Түркістанда тарихи туризмді дамыту керек - депутат
Түркістанда тарихи туризмді дамыту керек - депутат
Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы. Бұл көне шаһардың мәртебесін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі анықтап, ресми бекітіп берді. Түркістанның түркі әлемінің алдында мойындалуы – үлкен жетістік. Бұл туралы "Түркістан" телеарнасына берген сұхбатында Парламент Сенатының депутаты Әли Бектаев айтты.  Ол аймақта соңғы үш-төрт жылдың көлемінде атқарылып жатқан жұмыстар қыруар екенін жеткізді. Мемлекетіміздің рухани астанамызды қайта түлетуге мүмкіндігі болғаны – үлкен мақтаныш. Мұны әлеуеті жоғары, экономикасы ілгерілеген мемлекет қана іске асыра алады.
"Біз тәуелсіздік жылдарында екінші астанамызды тұрғыздық деп айтуға негіз бар. Түркістанды бүкіл әлем бұрыннан-ақ таныған, бүкіл қазақ бұрыннан тәу еткен онда барып. Қазақтың қандай батыры, биі, сұлтаны болмасын, өздерін Түркістанның қасиетті топырағында жерлеуді өсиет еткен. Сол себептен, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің маңы, ондағы қорғалған төңіректе зерттеуді қажет ететін жәдігерлер өте көп. Ал Қожа Ахмет Ясауидің даңқы бәрімізге мәлім, он төртінші, он бесінші ғасырлардағы Орта Азиядан шыққан ғұламалардың бірі. Оның ілімі, тәлімі әлі күнге маңызын жойған жоқ, көптеген шәкірттері бар. Қазақстанды атажұрты санайтын түркиялықтар сол кесенеге келіп тәу етеді", – деді халық қалаулысы.
Депутат аймақтың туризмі соңғы кездері айрықша дамып жатқанын атап өтті. Туристердің саны былтырғымен салыстырғанда екі есе өскен. Осыдан бірнеше жыл бұрын ғана Түркістанға сапарлайтындар 800 мыңның айналасында еді. Ал қазір 2 миллионның үстінде деген деректер бар.
"Жалпы, Қазақстанда туризмді бұдан да өркендетеміз десек, әлі де жүйелі жұмыстарды атқару керек. Өйткені, бізде шетелдіктерге көрсетуге лайықты орындар өте көп. Солардың бірегейі – Түркістан. Онда діни, рухани, экономикалық бағытта ілкімді істерді қолға алуға болады. Ол үшін еуропалық стильдегі ғимараттарды салып қою аздық етеді. Ең алдымен, кесененің маңындағы, қорғау аумағындағы жәдігерлерді толықтай шығарып, зерттеу керек. Өйткені, халық та, туристер де он екінші ғасырдағы, одан бергі уақыттағы Яссы шаһарын көргісі келеді", – деді Әли Бектаев.
Оның пайымынша, туристердің дені тарихқа қызығады, шынайы тарихты көргісі келеді. Әйтпесе, демалу, сауда-саттық жасау қазіргі туристерге таңсық емес.