Құрманғали Дәркенов: Ашаршылық жылдары өз малын сойғандарды қудалап, жер аударды
Құрманғали Дәркенов: Ашаршылық жылдары өз малын сойғандарды қудалап, жер аударды
819
оқылды
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның құрылғанына екі жыл болды. Осы аралықта комиссия тарапынан қандай жұмыс атқарылды, табылған тың деректер жайында Астана қаласы бойынша комиссия мүшесі, тарих ғылымдарының кандидаты, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Құрманғали Дәркенов айтып берді.

 Тарихи оқиғаға жаңа тыныс ашқан жарлық

 – Құрманғали аға, қуғын-сүргін құрбандарын ақтау комиссияның мүшесі екенсіз. Бүгінге дейін қандай жұмыс атқарылды? – Ең әуелі ғылыми әрі ауқымды жоба Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласынан бастау алды. Осыған байланысты қуғын-сүргін құрбандарына қатысты мәселені жаңаша көзқараста қарастыра бастады. Соған орай 2020 жылдың 24 қарашасында Президенттің №456 жарлығымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды. Жалпы, бұған дейін 1921-22 жылдар мен одан кейін 1930-33 жылдардағы  ашаршылық пен қуғын-сүргінге байланысты тақырып ішінара айтылғанымен, толыққанды зерттелмеді. Сол себепті қуғын-сүргін құрбандарына қатысты материалдарды қайта көтеру және оларды ақтау мәселесі толыққанды қолға алынып, енді зерттеліп жатыр. Осыған байланысты Астана қаласында саяси науқанда байлардың дүние-мүлкі тәркіленіп, қуғын-сүргінге ұшырағандар, ашаршылық жылдарында билікке наразылық танытқаны үшін қудаланғандар, 1923-33 жылдарда зардап шеккендер, Халық жауы аталып, «Алжир», «Карлаг» секілді лагерьлерге түскендер, соғыс жылдарында депортацияланып, айдауға жіберілгендер секілді арнайы 10 топ құрылып, әрқайсысы өз бағытын зерттейді. – Ал сіздің топтарыңыз қайсысын қарайды. Қандай ұйымдармен бірлесіп жұмыс істеп жатырсыздар? – Қазақ байларының дүниесін тәркілеу және олардың жазықсыздан-жазықсыз қуғын-сүргінге ұшырауын зерттеп жатырмыз. Әсіресе, Ақмола өңіріне қатысты материалдарды іздестіру барысында ел ішіндегі аймақтардан Мәскеуге дейін іссапарға бардық. Сонымен қатар Астана қаласының әкімдігінің қолдауымен елорданың мемлекеттік архиві және Сейфуллин даңғылында орналасқан бұрынғы архивтің қорында біраз деректер табылды. Жақында саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтауға байланысты деректер мен құнды құжаттарды жинақтап, кітап шығарамыз. ашаршылық

Өз малын сойғаны үшін жазаға тартылған қарт

 Қуғын-сүргін құрбандарына байланысты қандай тың деректер таба алдыңыздар? – Мәселен, Ақмола қаласы Ақмола округі Ақмола еңбекпен түзеу колониясына түскен Телқожа Сауғабаев Қылмыстық кодекстің 61-бабы 3-тармағы бойынша сотталған. 65 жастағы қарияның ісі 1931 жылдың 23 шілдеде  басталып, 1932 жылдың 22 қаңтарына дейін қаралған. Ол жайында Астана қаласының мемлекеттік архивінде дене бітімі сипатталған мынандай  деректер табылған: «Оң қолының бес саусағынан таңба алынған. Бойы – 1,75 см, шашы – қара, түсе бастаған. Мұрны шағын, толық». Не болмаса бір әулеттен үш бірдей ағайынды жазаланған екен.  Мысалы, Темірбай, Әжібай және Айтбек есімді Рақымжановтар әулетінен үш ағайынды сотталып, басқа жаққа жер аудартқан. Сол кезде үйдің ең кенжесі Әжібай Рақымжанов бар-жоғы 21 жаста болыпты. Қорғалжын аудандық соты 1931 жылы 8 маусымда 61-баптың 3-тармағы және 79-бап бойынша оны бас бостандығынан айырған. Сөйтіп, екі жылға сотталып, бес жылға жер аударған. Қорғалжын ауданының екінші ауылында дүниеге келген жас жігіт ауқатты отбасынан шыққан. Өзі сауатты жігіт, партия қатарында болмаған. Қорғалжындағы Жер одағында жауапты хатшы қызметін атқарған. Жергілікті халықтың қолындағы малды алып, сойып, Совет үкіметіне өткізген. Сол кезде «мал сою қарқыны осылай болса, елде мал қалмайды» деген сөзі үшін жауапқа тартылған.   – Еліміздің өзге өңірінен Ақмолаға жіберілген тұтқындар да аз емес шығар? – Шынын айтсақ, ондай деректер де өте көп. Мәселен, архивтегі құжатта 1863 жылы туған Кәрібжан Сабдалинов деген тұтқын Семей облысы Бесқарағай округінің 13-ауылынан Ақмоладағы еңбекпен түзеу лагеріне түскені көрсетілген. Егер де оның ұрпағы бар болса, бұл мәліметтерді Астана қалалық архивінің 65-қорында бірінші тізбеде, 696 істің 10 байламынан көре алады. Ол өзі үлкен отбасының жалғыз асыраушысы екен. Ешқандай партияда жоқ, қарапайым адам. Сонда 68 жастағы қартты 61-баптың 3-тармағы, яғни мемлекеттің берген салығын орындаудан бас тартқаны және 58-баптың 10-тармағы антисоветтік үгіт-насихат жүргізу мен 79-баптың  өз малын сойып алғаны үшін соттап, ересек балаларын да лагерьге жіберілді. ашаршылық

Саяси қуғын-сүргін жылдары байлар өзге өңірлерге көшірілді

– Істің көбісі негізі осы үш бап бойынша тергелген секілді. Әр бапқа тереңірек тоқталып, түсіндіріп берсеңіз... – Қуғын-сүргін құрбандарының көпшілігі негізі 61-баптың 3-тармағы, 58-баптың 10 тармағы және 79-бап бойынша жауапқа тартылған. Тарқатып айтсам, 61-баптың 3-тармағы мал және астық салығын төлемегені үшін іс қозғалған. Бұл әрекетті кулак пен байлармен сөз байласқан тапсырманы орындамауы деп қабылдаған. Өз малын сойып, отбасына бергені үшін де жауапқа тартылған. Малды сойып алу немесе қасақаны жару деген 79-бапты ауыл шаруашылығын ұйымдастыруға нұқсан келтіру деп ұққан. Тіпті, өлімтік малды сойса да, мемлекеттің мүлкін пайдаланды деген айып тағылған. 58-баптың 10 тармағы Совет үкіметіне қарсы үгіт-насихат жүргізіп, оны құлатуға, оған нұқсан келтіргені үшін жауапқа тартқан. Негізі тәркілеуге байланысты көп нәрсені айтамыз, бірақ сол жылдары Қазақстан бойынша 145 мың мал тәркіленіп, 619 отбасы жер аударған. Өйткені 1928 жылдың 27 тамызында бай-шонжарлардың шаруашылығын тәркілеу туралы құжат қабылданды. Ал 13 қыркүйекте осы құжатқа қосымша ретінде тәркілеуге қарсылық көрсеткен үшін қылмыстық жауапқа тарту және ірі және жартылай ірі феодалдарды көшіру туралы қаулы шықты. Сөйтіп, қарсылық көрсеткендер жауапқа тартылды. Осы кезде байлардың мал-мүлкін тәркілеу үрдісі өздерінің кедей ағайын-туыстарын қарсы қою арқылы жүргізілген. Яғни, қазақ қоғамында бір халықты, бір ұлтты тапқа бөлу арқылы бір-біріне қарсы қойған. Артынан Қазақстанда орталық атқару комитетінің қаулысы бойынша ауқаттыларды ел ішінде наразылық тудыру мүмкін деген оймен Жетісу және Сырдария округтерінен Оралға, Оралдан Жетісуға, Гурьевтен Петропавлға, Қарқаралыдан Қостанайға, Қостанайдан Семейге, Семейден Сырдарияға, Павлодардан Ақтөбеге, Петропавлдан Ақтөбеге, Ақмоладан Гурьевке, Ақтөбеден Қарқаралыға және алыс-жақын шетелдерге жер аударды.

Қолындағы малынан айырылған халық аштықтан қырылды

Қазақстанда ең алапат ашаршылық 1931-33 жылдары болған. Сол аралықта қырылған адамдарды саяси қуғын-сүргін құрбандарының қатарына жатқызуға бола ма? Әлде оған қатысы жоқ мәселе ме? – Ел ішінде ондай пікірталастың жүріп жатқаны рас. Бірақ мамандардың басым көпшілігі, ашаршылықтан зардап шеккендер амалсыздан көшті деп есептейді. Сондықтан олар да – саяси қуғын-сүргіннің құрбандары. – Ендеше, қазақ жеріндегі ашаршылықта халықтың жаппай қырылуына не түрткі болды? – Бұл мәселе бір ғана сөзбен айтар дүние емес. Бұған кешенді түрде қарау керек. 1928 жылы желтоқсанда Орталық комитет Кеңес Одағының орталық қалаларындағы нанға карточка енгізу талабын қойды. Содан нанның жетіспеушілігі байқала бастады. Келесі жылы Кеңес Одағының бүкіл аумағындағы ірі қалалардың барлығында карточка енгізілді. Ал сол жылдың шілдесінде етке және басқа да азық-түлікті карточкамен алатын болды. Екіншіден, «Қазақстанда халықтың тұрмыстың жағдайы жақсы. Олардың қолында мал өте көп. Мәскеу қандай көлемде тапсырма берсе де орындауға дайын» деген Голощекин біздің елді ет дайындауда ең ірі аймағы деп тапты. Міне, барлық мәселе сол кезеңде басталды. Оның үстіне, Қазақстанда ет дайындауды жеделдету мақсатында 1931 жылдың қысында Халық комиссары Анастас Микоян Алматыға келіп, Сталинге «Қазақстанда есепке алынбаған көптеген мал басы бар. Олар ет дайындаудың жоспарын одан да көп өткізе алады» деген телеграмма жіберген. Сөйтіп,  елімізде мал сою пункттерін тез арада дайындай бастады. Артынан қыста малды сойып, қатырып, Ресейге жіберді. Сол аралықта ет тапсыру жоспары  қайта-қайта өзгеріп отырған. 1930-31 жылдары еліміз Кеңес Одағына 493 500 тонна  ет өткізген. Осы кезеңдегі ашаршылық тақырыбын зерттеген Сара Камерон сол ет мөлшерін 20 миллиондай мал деп теңесе, италиялық ғалым Никола Пиночели шамамен 25 миллиондай малдың басы деген. Архив құжаттарына сүйенген Ресей ғалымдарының мәліметі бойынша, 1931 жылы Мәскеу қаласы мен Мәскеу облысының жеген еті 53,9 пайызы,  Ленинград қаласы мен оның облысына жеткізілген еттің 43,3 пайызы Қазақстаннан әкелінген. Ал РФСР-дің  Мәскеу мен Ленинградтан басқа аймақтарына жеткізген еттің 57,5 пайызы Қазақстандыкі болған. Оның үстіне, малынан айырылған қазақтар ел ішінде жан-жаққа босып кетті.  width=

Оқушылар да Сталинге хат жазған

– Сол кезде халықтан астық салығы жинағаны рас па? – Елімізде астық дайындау жоспары ет дайындау жоспарымен қатар жүрді. Оған қоса, елдегі астық дайындау жопары жыл сайын өсіп отырған. Егіншілікпен айналыспайтын қазақ ауылдарының өзіне астық салығы салынды. Сөйтіп, жұрттың көбісі астықтың орнына мал өткізуге мәжбүр болған. Қазақтың қолындағы мал азаюының бірден-бір себебі – осы. Елден астықтың көлемін еселеп алған. Мысалы, еліміз 1929 жылы 37,8 миллион пұт астық өткізсе, 1930 жылы – 40,7 млн пұт, 1931 жылы – 44,4 млн пұт, 1932 жылы 45,3 миллион пұт астық алынған. Сонда 30-жылдан 5 миллион пұт астық артық жиналған. Сол аралықта Қазақстанға астық дайындауға Ресейдің өндірістік қалаларынан  коммунистер келеді. Халықтың қолындағы барын тартып алып отырған, астықты әкетіп отырған. Олар жергілікті халықпен санаспай, малын да, астығын да қалдырмай сыпырып алған.  Жоспарды орындамағаны үшін ауылдың белсенді әрі ықпалды адамдардың бәріне қылмыстық іс қозғалып, 66-баптың 3-тармағы бойынша  соттаған болатын. – Мұрағаттан қандай құнды деректер табылды? – Бұған дәлел мына бір деректер: «Біздің Победа колхозында жиналған бүкіл астық 166 центнер. Ал астық өткізу бойынша бізге жүктелген  жоспар 322 центнер. Берілген тапсырма жиналған астықтан, екі есе жоғары» деп Шыңғырлау ауданының оқушылары Сталинге хат жазған. Дәл осындай хаттар Қостанай облысы мен Батыс Қазақстаннан да келген. Тіпті, Обаған ауданынан Твердолобов деген азамат хат жазғаны үшін партияның саясатына қарсылық білдіріп, жергілікті халықты қарсы қойды деп қылмыстық іс қозғалған. 1932 жылы қаңтарда жазылған хатта былай делінген: «Елдегі астық мәселесін реттеу мақсатында мені арнайы Ресейдің өндірістік қаласынан жіберді. Өзім 1917 жылдан бастап партия қатарындамын, қарапайым жұмысшымын. Сталин атындағы коммуна 5700 центнер астық жинады. Соның 4700 центнерін  мемлекетке өткізуі тиіс. Отбасының көбінде күн көретіндей азық қалмады. Егер жағдай осылай болса, біз ертең халықты қырып аламыз».

Ашаршылықта қазақ зиялылары халыққа көмек берген

– Ашаршылықтан қырылған адамның нақты санын айта аласыз ба? – Сол жылдары ашаршылықтың болғанын, жаппай халық түгелімен қырылғаны жайында торғайлық ақын Күдері Жолдыбайдың жақынынан көмек сұрап жазған өлең жолдарынан көруге болады. – Қолымыз жетпей босқа өлдік, Бір тамшы сүт ағына Қойдан бетер қырылдық, Тигендей індет табына Елден топырақ бұйырмай, Кірмейтін жерге айналдың Қарғадай жерім мұң болды, Қазаққа ажал байланды. Қу терім қалды қаудырап, Сүйегім қалды саудырап Аштықтан басқа дертім жоқ, Талғысып тұрмын, маужырап Ашалмай жабық түндікті, Өлімге қазақ көндікті Кімнен келген қасірет Сұрайтын адам жоқ депті. Жүрмін қаңғып әр үйде, Таусылды тұзым фәниде. Өліктің иісі аңқиды, Бей-жай болып тұрмын бір күйде Бола ма мұндай тақырлық, Күнім бір туды бақырлық. Бір келі май бермесе Атарлығы жақындық, – деген өлеңнен-ақ ашаршылық еліміздің  бүкіл 13 округін жайлап, халықты қинап жіберген. Осы күнге дейін Қазақстан жерінде ашаршылықтан нақты қанша адам қырылғанын айта алмаймыз. Өйткені халық санына байланысты кейбір мәліметтер қайта-қайта өзгертілсе, енді бір құжаттар жойылып кеткен. Сондықтан ашаршылық мәселесін қайтадан тереңірек зерделеп, қарау керек. – Ашаршылық жылдарында қазақ зиялылары не істеді, қайда болды? –  1921-22 жылдардағы ашаршылық кезінде қазақ зиялылары бірігіп, ашаршылыққа ұшыраған Торғай еліне мал жинап берген. Жүсіпбек Аймауытовтың өзі Семейде мал жинаса, Әлихан Бөкейхан 8 мың ірі қара малдың басын әкелген. Бірақ ол кезде Голощекин партияның функционері еді. Себебі, ол Үкімет пен партия берген тапсырманы артығымен орындауға тырысты. Оның айтқанына көнбеген Смағұл Сәдуақасов Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Жүсіпбек Аймауытов секілді қазақ зиялылары қызметтен алынып, сотталып, елден қуылды. Бас көтерер жандарды елде қалдырмады. Қалса да олар дәрменсіз еді. Ал қалған билік басында қалған қазақ басшылары Голощекинге қарсылық бірдірмеді.

Ашаршылық – қолдан жасалған тауқымет

 – Ашаршылық тауқыметі қазақ халқын құрту мақсатында жайында шетелдік ғалымдар не дейді? – Шетелдік ғалымдардың зерттеуіне сүйенсек, сол кезеңде түркі тілдес халықтардың ішіндегі саны артқан және көзі ашық, оқыған жандар көбірек шыққан қазақтарды жоюдың бірден-бір мүмкіндігі болды дейді. Біріншіден, Ресей өзінің азық-түлік сұранысын қамтамасыз етсе, екіншіден қазақ халқының ықпалын бәсендетті. Міне, осындай әртүрлі деректер келтіріледі. Сонымен қатар, «Ашаршылық жылдарында ата-анасынан бөлініп қалған 6-8 жасқа дейінгі балалардың түгел дерлігі қырылды. Ал балалар үйіне жеткізілгендердің өзі өліп жатты» деген Тұрар Рысқұловтың Сталинге жазған хатына сүйенген мамандардың бір тобы 6-8 жастағы балалардың жартысынан астамы ашаршылықта өліп кеткенін мойындайды. Олардың айтуынша, сол кезеңде аман қалғаны 1941 жылы Ұлы Отан соғысына барып, қырылып қалды. Өйткені олар 18-19 жастағы жас балалар еді. Сондықтан ашаршылық пен қуғын-сүргіннің зардабы өте ауыр деп есептейді. Тіпті әлі де зерттеліп, зерделенетін дүние жетіп артылады. – Неге өз уақытында бұл зұлматты жылдар қазақ халқының тауқыметі ретінде жарияланбады? – Жоғарыда айтып кеткенімдей, 1930-31 жылдары еліміз Кеңес Одағына 493 500 тонна  ет өткізген. Сол кезде Украинаға 434 мың 800 тонна ет өткізу тапсырмасы берілген. Алайда олар «бізде халық көп қырылды. Оған Кеңес өкіметі кінәлі. Бұл – Кеңес үкіметінің халқымызға тигізген зардабы» деп, бүкіл Еуропалық одақта мәселе етіп көтерген. Тіпті, АҚШ-тың конгресі ашаршылықты қолдан жасау деп мойындады. Бізде осыны ешкім көтермеді. Еліміздегі ашаршылық кезінде көрші Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан, Қырғызстанда ондай проблема болған жоқ. Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстанның үшеуіне небәрі 66 мың тонна ет өткізу міндеттелген еді. Осыдан-ақ Кеңес өкіметінің қазақ халқын жоймақ болғанын байқауға болады. Бұл мәселе осыдан бірнеше жыл бұрын аздап айтылды. Кеңес Одағының бірден-бір мұрагері саналған Ресейдің Сыртқы істер министрлігі ашық түрде бұған қарсылық білдірді. Сондықтан бұл мәселе біздің тараптан көтерілмеді. Тек 1948 жылы 9 желтоқсанда геноцид туралы құжат қабылданды. Соның 2-бабында «қандай да бір ұлттық, этникалық, нәсілдік немесе діни топтардың толығымен немесе ішінара жою пиғылымен жасалған әрекет геноцид болып саналады» деп көрсетілген. Сондықтан бұл мәселе соңғы екі-үш жылдықта қарала бастады. – Әңгімеңізге рақмет!