Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің әскери кафедрасы жаңа оқу жылынанбастап әскери журналистерді, талдаушыларды және идеологтарды даярлай бастады. Келесі жылдан қос тілді лингвист- талдаушылар дайындалмақ.
Қазіргі уақытта ЕҰУ әскери кафедрасында 1 мыңға жуық студент 12 әскери-есептік мамандық бойынша білім алады. 2022-2023 оқу жылында үш жаңа мамандық енгізілді: әскери журналистика, ақпараттық-талдау қызметі, тәрбие және идеологиялық жұмысты ұйымдастыру.
«Ағымдағы оқу жылында біз «Әскери журналистика» және «Ақпараттық-талдамалық қызмет» деген жаңа әскери-есепке алу мамандықтары бойынша оқытуды бастадық. Сондай-ақ, тәрбие және идеологиялық жұмыс офицерлерін даярлауды қайта жаңғырттық. Айта кету керек, бұған дейін Қазақстанда әскери талдаушыларды бір ғана ЖОО дайындап келген. Біздің университет үшін әскери кафедрада осы мамандарды даярлау пилоттық жоба болып табылады. ЕҰУ әскери кафедрасының оқу-материалдық базасы мен профессорлық-оқытушылық құрамы осы салаларда жоғары білікті мамандар даярлауға толық мүмкіндік береді», – деді Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті әскери кафедрасының доценті, запастағы полковник Марат Қоғабаев.
Әскери журналистерді, талдаушыларды және тәрбие мен идеологиялық жұмыс мамандарын даярлау запастағы офицерлердің бағдарламалары бойынша жүзеге асырылады. Студент қыздар да әскери журналист мамандығын меңгере алады.
Бірінші семестрде студенттер әскери құқық, жалпы әскери дайындық, күнделікті іс-әрекетті ұйымдастыру және әскер қызметі, жалпы тактика сияқты міндетті пәндерді оқиды. Келешекте тактика, техникалық дайындық, сондай-ақ сәйкес әскери мамандықтардағы негізгі пәндер университеттігі әскери даярлықтың негізгі пәндеріне айналады.
Келесі жылдан бастап әскери талдаушыларды билингвизм әдісімен оқыту жоспарланып отыр.
Айта кетейік, ЕҰУ әскери кафедрасы 2002 жылы құрылған. Осы уақыт арылығында әр түрлі мамандықтар бойынша 5 мыңнан астам запастағы офицер дайындалды.