Мәжіліс депутаты Президент қол қойған заңдар аясында болатын өзгерістерді түсіндірді
Мәжіліс депутаты Президент қол қойған заңдар аясында болатын өзгерістерді түсіндірді
372
оқылды
Бүгін Ақордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар саясаттанушылар, сарапшылар, партия өкілдерімен кездесіп, салтанатты түрде саяси реформалардың өзегі болатын конституциялық заңдарға қол қойды. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров айтты. Халық қалаулысы саяси өзгеріс туралы былай түсіндірді: Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйектегі халыққа Жолдауында жасалған саяси бастамаларының фундаменті болатын келесі заңдарға қол қойды. 1. «Конституциялық Сот» туралы конституциялық заң. 2. «Адам құқы жөніндегі өкіл туралы» конституциялық заң. 3. Мемлекет басшысының халыққа Жолдауын орындау үшін бірқатар конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі» конституциялық заң. 4. «Мемлекет басшысының 2022 жылғы халыққа Жолдауын іс жүзіне асыруға бағытталған бірқатар заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі» заң. 5. «ҚР Әкімшілік кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі» заң. Аталған заңдарды толықтыру нәтижесінде келесі өзгерістер енеді. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ. 1. Президент қандай да бір партияның мүшесі бола алмайды. 2. Президент 7 жыл, бір мерзімге ғана сайланады. 3. Президенттің жақын туыстарына мемлекеттік органдарда және квазимемлекеттік секторда басшылық лауазымға иелік етуге тыйым салынады. 4. Президенттің жергілікті атқарушы органдардың актілерінің күшін жою құзыретін, әртүрлі деңгейдегі әкімдерді жұмыстан алып тастау құқына шек қою. САЙЛАУ ЖҮЙЕСІ ЖӘНЕ ПАРТИЯЛАР 1. Аралас сайлау жүйесіне өту: партия тізімдері және бір мандатты округтер. 2. Императивті мандат. Депутаттың құзыретін қайтарып алу құқы. 3. Саяси партияларды тіркеуден өткізуді жеңілдету: 3.1 Саяси партияны құру жөніндегі бастамашыл топ 1 мыңнан 600 адамға азаяды. 3.2 Құрылтай съезд 2 айда емес, 3 айда өткізіледі. 3.3 Филилдалдары тіркеу үшін 6 ай емес, 12 ай беріледі. 3.4 Партияның ең аз мүшелері 20 мың емес, 5 мың. 3.5 Филиалдардың мүшелері 600 адам емес, 200 адам. 4. Конституциялық Сот мүшелері, ОСК, Жоғары аудиторлық палата мүшелері үшін партияда болуды шектеу. ЖЕРГІЛІКТІ БАСҚАРУ, ӨЗІН-ӨЗІ БАСҚАРУ 1. Жергілікті әкімдер мен олардың орынбасарларына партиялардың филиалдарын басқаруға шек қою. 2. Облыс әкімдерін лауазымға тағайындап, алудың жаңа тәртібі - жергілікті мәслихат депутаттарының келісім беруі. 3. Әкімдердің сайлау тетігінің енгізілуіне байланысты жергілікті мәслихаттардың рөлін кеңейту. 4. Мәслихаттың төрағасы лауазымын енгізу. 5. Аудан әкімдерінің тікелей сайлауын пилотты түрде енгізу. 2025 жылдан бастап әкімдердің /аудан/ бәрі сайланатын болады. АДАМ ҚҰҚЫ ЖӨНІНДЕГІ ӨКІЛ 1. Адам құқы жөніндегі өкіл Сенаттың рұқсатынсыз сотқа тартылмайды. 2. Адам құқы жөніндегі өкіл Парламенттің ашық, жабық жиналыстарына қатыса алады. 3. Өкіл Конституциялық сотқа жүгінуге құқылы. Халықтың жерге және пайдалы ресурстарға халықтың меншігі құқын бекіту. Азаматтық кодекс, Орман кодексі, Су кодексі, Жер қойнауы кодексіне өзгерістер енгізу.
"​Аталған өзгерістер біздің еліміздегі саяси жүйені түбегейлі реформалай отырып, саяси әділеттілік принциптерін қалыптастырады. «Билікті халыққа қайтарып беру» процесі болады. Конституциядағы «әрбір азаматтың сайлауға және сайлануға құқын» қалпына келтіреді. ​Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «жаңа саяси курсы» нақты іс жүзіне асуда", - деп қосты депутат.