыз екені туралы хабар тарады
© azattyq-ruhy.kz
Әлеуметтік желіде «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Қазақстанның әрбір азаматына 749 983 теңгеден қарыз екендігі туралы жарнама таратылуда. Ақшаны алу үшін арнайы платформада тесттен өту керек. Бұл алаяқтардың ісі. Бұл туралы Stopfake.kz  хабарлайды. Ірі акционерлік қоғамның қазақстандықтарға қарыз екендігі мәтінмен жарнамалық хабарландыру Mundo Materno Turnos аккаунтының атынан жарияланған. Facebook әлеуметтік желісінде ондай аккаунт бар, бірақ оның Қазақстанға да, ҚазМұнайГаз компаниясына да қатысы жоқ. Бұл испан тілінде сөйлейтін аналарға және болашақ аналарға арналған қоғамдастық. Парақшада босануға дайындық және нәрестелерге күтім жасау бойынша кеңестер ұсынылады. 2021 жылдың шілдеден бері парақша жаңартылмаған. «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ ресми сайтында компания ақшалай ұтыс ойынын өткізбейтіні және азаматтарды инвестиция салуға шақырмайтыны туралы хабарландыру жарияланған.
«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Қазақстан азаматтарының қаражатын ешқандай инвестициялық жобаларға тартпайтынын мәлімдейді. Таралған жарнама жалған және алаяқтық сипатқа ие», – делінген сайтта.
«Қазмұнайгаз» компаниясының Instagram-дағы ресми парақшасында компания атынан әрекет ететін алаяқтар туралы бұрынғы ескертулер бар.
«ҚазМұнайГаз» ресми түрде бір ғана www.kmg.kz ресми сайты бар екенін мәлімдейді. «ҚазМұнайГаз» атынан әрекет ететін барлық басқа сайттар – алаяқтардың ісі. Қазақстандықтардан және резидент емес тұлғалардан сақ болып, тек ресми дереккөздерге ғана сенуді сұраймыз. Халықаралық алаяқтар жоғары және пассивті кіріс табуға үндеп, жаппай интернет-жарнама таратуда. Сенімді болуы үшін бұл фейк сайттар бренд-адамдардың есімдерін атайды: ҚР Президенті, ұлттық компаниялар мен қаржы ұйымдарының басшылары, қоғамдық пікір көшбасшылары», – делінген хабарламада.
Ірі БАҚ-та және мемлекеттік органдардың ресми ресурстарында «ҚазМұнайГаз» компаниясының қазақстандықтарға қарызы бар екендігі туралы ешқандай хабарлама болған жоқ. Қорыта айтқанда, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның қазақстандықтарға қарыз екені туралы ақпарат – фейк.