Соңғы жылдары қуаңшылықтан көз ашпаған Сыр өңіріндегі шаруалардың жағдайы мәз емес. Биыл да қысқы азығын қамдауға кіріскен мал шаруашылығында мәселе шаш етектен. Соның ішінде төрт түліктің қысқы жемшөбі малшылардың бас ауруына айналып тұр. Қызылордалық шаруалардың шаруасы ілгері баспай, биыл да жемшөптен тапшылық көретін түрі бар. Ала жаздай көктен бір тамшы жауын тамбады. Дария да күн санап тартылып барады. Соның салдарынан төрт түлік мал көкке жарымай, қоң жинай алмады. Азығы жоқ малдың өсім саны да кеміп кеткен. Бұл бірінші кезекте, шаруашылықтардың шаруасын кеңейтуіне салқынын тигізіп отыр. Биыл мал азығына мемлекет тарапынан субсидия да берілмеді. Жыл сайын берілетін қаржылай көмекке бұл жылы облыс бюджетінің әлеуеті жетпей тұрса керек. Жергілікті әкімдік тарапынан осындай мәлімдеме жасалған болатын. Ал шаруалар оған келіспейді. Төрт түлігін түлетіп отырған малшы қауымына мемлекет тарапынан берілетін субсидияның көмегі аз емес. Енді бәрі қыстан қысылмай шығатын жол іздеп, бас қатырып отыр. Соның бірі – Арал ауданына қарасты Бекбауыл ауылдық округіндегі «Береке» шаруа қожалығының да жемшөптен тапшылық көретін түрі бар. Бұл тұрғыда қазақтың 200 бастан астам асылтұқымды ақ бас сиырын өсіретін шаруашылықта мәселе шаш етектен.
«Жалпы биылғы қысқа шаруалар мүмкіндігінше қамданып жатыр. Әркім шама-шарқы келгенше шөбін орып, енді бірі ақшасына сатып алуда. Алайда биыл жерде көк аз болды. Дарияда да су жоқ. Соның салдарынан мал азығының тапшылығы сезіліп отыр. Негізінен малға қыс мезгілінде кебек жем де береміз. Ал жемнің бағасы аспандап кеткен. Оның өзі Қостанай мен Қарағанды облысынан жеткізіледі. Бұл да шаруаларға оңайға соқпай тұр. Негізінен Арал өңірінің төрт түлігі қамыспен қоректенеді. Биылғы өскен қамыстың құлағы жоқ. Яғни, құнары аз. Соның салдарынан малдың қоң жинауы қиындық туғызуда. Жыл сайын мемлекет тарапынан берілетін субсидияға биылғы жылы қол жеткізе алмай отырмыз. Өткен жылы алмаған шаруалардың өзіне енді беріліп жатыр. Оның үстіне селекцияның субсидия көлемін де төмендетіп жіберген. Бұл аздай Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан жаңа жоба енгізіліп, асылтұқымды мал өсіретін шаруашылықтарға берілетін көмекті де алып тастайтыны айтылып жүр. Негізінен қырда көк жақсы шыққанымен, сырда қуаңшылық әлі де байқалады. Оған су тапшылығы себеп болып отыр. Кіші Арал теңізінің арнасы да тартылып барады. Осындай келеңсіздіктер төрт түлікті түлетіп отырған шаруаларға оңайға соғып тұрған жоқ», – дейді шаруашылық төрағасы Күнтуар Жайназаров.Әсіресе, биыл Сырдария суының өз деңгейінен әлдеқайда төмен болуынан жайылымның күйі кетіп, көкке жарымаған малдың жағдайы мәз болмай тұр. Ала жаздай қоң жинамаған малдың қытымыр қыстың ызғарына шыдас беруі қиындай түсетіні белгілі. Соның ішінде облысқа қарасты солтүстік аудандардағы ахуал мүшкіл тартып тұрғаны байқалады. Ал облыстың іргесіндегі аудандардың шаруалары болса, биылғы субсидия берілмеуі салдарынан жемшөптің қымбаттығы шымбайға батып тұрғанын алға тартып отыр.
«Биыл малшылар қауымын субсидия мәселесі тығырыққа тіреп тұр. Жылда берілетін көмектен биыл қағылып отырмыз. Соның салдарынан көптеген шаруа қысқа дайындық қамын жасай алмай отырғаны ащы да болса шындық. Бүгінде әр шаруа өз бетінше қыстың қамын күйттеп жүр. Өзім шаруашылығымда асылтұқымды Еділбай қойын өсіріп отырмын. Енді осы қойларды қыстан қысылмай, аман-есен алып шығуға жұмыс істеп жатырмыз», – дейді Жалағаш ауданы, Аққыр ауылындағы «Туған жер» шаруа қожалығының төрағасы Әуезхан Есбергенов.Ал облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы берген мәліметке сүйенсек, биылғы қыс мезгіліне барлығы 645,4 мың бас шартты мал басы есепке алынған. Осы мал басына барлығы 900,9 мың тонна шөп, 5 мың тонна сүрлем, 123,6 мың тонна күріш сабаны мен 143,6 мың тонна жем дайындалған.
«Өткен жолы осы мәселе төңірегінде шаруалармен кездесу өтті. Сол кезде бұл жайында кеңінен түсіндірілді. Негізінен биылғы облыстық бюджеттің мүмкіндігіне байланысты жемшөпке субсидия берілмей отыр. Жалпы айтқанда, былтырғы қуаңшылық кезінде Үкіметтің резервінен 1 млрд теңгенің үстінде қаржы бөлініп, шаруаларға берілгені белгілі. Биылға облыс қазынасы қауқарсыздық танытып отыр. Дегенмен де қазіргі уақытта оңтайландыру жолдарын қарастырып жатырмыз. Қаншалықты, қай нормативте төленуі қажеттігін нақтылау жұмыстары жүргізілуде. Оның нақты шешімі қалай болатынын дөп басып айту қиын. Қолдан келгенше қолдау көрсетуге ниеттіміз», – деп түсіндірді бұл жөнінде Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мал шаруашылығын дамыту бөлімінің басшысы Дәулет Әбдірасулов.Қалай дегенде де биыл жыл сайын берілетін субсидиядан қағылып отырған малшы қауымының бүгінгі жағдайы қиындап тұр. Қыстың қамымен шырылдаған шаруалардың әлі де мемлекет тарапынан қолдау болса деген үміті басым.
Қызылорда облысы