Асхат Аймағамбетов дабыл түймесін басып, полиция қызметкерлерін шақырды
Асхат Аймағамбетов дабыл түймесін басып, полиция қызметкерлерін шақырды
Фото: facebook.com/askhat.aimagambetov
2,019
оқылды
Жетісу облысы Сарыөзек ауылының тұрғындарымен кездескен Оқу-ағарту министрі дабыл түймесін басып, полиция қызметкерлерін мазалауға тура келгенін мәлімдеді. Бұл туралы министр әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
«Мәдениет үйіне 320 адам жиналды. Тұрғындармен тілдесіп, сұрақтарына жауап бергенде олардың жаңа облыстың құрылғанына өте риза екенін байқадым. Есеп беру кездесуі екі сағатқа жуық уақытқа созылды. Жиында атқарылып жатқан жұмыстар жайында айтып, ауыл тұрғындарының сұрақтарына жауап беруге көбірек уақыт бөлуге тырыстым. Ата-аналарды, әріптес мұғалімдерді, мектеп директорларын алаңдатқан мәселелер – мұғалімдердің сағат жүктемесі, директорлардың ротациясы, түлектерді жұмысқа орналастыру, мектептердің әлеуетін арттыру, колледж біліміне гранттарды бөлу тетігі», – деп жазады Асхат Аймағамбетов.
Есеп беру кездесуінен кейін министр ауылдағы Күреңбел мектебі мен «Ай-Сана» балабақшасында болған.
«900 орынға есептелген мектепте 875 бала оқып жатыр. Бірінші кезекте қауіпсіздік жұмысының қалай ұйымдастырылғанын, бейнебақылау камераларының және «дабыл түймелерінің» жұмысын, т.б. көрдім. Дабыл түймесін басқаннан кейін мектепке жедел жеткен полиция қызметкерлерін мазалауға тура келді, бірақ оқушылардың қауіпсіздігі өте маңызды», – дейді министр.
Балабақшадағы кездесуде тәрбиешілер мектептердегі педагог-ассистент лауазымы сияқты тәрбиеші-ассистент қызметін енгізу мүмкіндігі жайлы сұраған. Ведомство басшысының айтуынша, бұл мәселе шешіліп жатыр.